Оңтүстікті ойраннан сақтап қалған Бөкей батыр туралы не білеміз?

Ұлттық тарихымызда архив деректерінің тапшылығына байланысты үлкен ерлік жасаса да есімдері аңыздар мен әфсаналарда ғана қалған тұлғалар көп. Біздің бүгінгі әңгімеміз қазақ даласының оңтүстік өңірін жоңғар шапқыншылығынан қорғауда теңдессіз ерлік көрсеткен Ұлы жүздің ішінде дулаттан шыққан қолбасшы Бөкей батыр туралы болмақ. Бөкей батыр қазақ-жоңғар соғысында дулат әскерінің қолбасшысы болған кісі.
Қазақ тарихында «Бөкей» атымен қалған бірнеше көрнекті тұлға бар. Әлбетте, ол тізімнің басында Батыс Қазақстанда әйгілі Бөкей ордасын құрып, қалыптастырған Бөкей сұлтан тұрмақ.
Бөкей есімімен белгілі екінші танымал тұлға дулаттан шыққан осы Бөкей батыр. Салауатты сана Қазақстанның оңтүстігіндегі барша ономастикалық, топонимикалық атауларды осы даңқты батырдың есімімен байланыстырады.
Ташкенттің кеңестік дәуірге дейінгі тарихында онда өзбектен гөрі қазақ этносының ізі басым. Оны бәрі біледі, бәрі мойындап та қойған.
Бөкей бабаның жауынгерлік, қолбасшылық жолының бір парасы бүгінде Өзбекстанға өтіп кеткен кезінде Ұлы жүз  жайлаған өңірге тікелей байланысты.
Мәселен, қазіргі таңда Шыршық өзені маңында жергілікті халық әлі күнге дейін «Бөкей бекінісі» деп атайтын көне қамалдың қирандысы сақталған. Ол аз десеңіз өзбек жерінде Бөкей деген аудан да бар көрінеді.
Әлбетте, тағдыр қазаққа архив емес, ұрпақтан-ұрпаққа қасиетті мұра болып жеткен ауызша фольклор берді. 
Әруағын қадірлеген халық ауызша әфсаналар арқылы жеткен тарихты шынайы қалпында баяндауды қатты қадағалады. Ел арасындағы әңгіме-баяндар сол бекіністі де,  ауданды да Бөкей бабаның даңқты тұлғасына телиді.
Дегенмен, сиқымнан шыққан дарынды қолбасшы туралы біздің заманға жеткен жазба деректер де баршылық. Мәселен, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясында Абылай ханның қолбасшылары арасында «шау тартқанына қарамастан әлі де күш-қайратынан айырылмаған Бөгенбай батыр мен керей Жабай батырдың, қыпшақ батырлары Дербісал мен Маңдайдың, дулат Бөкей батырдың отырғанын» жазады.
Осы трилогияда Бөкей бабаның қандай деңгейдегі қолбасы болғанын дәлелдейтін тағы бір дерек бар. «Дулат руынан жаушы келіп, Абылайға дулат руының Бөкей мен Садыр батырлар бастаған бес мың (!) сарбаздың көмекке келе жатқанын жеткізді» деп жазады Ілияс Есенберлин. 
Бөкейді айт сағыр менен дулаттағы,
Дербісәлі, Маңдайды айт 
қыпшақтағы.
Өзге батыр қайтса да бір қайтпайтын,
Сары менен Баянды айт уақтағы, –
деп жырлайды Тәтіқара жырау Бөкей баба туралы.
Қаратаудың ең заңғар ұшары үш ғасырдан бері «Бөкей тауы» деп аталады. Оның бір бөлігі қазіргі Түркістан облысының аймағында. Таудың  қос қапталында Ташкентке қарай созылатын екі ұзын жолы бар.
Шамамен 1758-1760 жылдары Қоқан ханы Әлім көп әскермен Ұлы жүз қазақтарының жеріне басып кіреді. Атақты Абылай хан басқыншыларға қарсы күресті басқарды. Ханның жанында оның қандыкөйлек серіктері – дулаттың бес мыңдық қолына басшылық жасаған белгілі батырлар жас Бөкей Сұлтанұлы мен қарт Шағыр Әлібекұлы да болды. Қоқандықтар жеңіліп, бітімге келеді.
