Рингте – Бекзаттың ізбасарлары

Түркістанда Сидней Олимпиадасының жеңімпазы, «Барыс» орденінің алғашқы иегері Бекзат Саттархановты еске алуға арналған бокстан жастар арасындағы XXII халық­аралық турнир мәреге жетті. Дүбірлі додада Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінен келген ерлер мен қыздардан құралған 200-ден астам спортшы 19 салмақ дәрежесінде сынға түсіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлердің есімін анықтады.

Жарыстың жабылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев ел спортындағы жарық жұлдыз – Бекзат Саттарханов туралы ой қозғап, чемпионның есімі мәңгі ел есінде қалатынын айтты. Сонымен бірге Бекзаттың анасы Сырлыкүл Саттарханова мен бокс ардагерлері де естеліктерін айтып, жарыс жүлдегерлері мен жеңімпаздарына құрмет көрсетті. 

Жарыс қорытындысына келер болсақ, еліміздің әр өңірі мен шет мемлекеттерден келген 15 команданың өкілдері апта бойы кім күштіні анықтады. Бейресми жалпыкомандалық есепте 13 медаль олжалаған Түркістан облысының өрендері бірінші орынға шықса, екінші орын Алматы қаласының боксшыларына бұйырды. Үшінші орынға Жамбыл облысының спортшылары көтерілді. Маңғыстау, Ақтөбе, Алматы облыстары да жақсы нәтиже көрсетті, сондай-ақ, Қырғызстан мен Өзбекстан боксшылары да Түркістаннан олжалы қайтты. 

Ринг қожайындарының нәтижесіне тоқталсақ, қыздар арасында бақ сынаған 54 келі салмақ дәрежесіндегі Лия Абдуллаева мен 75 келіде өнер көрсеткен Шұғыла Нәлібай барлық қарсыластарын тізе бүктіріп, алтын медальді олжалады. Ал, күміс жүлдеге қол жеткізген арулардың қатарында 54 келіде бақ сынаған Бағжан Отынбай, 60 келідегі Тоғжан Ыстыбай, 66 келіде өнер көрсеткен Мерей Серікқызы сынды талантты спортшылар бар. Сонымен қатар Мерей Тұрсынбек 57 келіде қола медальға ие болды.

Ал, ерлер арасында 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен түркістандық жас спортшы Ерәділ Ұзақбай ақтық сында өзбек боксшысын қапы қалдырып, турнир жеңімпазы атанды. Сонымен қатар, 63,5 келіде Ахмет Үсен де ринг төрінде атой салып, жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінді. Ал, 67 келіде сынға түскен Сұлтан Тұрдалы күміс жүлдеге қол жеткізді. Тартысқа толы өткен бокс бәсекесінде 80 келіде ел намысын қорғаған Қуаныш Жолдасбек пен 92 келіден жоғары салмақта жұдырықтасқан Мұхтархан Әріпхан қола жүлдегер атанды. 

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне белбеу, медаль және диплом табысталды. Дәстүрлі бокс бәсекесін Түркістан облысы әкімдігі, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, Әбдісалан Нұрмаханов атындағы спорт мектебі жоғары дәрежеде ұйымдастырғанын атап өткен жөн. 

Е.ҚОЖАХМЕТҰЛЫ.

Пікір қалдырыңыз