Төлебиде мектептер жаңаруда

Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Төлеби ауданына арнайы іссапармен барды. Аудандағы бірқатар әлеуметтік нысанды аралап, құрылыс барысын бақылады.
Зертас ауылдық округі, Шомшақты елді мекенінде бой көтерген жаңа фельдшерлік-акушерлік пункті, Көксәйек бастауыш мектебінде жүргізіліп жатқан ағымдағы жөндеу жұмыстарымен танысты. Биыл дәл осы елді мекенде тағы бір ФАП құрылысы басталды.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының қолдауымен аймақтағы мектептер күрделі жөндеуден өтуде. Оған Төлеби ауданындағы мектептер де енгізілген. Бейсенбай Тәжібаев Қазақстан және Б.Биболатұлы атындағы жалпы орта мектептері, «Қостөбе» шағын жинақты жалпы орта мектебінде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеудің жұмыс сапасын қадағалады.
«Қостөбе» шағын жинақты жалпы орта мектебі күрделі жөндеуден өткізілуде. Бүгінгі таңда мердігер мекеме «Радуга–СН» ЖШС жобалық-сметалық құжатты негізге алып, жұмыстарды өндірістік кестеге сәйкес атқаруда. Қазіргі уақытта тиісті жұмыстардың 70 пайызы орындалды.
Ал, Б.Биболатұлы атындағы жалпы мектеп 500 оқушыға арналған. Бұл білім ұясын күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжат дайындалып, сараптаманың оң қорытындысы алынған. 2024 жылға 400 млн. теңге қаралды. Жұмыстар жыл соңына дейін аяқталуы тиіс.
Облыс әкімінің орынбасары ғимараттардың құрылысына жауапты мердігерлермен кездесіп, нысандар талапқа сай болуы және кестеден кешікпеу қажеттігін ескертті.
Сапар барысында Кеңесарық елді мекеніндегі «Балауса» балабақшасы мен Керегетас елді мекеніндегі балалар лагеріне табан тіреді. Жазғы сауықтыру лагерінде демалып жүрген балалар, оларға келген ата-аналармен тілдесіп, жай-күйінен хабар алды. Қазіргі таңда лагерьде 400 бала жазғы уақытын тиімді өткізіп, демалуда.
Пікір қалдырыңыз