Ол ақыл-ой азаттығын аңсады

Қос тілде қалам тербеген  ақын, жазушы, түркітанушы Сәрсенбек Сахабат көзі тірі болғанда биыл жетпіс жасын дүркіретіп тойлап жатар еді. «Түркілердің өткені мен бүгінін түгендеуші туындыгер» атанған қаламгер, өкінішке қарай, бес жыл бұрын келместің кемесіне мініп кете барды. Біз бүгін соңында сансыз зерттеулері мен жыр-жинақтарын, талай тәржімалық еңбектерін қалдырған С.Сахабаттың әдебиет әлеміндегі қайталанбас қолтаңбасы жайлы сөз қозғамақпыз.

Сәрсенбек Сахабат ақын, сыншы, аудармашы ғана емес, түркітану саласын зерттеген зерделі ғалым. «Түркітанушы жаза білетін жазушы яки публицист қана емес, тағдыр-тарихымызды, дінді, әдет-ғұрпымызды басқалармен салыстырып сараптама жасау үшін бірнеше тілді білуге тиіс. Нағыз филологиялық синтез. Түркітану – Ресей империясының түркі халықтарын өз отарына айналдыруға барын салған ғылымы. Айла-амалын да, ақшасын да аямағандар Шығыстануға жүһүт, Түркітануға татар мен неміс оқымыстыларын  тартты. Қазанда Ибраһим Хальфин, бізде Шоқан отандық түркітанудың негізін қалап, патшалық режимнің ғылым-білімімен күресті. Шоқанның орысша жазғанының себебі осында. Басты кедергі қазақ оқырманының бұған дайын еместігінде. Кешегі күні Шоқанды «Ауропаға терезе ашты» деп келдік. Мұнымен өз басым келіспеймін, Шоқан  Ресейге болмасын, сол арқылы Батысқа болмасын  «Азия терезесін» ашып кетті. Әлбетте, оның қызығын қолында билігі бар, ақшасы мен басқасы бар империя көрді» деп тұжырымдайды ол. 
Сәрсенбек Сахабаттың түркітануға қосқан үлесіне әдебиетші-ғалым  Р.Бердібай: «Түркі әлемі, Таным жағалаған ғалымдарды білуші ек. Ақындардың арасынан Сәрсенбек Сахабат осынау нәзіктікті нысанаға дөп алыпты. Дегдар, тым намысқой. Қайтер екен деп ақырын күттік. Шайырымыз алқына қоймапты. Керісінше, көптеу таңырқатты. Түркіге тым бойлап тіл ұстартқаннан көбіне түсіне де қоймадық. Қаріп қуалайды, жаңылтпаш па дедік. Сөйтсек, бұл да түркілік үрдіс, бүгінде ұмытылған дәстүр екен.
Түркіні әркім өзінше қабылдайды, өзіне икемдейді – өзгеге қимайды. Сахабат ешкіммен салғыласпайды. Қисын қуалап Шығыстың, Батыстың дәлел-дәйегін өз өресімен өлшеп таразылағаны әуесіңді келтіреді. Өгей өреге бағынбайды, өктемді басындырмайды. Түркіні тарының қауызына сыйдырған қараулыққа жан-тәнімен қарсыласқан пайым-парасаты бөлек. Поэтиканы ақылға бағындыру, ғылыммен ұштастыру елеңдетерлік еңбек. Көк Тәңірі көсегесін көгерте алмаған өгей өремен таласқа түскені де өнеге. Сахабаттың өлеңде өретіні де, этномәдени пайымдауларында пәлсапаның буына бөгетіні де – Көк Тәңірінің осынау танымы. 
Ересек естіге – ойлы оқырманға берері мол. Сондықтан оны оқитындар әсте өкінбесе керек. Тұран (Түркістан) – жақ тартқан жауынгер елдің садағын кезегеннен сағымда көрінгенді мүлт жібермейтін мерген ерлердің атақонысы. Түркістанның төл перзенті Сахабат та сағымға садағын ілген, сөз өнерінде жақ иген бір бейнеткеш. Төл атасын төбесіне көтерген кішіпейіл ұл» деп жоғары баға берген.
Ардақты ағасының оң бағасын алған Сәрсенбек Сахабат түркітанудағы орыс-қазақ араласынан туған сөздердің шығу тарихы туралы құнды зерттеулер жүргізіп, түркітану танымын толықтырған зерделі зерттеуші. Ол «Мешіт пен шіркеу түркілері» атты зерттеуінде: «Отаршылдық ілімі тюркологиядағы толғақты мәселенің бірі – Лев Гумилевтің «Шіркеу халықтары» теориясы мен оған қарадай еліктеп-солықтаған «Мешіт халықтары». Сондай-ақ, қашпаған қашардың уызы – Қазар қағанаты мен Ұйғыр қағанаты. Мұның ешбірі де Түркі бірлігіне қызмет ете алмайтын көкжасық жорамал. Русь версиясында Қазарға бүлік әкелген иудейлер. Оның ізін ала атышулы қанқұйлы Шыңғыс хан мен оның «моңғолдары» басып кірген. 
