Сұлтанбек салған соқпақ қазақ баспасөзінің әлі де бағдаршамы іспетті

Дәулет Тұрсынұлы,
«Оңтүстік Қазақстан».

1920 жылдың 14 қазаны. Түркістан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің жауапты хатшысы Нәзір Төреқұловтың төрағалығымен өткен сол күнгі мәжілісте Түркістан Коммунистік партиясы Орталық Комитеті мен Түркістан атқару комитетінің органы ретінде «Ақ жол» газетін шығару мәселесі қаралды. Жиынның қорытындысы бойынша газеттің жауапты редакторлығына Сұлтанбек Қожановты, жауапты хатшылыққа Міржақып Дулатовты тағайындау және газет қаржысы есебінен бет құрастырушы маман дайындайтын курс ашу туралы шешім қабылданды. 

Сұлтанбек Қожанов ол уақытта Түркістан Республикасының Халық ағарту комиссары болып қызмет атқаратын. Республика көлеміндегі қоғамдық-саяси істерге белсене араласып жүргендіктен, басшылық оған газет редакторлығын қоса атқаруды міндеттеді. Оның 1917-1918 жылдары Ташкентте қазақ зиялыларының астыртын үйірмесін ұйымдастырудағы еңбегі, кейіннен Түркістан Мұхтариятының ресми органы болған «Бірлік туы» газетіне жасаған редакторлық тәжірибесі «Ақ жолдың» жұмысын жолға қоюға көп септігін тигізді. 1913-1918 жылдары «Қазақ» газетін өрге сүйреген Міржақып Дулатовтың жауапты хатшы болып тағайындалуы да газеттің алдағы бағыт-бағдарын айқындай түсті. Бұл тұрғыда Нәзір Төреқұловтың газет басшылығына жасаған таңдауы ұлтқа қызмет етудегі ең бір ұтымды шешім болды. 
Газеттің 1920 жылы 7 желтоқсан күні жарық көрген алғашқы санында Орталық Комитет жанындағы қазақ-қырғыз бөлімінің басшысы Нәзір Төреқұлов, бөлім мүшелері Георгий Сафаров, Сұлтанбек Қожанов, Санжар Асфендияров «Еңбекшіл қазақ-қырғыз жұртына!» деген тақырыппен басылымның идеялық бағыт-бағдарын айқындайтын мақала жариялады. Мақалада «Газет туралы өткен кемшілігімізді еске түсіріп, келешек ісіміздің жемісті болуына иман келтіріп, мынау «Ақ жолды» алдарыңа тартып отырмыз. Көздеген мақсатқа адастырмай, тура бастайтын «Ақ жол» болғай!» деп оқырманға тілектерін арнады. Көрнекті баспасөз зерттеушісі Темірбек Қожекеевтің сөзімен айтсақ, алай-дүлей төңкеріс, аумалы-төкпелі заман, алмалы-салмалы үкімет, бүгін біреуі, ертең өзге дегендей кезеңдерді басынан өткізіп, жұрт не болғанын біле алмай жатқан, аштық, жоқтықтың қара бұлты түнеріп төнген тұста «Ақ жол» қазақ, қырғыз халқына, қара бұқараға жолбасшылық етемін деп шықты. Елді еңбекке, жаңа құрылысқа жұмылдырамын, оқу, білімге, мәдениетке үндеймін деп шықты. 
«Ақ жол» шын мәнінде сол уақыттағы алаштық идеяның жығылған туын қайта іліп әкеткендей болды. Себебі, газеттің төңірегіне топтасқан С.Қожанов, С.Оспанов, Н.Төреқұлов, 
С.Асфендияров, М.Дулатов, И.Тоқтыбаев, Қ.Күлетов, М.Қайыпназарұлы, С.Сәдуақасов, Ж.Арыстанов, Ө.Тұрманжанов сияқты азаматтар алаштық идеяның туын көтерген ұлттық элитаның көрнекті өкілдері болатын. Қазақы рухты бойларына сіңірген, ұлттық құндылықтарды бәрінен жоғары қойған осындай ұлтжанды азаматтар газеттің саяси-идеялық мазмұнын айқындай түсті. 
Олар газеттің алғашқы санында жарияланған оқырманға арнау сөзінде: «Газеттің төрт аяғы тең болуы үшін басқа қызметтерде, әртүрлі салада қызмет істеп жүрген білімді азаматтар атсалысу керек. Мәселен, мұғалімдер, докторлар, фельдшерлер, агрономдар, инженерлер үшін де газетке үнемі болмаса да анда-санда жазып тұрулары керек. Елге жайлы, жайсыз не жұмыстар болып жатыр, жәбір-қиянаттары қандайлық, бәрін газет жүзіне шығару керек. Біреуге жала жаппай, нағыз шынды жазудан тайсалмау керек. Қысқасы, газет жұмысын ілгері бастыру үшін озық ойлы азаматтарымызды жәрдемге шақырамыз» деп ұлт зиялыларына үндеу жасады. Өз кезегінде Ахмет Байтұрсынов, Ғазымбек Бірімжанов, Халел Досмұхамедов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Қошке Кемеңгерұлы, Мұхтар Әуезов, Қалжан және Әуелбек Қоңыратбаевтар, Бейсенбай Кенжебаев, Телжан Шонанұлы, Біләл Сүлеев, Есім Байғасқин, Жүсіпбек Арыстанов сияқты көптеген азаматтардың тұрақты автор ретінде араласуы да газеттің ұлттық бағыттағы ұстанымын нықтай түсті. Олардың газет бетінде көтерген мәселелері, ұлттық идеялары Түркістандағы қалың бұқараға жол тартып, қолдау тауып жатты. Осылайша, «Ақ жол» газеті халық алдындағы борышын адал орындаған, ұлттың  рухын көтерген басылымдардың бірі болды.
