Жеңіл атлеттер 9 медаль жеңіп алды

Алматы қаласында жеңіл атлетикадан жасөспірімдер мен жастар арасында ел біріншілігі өтті. Жеңіл атлеттер сайысы өте тартысқа толы болды. Дүбірлі сында Түркістан облысының спортшылары 9 медаль еншіледі. 

20 жасқа дейінгі жастар арасында найза лақтырудан түркістандық спортшылар жарады. Бұл сында Нұрдәулет Маман мен Айгерім Манасбайға тең келер қарсылас болмады. Олар алтын медаль иеленіп, өз жанкүйерлеріне қуаныш сыйлады. Ал, 5000 метрге жүгіруде Ұлданай Абылхан алдына жан салмай, жеңіс тұғырынан көрінді.
Сонымен қатар 18 жасқа дейінгі атлеттер арасында найза лақтыруда Жігер Ербосын мен Ұлбосын Есіркеп алтыннан алқа тақса, Шадияр Құлатай күміс жүлдегер атанды.
Айта кетейік, 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы бәсекеде найза лақтырудан Шұғыла Тұрсынхан күміске қол жеткізсе, диск лақтырудан қола жүлдені қанағат етті. Сонымен қатар, найза лақтыруда тағы бір жерлесіміз Азамат Жаманбай күміс медаль иемденсе, Керімбек Рысдәулет қола жүлдегер атанды.
Өздерінің шеберліктерімен көзге түскен жерлестеріміз Нұрдәулет Маман мен Айгерім Манасбай осы айда Дубайда өтетін 20 жасқа дейінгі жастар арасындағы Азия біріншілігіне жолдама алды.
Пікір қалдырыңыз