Шыңғыс қаған ешқандай да хан емес. Орысша ойланып-толғанатын тарихи көксауаттың басы осы. Өйткені, хан лауазымын тұңғыш ұлы Жошыдан бастап өзінен кейінгілер иеленген. Демек, қағанның лауазымын төмендетіп жерге ұру. Қасақана ма, білместікпен бе…
Қағанат – ерен елдіктің, діни бірегейліктің тәмсілі. Сондықтан өз басым аурорустік империяның баламасы дегенге келіспеймін. Қағанатқа бірнеше елдің бірігуі табиғи заңдылық. Империя да тап солай. Енді бұл екеуінің айырмасына жүгінсек империя өз айналасын христиан дініне күштейді, ал, қағанат жат діннің озбырлығынан азаттаған өз кеңістігінде басқа елдің дінімен, ана тілімен санасып, мәмілемен қатар өмір сүре береді һәм өз діні тәңіршілдікті ұстанады..» десе, ал, «Отаршыл  ағартушылығы» атты зерттеу еңбегінде орыс пен қазақ арасындағы алауыздық салдарынан туындаған атаулар мәселесін саралайды. 
«Шыңғыс лақабының дұрыс нұсқасы – Жеңіс, яғни Жеңімпаз қаған. Мұны қазақ білмегенімен Батыс Ауропаның ілкі қағантанушылары түгелімен біледі. Оларда «Дженгис». Қағанның теонимдік «ғ» қарпін қолданбайтын елдерде «каанға» айналуы айтыла беретін сингармонизм заңдылығы. Ата-анасының құлағына айқайлап қойған есімі – Темір. Темуцзинге айналғаны (қазақша Темүжін) «р» қарпінен құры алақан қытай сауатының құдіреті. Тему-цзинь – Темур царевич, по прозванию Киот (Н.Я.Бичурин). 
Міне, сізге көрінгеннің көксауаты мен жасық ақылына жетектескеннің пайдасы. Қытай «ж» қарпі орнына «чж» дифтонгын қолданады, «р» қарпін мүлдем білмейді. Одан орыс филологиясы сыпыра көшіреді, осылайша мағына алшақтығы туындайды. Ал, енді Шыңғыс қағанның тегі «түркі ме, моңғол ма?» деп жүргендер айтсыншы. Бұл араға қазақ атын тықпалаудың басы артық. Ол заманда жоқ, қолданысқа енбеген атауға қалай күштемексіз. Мәселе қазақтың Түркі, ал, түркінің Ғұн мұрагері, ғұмыржалғастығы екенінде. Түркітануды бүгінгі атымызға лайық Қазақтануға айналдырайық (Өзбекәлі Жәнібеков термині) деп жүргеніміздің себебі де осы» деп  Шыңғыс ханның ұлтын саудалай бастаған мына заманның бас қатырғыш сұрақтарына өз жауабын береді.
Түркітану ғылымы зерттеуде біржақтылықты қаламайтын сала. Бұған келгенде тарих, этнография, тіл білімі саласында керемет бай қазыналы біліміңіз болмаса, онда тындыратыныңыз мәз болмас. Сәрсенбек ағаның көне түркілердің мәдениеті мен пайда болу тарихына, өркендеуіне қызыққанын өткенін түгелдеуге ұмтылған ұлт перзентінің  қадамы деуге келеді. 
 «Мың адамның арасынан Сәрсенбек Сахабатты жазбай танып алуға болады дер едім. Қалыптасқан қолтаңбасы, өзіндік ой-өрісі бар. Қызықтыра біледі. Елдің бағына көп жасағыр бала! Өйткені, сөз таныған әмбебап әдебиетші. Оның әуесқойлардан ерекшелігі де осында. Әр сөйлемі жанын қинаған қырық қатпарлы ішкі ұйқас. Әркімді ойландырып қоятын мәнері, әрине, қиын. Алайда, жоғалтқанымызды табуға септесетін керекті сөз. Қарыс-қарыс қартасын аударып оқығанда Сырдың ызаға біткен қауынынан тоя жегендей шөл басар едіңіз» дейді жазушы Әдіһам  Шілтерханов. 
