Тілеуке сардар – қазақ халқының даңқты тұлғасы

Биыл елімізде Тілеуке батырдың 330 жылдық мерейтойы. Тілеуке Төбетұлы – 1694-1754 жылдар аралығында өмір сүрген батыр, қолбасшы, мемлекет қайраткері және тарихи тұлға. Тілеуке батыр тарихи деректерде Тілеуке, Тілеулі және Қарабатыр деп айтылып келеді. Алып денелі, қараторы, келбеті сұсты және қаһарлы көрінуіне байланысты «Қарабатыр» атанып кеткен.
Көнекөздерден жеткен әңгімелерге, атап айтқанда, 1894 жылы туған, 90 жастағы Қыпшақалы Әлімбайұлы деген қарияның айтқанына ден қойсақ, Тілеуке Шаян өзенінің жоғары жағында, Арыстанды өңірінде дүниеге келген. Тілеуке жас күнінде жолбарыспен алысып, оны өлтірген екен. Батырдың өмір сүрген кезеңі жаугершілік заман еді.

«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама»

Тілеукенің шын батырлығы қалмақ шапқыншылығы кезінде анық көрінеді. 1723 жылы қалмақ билеушісі Цеван Рабтан бастаған қалың қол Қаратау күнгейіндегі Ұлы жүз қазақтарына лап қояды. Тілеуке Сіргелі және Ысты руларының қолын бастап, Бабата, Құмкент, Саудакент қалаларын қорғауға аттанады. Бірақ, күші басым жаудан қазақтар ығып, жеңіліске ұшырайды да, ата қоныстан ауа көшеді. Осы бір сүргінді шақта қалмақтың қалың қолы оңтүстік тарапқа басып кіріп, Қаратаудан асады. Қалмақтардың қарулы қолы қорғануға шамасы келмеген бейбіт елді шауып-жаншып, үй-мүлкін тонап, малын айдап әкетеді. Тірі қалғандар атамекені мен мал-мүлкін тастап қашуға мәжбүр болады. Осы кезде Бөген, Шаян бойындағы Сіргелілер, Қаңлы, Шанышқылылар негізгі тұрағынан ауа көшіп, Өзбек жеріндегі Шыршық өзенінен ары асып кетеді.
Ертеректе өмір сүрген Сіргелі шежіресінің аса білгірі тоқсан жастағы Едігеұлы Ақылбек қарияның айтуынша, сол уақытта Тілеуке батыр Ташкент маңындағы жаудан ығысқан сіргелі, қоңырат, ысты, ошақты руларының басын қосып, қалмаққа қарсы қол жасақтапты. Тілеуке батырдың қару жасайтын ұсталық өнері де болған. Мұнда оған қаңлының Сырлыбай, Қараманас, Шанышқылының Бердіқожа батырлары өз қолдарымен келіп қосылады. Бұл уақытта қалмақтар Сайрам, Шыназ, Ташкент қалаларын басып алып, билік жүргізіп отырған. Кейіннен бұл өлкеден қалмақтарды қуып шығуға Тілеуке батыр көп еңбек сіңірген екен.
 
 Аңырақай шайқасы

1729 жылы болған Аңырақай шайқасы Аңырақай таулары, Ақсүйек сайы, Хантау шоқылары орналасқан жерден Алматы бағытында 200 шақырымға созылған кең далада өткен. Ол жерде «Үлкен Орда қонған», «Сұмқайтты» деген жерлер бар. Аңырақай шайқасына Әбілқайыр хан басшылық етті. Шайқастың сәтті басталуы қазақ жауынгерлерін жеңіске жігерлендіретіндігі күмәнсіз еді. Сөйтіп, олар жеңіп шықты. Рухтанған қазақ қолы өздерінің ерлігін, ержүректігін, тастүйін бірлігін таныта білді. Әбілқайыр ханның өзі мен оның серіктерінің ең жақсы қасиеттері осы шайқаста көрінді.
Аңырақай шайқасына үш жүздің де батырлары қатысқан. Солардың ішінде көзге түскен үлкен қолбасшылардан Бұқар жыраудың жырында: Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Тама Есет, Сіргелі қара Тілеуке, Қарақалпақ Құлашбек, Шапырашты Наурызбай және тағы басқа батырлардың есімдері аталған.