«Ақ жолды» тереңірек зерттеп жүрген тарихшы Хазіретәлі Тұрсынның жазуынша, Сұлтанбек Қожанұлы басылым басшысы ретінде көбіне кадр таңдау және қаражат табу мәселелерімен шұғылданған. Бұл оның газет шығару ісінен шет қалғанын білдірмейді. Қайта қос тізгінді қатар ұстап, негізгі мемлекеттік қызметін қазақ баспасөзімен тығыз қабыстыра білді. Әрине, кадр жағынан толығып, қаражат жайы түгелденген басылымның саяси-идеялық бағыты газет құрылтайшыларына ұнай қойған жоқ. Оның жұмысына Орталық Комитет тарапынан көп кедергілер жасалды. Тіпті, газеттің «Ақ жол» атануының өзінен саяси астар іздеушілер аз болмады. Осыған орай Сұлтанбек Қожанов «Ақ жол» біздің ақ батамыз, ақ жүрегіміз, ақ көңіліміз екенін қазақ-қырғыз жұрты ақылымен біліп, жүрегімен сезеді» деп жазды.  
Түркістан Орталық Атқару Комитетінің төрағасы Айтақовтың «Ақ жолдың» шыға бастағанына үш жыл толуына орай жолдаған құттықтау хатын оқып отырып, газеттің бағыт-бағдары халықтың талап-тілегімен астасып жатқанын аңғаруға болады. Онда: «Күншығыстың кеудесі толассыз күдікке толы, социалистік революцияның нәтижесін ол батыстан, яғни өнеркәсіп пролетариаты бар елдерден күтеді. Күншығыс халықтарын Батысқа үлгі бола алатындығына сендірерліктей құдырет жер бетінде жоқ. Егер Күншығыс халықтары әлемдік империализмнің биігінен безе қашып, Жетісу қазағы кулактан қайтарылған жерлерді қоныстанудан қорықса, онда олардың көңілдеріндегі күмәнді сейілтіп, сенімдеріне кіру үшін көп тер төгуге тура келетіндігі даусыз.
Міне, осы қараңғылық пен қауіпшілікке қарсы әйтеуір біреу күресіп, қазақ-қырғызға өте түсінікті тілде Кеңес үкіметі оларға қандай қамқорлық жасап отырғандығы туралы айту керек еді. Оларға отаршылықтың және Ферғанадағы, тіпті одан берідегі бастамашылықтың мәнін түсіндіру қажет. Ұлт мәселесінің Кеңес өкіметінде және Батыста қалай шешіліп отырғандығы жайында да оларға ұғындыру міндет. Қазақ-қырғыз үшін газеттің маңызы ерекше. Газет оларға түсінікті және жақын болуымен бірге анықтамалыққа, ал, редакция анықтама бюросына айналды. Редакцияға арыз-шағымдар да түсіп, олар тиесілі мекемелерге жіберіліп отырады. Сол кездегі басқа басылымдардағы секілді, «Ақ жолдың» да ішкі хабарлары, сыртқы хабарлары және ресми деп аталатын бөлімдері болған. Газеттің кескін-келбетін айшықтап, көзқарасын айқындайтын дүниелер «Қазақстанда», «Елден», «Ашыққандар үшін», «Жастар арасында», «Әйел теңдігі» атты айдарлардың аясында түрлі тақырыпта жарияланып тұрған. «Ақ жол» отаршылықтың барлық көріністеріне қарсы күресіп, қазақ-қырғыз кедейлерінің тұрмыс-тіршілігі мен мұң-мұқтажын жан-жақты қамтып келеді» деп, «Ақ жолдың» қоғамдағы орнын жоғары бағалап, ұстанған бағытына қолдауын білдіреді. Дегенмен, И.Сталин 1925 жылы Қазақ өлкелік комитетіне жолдаған «Қазақ баспасөзі туралы» хатында «Ақ жол» мен М.Шоқай арасында идеялық бірліктің байқалатындығын жазып, партияда жоқ интеллигенция өкілдерін коммунистік басылымға жолатпауды талап етті. Сталиннің хаты қазақтың оқыған-тоқығандарын қуғындауға жол ашып, «Ақ жол» сияқты қазақтың жоғын жоқтаған ұлттық басылымдарға үлкен соққы болып тиді. 