Сәрсенбек Сахабат «Ауразияны  кезген  елес» атты зерттеуінде: «Солай дін уағызшылары, саясаткерлер, ақындар, ғалымдар пайдаланып келген қыпшақ әдеби тілі жоғалып кетті дейсіз. Мұныңыз дұрыс. Тәңірге сенімі топтаған сауатты Түркінің тілі. Тарихи жадымызды қайтаратын алғашқы қадам осы дегеніңізде жылап жіберуге шақ қалам. Өйткені, осыны айтып елге сөзімді өткере алмай жүрген мұңлықтың бірімін. Алайда, Түркі дүниесінің кесірлі жаулығына өзін бас-көзсіз кінәлау тым шектен шығу. Бұған бізді сыртқы күштер итермелеп келген. Түркі тіліндегі оғыз, қыпшақ, моңғол (басқаларын көзден тізбей-ақ қоялық)  классификациясы кімнің әукесі? Ақыры Қыпшақ шындығына жең түрінген екенсіз, түбіне дейін ақтару керек еді» дейді. Сонымен қатар, көне мұралардың тілін зерттегенде әрі тарт, бері тартқа салмай, өзінің қалпында, мұртын бұзбай, мызғытпай зерттеу керек екенін, олардың қазіргі заман мамандарының өзіндік ой-эксперименттері үшін жазылмағанына ескертпе жасайды. 
Ал, «Ел мен жер» атты толғауында: «Ел сөзін бірде мемлекет (государство), бірде ру (племенной союз) деп аударып, орағаң мен өзағам емлесіне бағып иль, эль, ул деп әбден есін шығардық. Ерсі мүлдем, Б.Албани осыны дәл байқаған, орынды ескерткен. Ел ұғымына этнос, халық, мемлекетті бөліп-жармай тұтас сыйдыруды көздеген Б.Албани ойын дұрыс тұжырған. Егінші-отырықшыға еліктейміз деп киізтуырлықтының санасында су сапырып есеңгіреттік. Етектен  кесіп ала берді. 
* ел – Даланың даңғайыр ақылы, атадан балаға ауысып қанша мыңжылдық өтседағы айнымай  келе жатқан сөздік қоры.
* мемлекет (мамлакат) – арабтан Түркіге ауысқан ортағасырлық жәдігер.
* государство – Мәскеуге  ұстазы Ұрымнан жеткен діни әдістеме.  Византия – Божье царство  (Құдай патшалығы), Ресей – владение Господа  Бога (государство, дар господа – Құдай сыйы), Тәңірі (Көк) иелігі – Көк Түркі қағанаты. Алла иелігі – Бағдат халифаты!  
Елпілдеп үстімізге түспепті, жанымызды, ақыл-ойымызды түсінбепті: шамасы, «әр елдің салты басқа» деген сөздің ақылы бар екен. Ел болмаққа жалғыз жер емес, сол жерге ие боларлық ақыл-ой, ойдың тікелей көрінісі тіл мен дін, салт-дәстүрі керек. Ендеше ел туралы тамаша ой тарата алғанымен елдіктің үздік үлгісі қағанат туралы орыс-ойыққа түсіп кеткен қасаң қалтарыстарымен өз басым келісе алмаймын» деп тіліміз бен діліміздің сақталуы жолында халық алдында адал болуы керек екенін тиянақтайды. 
Қаламгер түркітанулық зерттеулерінде көбінесе ескілікті айта отырып, болашаққа бағдар береді. Әсіресе, өз туындыларында жаһанданудың қармағынан аман қалу үшін бүгінгі таңда қазаққа ақыл-ой азаттығы керек екендігін басты назарда ұстайды. «Қытай, Парсы, Балқан, Дунай, Киев, Руске сіңісіп қолды болған сөзіміз де, руларымыз да, пайым-парасатымыз да жетерлік. Қазығұртта қайырлаған Нұһ кемесінен, Наурыз тойынан бастап моңғолға айналған ноғайлыға дейінгі аралықта.
Қазақуар жалғыз жүзін, өз руын төбесіне көтеріп бүгінгі ақпатшалық-сәбеттік режим қалыптаған анатілдік сөз қорымен, тарихи танымымен өркениеттің өрісіне ілесе алмайды. Қалмақпен, қоқанмен қаржасып қалыптасқан ергежейлі ел нұсқасында қалып қоймақ. Қала берді Батысқа соқыр еліктесек жаңа қақпанға түсіп, тағы бір құрдымның құдығына құлаймыз. Қазақ үшін тағы бір алмағайып, жанталас заман басталып кетті. Қарқынды дамып, геосаясатта бедел алып келе жатқан елміз. Қарын тоя да бастады, алайда, осының бәрін қолымызда берік ұстап ілгері басу үшін ақыл-ой азаттығы керек» дейді Сәрсенбек Сахабат. 
Қазіргі таңда түркі тілдерін зерттеп, ежелгі атаулар арқылы тіліміздегі өзгерістерді саралауды өмірлік мақсатына айналдырған Сәрсенбек Сахабаттың шығармашылығы өзі шексіз сүйген елімен бірге жасай бермек.  

Зылиха ЖАНТАСОВА, 
филология ғылымдарының кандидаты, доцент,
Ж.Тәшенев университеті 
тілдер және әдебиет кафедрасының меңгерушісі.
Пікір қалдырыңыз