Абылай сұлтанның қорғаушы жасағының қолбасшысы

1740 жылы тамыз айының соңында Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтан Орта жүздің атынан ант беру үшін Ор бекінісіндегі патшалық Ресей империясының кездесуге арнайы жіберген адамдарымен жолығуға барады. Бұл мемлекетаралық үлкен оқиға еді. Дәл осы уақытта Қазақ хандығына Жоңғар хандығынан өте күшті қауіп төніп тұрған. 1739-1741 жылдар арасында үлкен шайқастар басталып кеткен. Ташкентте отырған Қалдан Церен үш түмен әскерін үш бағытта жорыққа аттандырған. Ертісті бойлап солтүстіктен – Септен ноян, Сырдарияның бойымен – Сары-Манжа ноян және Қаратау ішімен Арқаға Лама-Доржы әскері жол тартып еді. Осындай қиын жағдайда екі жақтан қыспаққа түсіп қалып, мемлекеттілікті жойып алмау үшін қазақ елінің басқарушы элитасы арыдан ойлап, байсалды және сарабдал саясат жүргізді.
Міне, осы жаугершілік заманда қазақ халқын басқарушы ел ағалары «Хан кеңесінде» алдағы жоспарды дұрыс құрған сияқты. Осы кезде елді сыртқы жаудан қорғайтын – Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Бердіқожа және тағы басқа қолбасшылар Жоңғар басқыншыларының жойқын жорықтарына қарсы күресте ересен ерліктің үлгісін көрсетті. Ал, мәмілегерлік келісімде Шақшақ Жәнібек  екі елдің басшыларын жолықтыруды реттеген. Бұл сапарда Әбілмәмбет ханның қорғаушы жасағын Нияз батыр бастап барса, Абылай сұлтанның қорғаушы жасағына Тілеуке батыр қолбасшылық еткен. Бұл кездесуге Ресей империясы тарапынан генерал-лейтенант В.Урусов өз нөкерлерімен келген. Олармен жолыққан кезде бейбіт келісім, екі ел арасында тұтқындар алмасу, керуендерді өткізу, көрші елмен татулық туралы келісім болып, Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтан ант берген. Қазақ делегациясын орыстар сән салтанатымен қарсы алып, олардың құрметіне бірнеше мәрте зеңбіректен оқ атқызған. Хан мен сұлтанға арнайы шатыр тігіп, мал сойдырып, құрметті қонақ ретінде күткен.  Кездесудің соңында геренрал-лейтенант В.Урусов өз қолынан Нияз батырға күмістелген қылыш, Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтанға, Жәнібек батыр мен Тілеуке батырларға бірдей темір сауыт сыйға берген. Бұл көрші мемлекет тарапынан үлкен сенім мен құрмет белгісі болатын.

Ташкент үшін тартыс

1739 жылы Ұлы жүз ханы Жолбарыс өлгеннен кейін Ташкенттегі билік 1749 жылға дейін толығымен Төле бидің қолына көшеді. Қазақ халқының Жетісу мен Сыр бойын өзінен қуатты жаудан біржола азат етуге әлі де даяр емес екендігін түсінген Төле би қалмақтармен күш жинап алғанға дейін бейбіт қатынаста болуға тырысып, олардың талап еткен салығын төлеп отырады, сондай ақ, қалмақ билеушілеріне өз ұлы Жоланды аманатқа жібереді. Жолан қалмақ ханы қолында екі мәрте, 14 жылға жуық уақыт болған.
1744-1745 жылдары Қойгелді батыр, ру басшылары Тоқсанбай, Мәлік, Кетендердің басшылығымен наразы халық Қалдан Цереннің Шымкент жанында орда тіккен өкілі Барша ханды, оның көмекшісі Саңғалды өлтіреді. Бұл жағдай қалмақ ханының Ұлы жүз қазақтарына жазалау мақсатында шабуыл жасау қаупін туғызды. Бірақ, қалмақ ханының көп ұзамай 1745 жылы қайтыс болуы, оның артын ала қалмақ хандығында басталған бұлғақ кезең бұл жоспарды іске асырмай тастады. Міне, осы аталған Ташкент қаласы үшін тартыста Төле би, Тілеуке батыр, Бердіқожа батыр және тағы басқа батырлар бірлесе күрескен.
Ташкент жерінде Төле би билік жүргізген кезеңде Тілеуке батыр елді ұйымдастырып қорған тұрғызғандығы туралы дерек те көнекөздерден жеткен. Ол қорған кезінде «Сіргелі қорғаны» деп аталған екен. 

Жетісу жеріндегі шайқастар

Жетісуды азат ету шайқасында қазақтар қанша көмек күтсе де патша әскері келмеді. Сондықтан Ұлы жүздің батырлары кеңесе  қимылдаған. Қалмақтар мен қазақ арасында шайқастар бұл уақытта Үшқоңыр, Алматы, Көкпек, Ойрантөбе, Қарқара, Жаркент және Сүмбе жерінде өткен.       
Райымбек батыр туралы деректер жинаған шежіреші Қабылбек Сауранбаев ақсақал кезінде батырлардың ұрпақтарынан 30 адаммен сөйлесіп, көнекөз қариялардан шайқастар туралы деректер жазып алған екен. Қолжазбаға назар аударсақ, бұл шайқасқа Ұлы жүзден 110 батыр қатысты деген факті келтіреді. Олардың қатарында Хангелді батыр, Қапай батыр, Сатай батыр, Бөлек батыр, Ырыскелді батыр, Аралбай батыр, Бердіқожа батыр, Ердес батыр, Тілеуке батыр, Барақ батыр, Бақай батыр, Биеке батыр, Райымбек батыр бар. Бұлардың арасында жүздік, елулік батыр, отыздық батырлар да болған.
Жетісудағы Райымбектің жорығына байланысты деректерге назар аударсақ, Түргенді Райымбек бастаған қол, Шелекті, Суықтоғайды Бақай батыр, шанышқылы Қожамберді батыр, Барақ батыр, Ердес батыр бастаған қол, Алматыны, Іле бойын Сатай батыр, Ырыскелді батыр, Өтеп батыр, Ақбас батыр, Тілеуке батыр бастаған қол жаудан тазартады. Қалмақ қолындағы қазақ тұтқындары босатылады.
Жалпы, қазақ халқына сыйға берілген бір тұтам да жер жоқ. Атажұртты қазақ батырлары өзара бірлігімен қорғап, елі мен жерін бізге аманаттап кетті. Осындай жаугершілік заманда өмір сүріп, бүкіл өмірі жаумен күресте өтіп, жан алысып, жан берісті, әйтеуір мына жерді, елді қорғап қалды. Сондықтан олардың рухына тағзым етіп, халықтың тарихи танымын нығайтып, ұлттық рухын көтеру үшін көп жұмыстар атқарыуымыз керек.

Қанат ЕҢСЕНОВ,
Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, 
тарих ғылымдарының кандидаты, 
қауымдастырылған профессор.
Пікір қалдырыңыз