Көрнекті жазушы Сәбит Мұқановтың жазуынша, Сұлтанбек Қожанұлы газетке редакторлық жасаған тұста екінің бірі тәуекел ете бермейтін тірліктер жасаған. Арқалы ақын Мағжан Жұмабаевтың Қазақстанда бастыра алмаған өлеңдерін Ташкентте газетке бастырып, өзі оған кіріспе сөз жазып, Мағжанның атын күллі Түркістан өңіріне әйгілесе, Ахмет Байтұрсынұлының 50 жылдығын Ташкентте өткізіп, «Ақ жолда» ол жайлы мақалалар бастырады. Өзі Түркістан Республикасын басқарып тұрған тұста «Алашорда» партиясының Халел Досмұхамедов, Хайретден Болғамбаев, Мырзағазы Есполов, Жүсіпбек Аймауытов сияқты белсенділері Ташкенттен пана тауып, олардың сол уақыттағы жүйеге қарсы жазылған мақалалары «Ақ жол» газетінде тұрақты түрде жарияланып тұрады. 
Тарихшы Хазіретәлі Тұрсынның айтуынша, «Ақ жол» газетінің таралуы негізінен Түркістан Республикасын қамтыған деп айтылғанымен, ол сол кезеңдерде бүкіл Қазақ Автономиялы Республикасының барлық өңіріне тараған.
– Тіпті, оның астыртын жолдармен шетелге де таралғанын М.Шоқайдың еңбектерінен білеміз. Республикалық басшылық бекіткен 12 мың тираж сол кезең үшін аз емес еді. Дегенмен, сұранысқа сай газет тиражы үнемі өсіп отырған. Қаржылық, техникалық, ұйымдық себептерге байланысты газет тиражының құлдыраған кездері де болды. Соған қарамастан демократиялық мазмұнда жарық көрген сол уақыттағы санаулы ғана ұлттық басылымдардың бірі болды. Газет Түркістан өңіріндегі қоғамдық-саяси процестерді жіті қадағалап, іске асырылып жатқан реформалық өзгерістерді халыққа кеңінен насихаттап отырды. Сонымен қатар газетте көтерілген мәселелер биліктің назарына ұсынылып, газет авторларының мақалалары қоғамдық пікір қалыптастырды. Кеңес заманында осындай ауқымды мұраны игеру үшін зерттеушілер тарапынан газетке қатысты нақты деректерді тауып, оны ғылыми айналымға енгізу мүмкін болмады. Бұл жұмыс тек еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана қолға алынды. «Ақ жолда» жарияланған материалдар ақын, халықаралық Алаш сыйлығының иегері Ханбибі Есенқарақызының құрастыруымен транскрипцияланып, 25 том болып жарық көрді. Бұл «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында атқарылған аса маңызды еңбек болды, – дейді тарихшы ғалым.
Биыл «Ақ жолдың» алғашқы редакторы, ұлт қайраткері Сұлтанбек Қожановтың туғанына 130 жыл, ал, осы «Ақ жолдың» ізбасары іспетті «Оңтүстік Қазақстан» газетінің шыға бастағанына 100 толып отыр. 1894 жылы қазіргі Түркістан облысы, Созақ ауданына қарасты Ақсүмбе ауылында кедей отбасында дүниеге келіп, ұлт қайраткері дәрежесіне көтерілген арда азаматтың бүкіл саналы ғұмыры желдің өтінде, жардың шетінде өтті. Бірақ, бір анығы, ол лауазымды қызметте де, газет редакторы ретінде де ұлт мүддесі үшін аянбай қызмет етті. Осы тұста мына мәселеге баса назар аудара кеткен жөн. 1924 жылдың соңына қарай партия мен үкімет тарапынан бұрынғы Түркістан Республикасы ұлттық тұрғыдан қайта ұйымдастырылғаны белгілі. Оның құрамындағы Сырдария және Жетісу губерниялары Қазақ АССР-іне қосылып, Ташкентте шығып тұрған басылымдар түгелдей Қазақстанға көшірілді. «Ақ жол» да Шымкентке қоныс аударып, Қазақстан Өлкелік Комитетінің Түркістан облысы жөніндегі ұйымдастыру бюросының органы ретінде шығарыла бастады. Көптеген зерттеушілер бүгінгі «Оңтүстік Қазақстан» газетінің тарихын «Ақ жол» газетінің Шымкентке көшіріліп, жергілікті партия органының үні ретінде шығарылған күннен бастайды. Бұл мәселе, біздіңше, әлі де зерттей түсуді қажет етеді. Егер «Оңтүстік Қазақстан» газетінің тарихын дәл осы «Ақ жолдан» бастасақ, біз оны шын мәнінде жарық көрген кезеңінен, яғни 1920 жылы 7 желтоқсаннан бастауымыз керек. Бұл – тарихи әділеттілікті қалпына келтіру алдағы күндердің еншісіндегі дүние. 
Пікір қалдырыңыз