1756 жылы дулаттар Шыршық, Қарасу бойынан  атамекенге – Шуға көшіп, түпкілікті орнығады. Бұған төмендегідей географиялық атаулар дәлел: Дөрмен жайлауы (Дөрмен батырдың атымен аталған), Аламан жайлауы (Аламан батыр), Боқбасар тауы (Боқбасар батыр), Боқсары тау (бұл тау Төлебай батырдың немесе Сүйрік батырдың есімімен байланысты болса керек).
Дулаттарды жоңғарлар шабады. Тез есін жиған ел әскер жинап, оны басқаруды бұрыннан белгілі ержүрек те ақылды батыр Дөрмен Шағырұлына тапсырады. Оған Аламан батыр; Боқбасар батыр, Төлебай батыр, Сүйрік батыр, Бөкей батыр және басқалар көмектеседі. Осылайша дулат жеке ірі әскери күш ретінде алғашқы рет ұрысқа қатысады.
Жалпы Бөкей батыр бастаған дулат әскерінің алты Алаштың тәуелсіздігі жолында көрсеткен ерліктері туралы халық арасында әңгіме көп. Әсіресе, дулат қолының жоңғармен соғыстағы ерлігі туралы жиі айтылады.
Қаратаудың ең биік сілемінің Бөкей тауы аталуы да тегін емес. Бұл жерде батыр бастаған дулат қолы қазақ-жоңғар соғысының ең жарқын беттерінің бірі саналатын айтулы оқиға өткен.
Қаратау сілемдерінде қазір Бөкей тауы деп аталатын жерден оңтүстікке қарай өтетін бес-сегіз шақырымдық асулы жол бар. Қазақ даласына соғыспен келген жоңғардың қалың әскерін Бөкей бастаған дулаттың бес мың қолы осы дәлізден өткізбей шөл даламен жүруге мәжбүр еткен.
Дулат әскерінің, оның дарынды қолбасшысы Бөкей батырдың осы ерлігінің арқасында шөл даламен оңтүстікке аттанбақ болған жау әскері шөлге ұшырайды. Әбден әлсіреген жоңғар әскерін Бөкей батырдың  қосыны қырып салады. Біздіңше, Қаратаудың ең биік заңғарына әйгілі қолбасшының атының берілу себебі осында.
Қазақ тарихында ерекше орны бар Дулат Бөкей батыр туралы жазба деректер тапшы. Дегенмен, батырға қатысты ұрпақтары тірнектеп жинаған біраз дерек бар. 
Кейбір дерек көздеріне, хронология заңдылықтарына сай өлшемдерге қарағанда сиқым Бөкей батыр 1708-1713 жылдар аралығында Қаратаудың таулы аймақтарында өмірге келген. Ерекше қайратты кісі болған көрінеді. Ел арасында батырдың жекпе-жектері, ондағы тамаша жеңістері, ерекше қауқары туралы әңгіме-әфсана көп. 
Дулаттың Мақат ата есімді бір қариясы жас күнінде Бөкей батырдың қолғабын көргенін айтады. Қолғап анау-мынау бала сыйып кететіндей айрықша үлкен екен. Соған қарағанда Бөкей батыр аса ірі адам болған деп тұжырымдауға да болады.
Қолда бар дерек көздеріне қарағанда Бөкей батыр өз әскерімен Цин және Қоқан басқыншыларына қарсы табанды күрес жүргізген. Ол туралы қазір қолда бары ауызекі әңгімелер ғана. Алайда, кейбір дерек көздеріне қарағанда Өзбекстан мұражайларында, мұрағатханаларында Дулат Бөкейдің қоқандықтарға қарсы шайқасы туралы деректер болуы әбден мүмкін. 
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, өткен тарихтан қазақ болмысында аты мен ізі қалған, ел-жұрты ардақтап Қаратаудың ең биік сілеміне атын берген қолбасшы Бөкей батыр ерлігі, әлбетте, ел есінде сақталуға лайықты дер едік. 
Ерлігімен ел тарихында қалған батыр баба сүйегі Түркістан қаласындағы Ахмет Ясауи кесенесіне қойылған.

Өмірзақ МҰҚАЙ, 
жазушы-журналист, 
ҚР мәдениет қайраткері.
Пікір қалдырыңыз