Соғысқа төрт рет өзі сұранып барған қазақ

Созақ өңіріндегі туысқандарымыздың қазақы болмысы өте мықты. Олар ынтымақты, қайсар, талапшыл, ширақ, елгезек, ізденімпаз келеді. Бұрыннан ойлаған, көзім жеткен бір шуақты да нұрлы шындық еді бұл. Ал, бүгін жарықтық Мұқаңның, Мұхтар Әуезовтің осы аймаққа ерекше назар аударғаны есіме түсіп, ойға кеттім. Мұқаңның «Шаянға барсаң әншімін деме, Созаққа барсаң күйшімін деме» деген ұлағатты сөзі бекерден-бекер нақылға айналған жоқ-ау. Біз бүгін Ұлы Мұқаң айрықша назар аударған осынау Созақ аймағының ауасын жұтып, жусанына жүзін жуып өскен бір жасампаз қазақ Смағұл Есенсарыұлы жайында сыр толғамақпыз. 

Смағұл ағамыздың өзіне жолығып, сұхбаттасудың ешбір сәті түспеді. Екінші дүниежүзілік соғысқа төрт рет өзі сұранып барған тағдырға ерекше қызықтым да, сол жасампаздың өзімен сырласуға ынтық болдым. Алматыға келгенде, құдалық, басқа да жайлардан қолы тимей қалады үлкен кісінің. Мен Созаққа барып, сонда жолықпаққа бекіндім. Сөйтіп жүргенде, Смағұл ағамыз шын дүниесіне аттанып жүре берді. Сонда баласы Ғалымға «ақыры үлгермедік, ә!» деп қатты өкіндім. Көп нәрседен ылғи да кеш қалып жүретін әдетіміз баяғы. Ғалымның өзі де әкесінен біраз жайға қаныққан ғой. Әйтсе де, мен басқа адаммын, балаларына айта алмайтын небір сырлары болды ғой, солар түгел ішінде кетті-ау! Ал, ол сырлар – біздің халқымыздың бұралаң жолдағы тарихы ғой. Осы тарихты Смағұл ағамыз ана дүниеге өзімен бірге ала кетті. Оған Ғалым екеуміз айыптымыз. Содан Ғалымның өзімен сұхбаттасу арқылы біраз жайға қаныққандай болдық. Өмірбаян деректеріне ден қойдық. Ғалымның әке жайында иін қандырып жасаған радиохабарын тыңдадым. Сөйтіп, әкелер әлемін жүрегіме 
ұялаттым-ау.
Смағұлдың әкесі Есенсары арабша оқыған адам. Төте жазумен жұртты оқытып, заманында айтысқа да түскен. Бұл дүниенің сырына көп бойлаған ойшыл қазақ еді. Білімдар, мұсылманша сауатты, ұлттық салтымыздың жоралғыларына да, шариғат жосықтарына да жүйрік болатын. Ақ пен қызылдың шарпысуы, аштық, тәркілеу, қуғын-сүргін, асыра сілтеу, сәт сайын құбылған саясаттар мен мүдделер арпалысы – осындай тым алмағайып, қилы кезеңдерде «өгіз де өлмейтін, арба да сынбайтын» жолды ұстанып, қандай тірліктің де қиюын таба білген майталман. Қаншама молдалары бар өңірде атақты Шойынбет би өзінің жаназасын шығаруды басқаға емес, тек осы Есенсарыға аманаттауы – имандылығына да, тазалығына да, сауаттылығына да сенгеннен еді ғой. Осындай әкенің тәрбиесін көріп, шыңдалған Смағұл діліне берік, адалдық пен әділетті жүрегінің ділі етіп ұстанған қазақ еді. 
Бір әулеттен үш бала бірдей екінші дүниежүзілік соғысқа араласқан. Үшеуі де небір аламан-тасырды, қаншама қиямет-қайымды бастан кешірді. Шынында да осы әулетті Құдай сақтап, үшеуі де соғыстан тірі оралды. Ысқақ пен Смағұл ауыр жараланып, небір қатерлі сәтті бастан өткерді. Құттықтаушы ағайынның да, бұлардың да көңіліне демеу болғаны – сол перзенттерінің тірі оралуы. «Сондай да күндер өтті ғой!...» деп күрсінеді екен Есенсары ақсақал. Біздің бауыр-жұртымыз нендей туқыметті бастан кешпеді. Күллі қазақтың басына түскен ауыртпалықтар осындай еді ғой. Бұл әулеттің тағдыры – өзіміздің бауыр-жұртымызға тән тарих. Сынып кетпей, біржола жүнжіп кетпей, құрып кетпей, өзін-өзі сақтады. Соған шүкір дейміз.
Есенсарының ағасы Жаңабай, оның ақ некелі жары – Тотай. Олардан Нәлкен туады. Тотайды балалар жағы әже десе, кейуана «мені әже демеңдер, апа деңдер» дейді ғой. Сол екі арада жас келін Сәндігүл «онда мені әже деңдер» дейді. Кеше жүзге толып өмірден өткен Сәндігүл жастайынан әже атанды. Жаңабай дүниеден өткен соң, Тотайды әмеңгерлік жолмен Есенсары алады да, одан Ысқақ пен Смағұл туады. 
Сол уақытта комсомол қатарына ертерек еніп, қауым ісіне білек сыбана аралассаң, бұл-дағы бір оңды іс-әрекет еді. Сол алға ұмтылыстың, игілікті іс-әрекеттің ортасына ұмсынып тұратын табиғаттың жетелеуі ғой оны комсомолға ертерек өту үшін жасын қосқызып жаздырғаны да. Дүние есігін ашқан уақыты 1924 жыл болатын. Оны 1923 жыл деп жаздырады ғой. Соғыс бастала салысымен комсомолдар жиналып, өз еріктерімен майданға аттанады. Смағұл ағамызды Алматыдағы офицерлер даярлайтын училищеге алады. Ойы – майданға бару. Бірақ, дәрігерлердің арнайы комиссиясы тісіне қарап шын жасының он алтыда ғана екенін біліп қойып, қайтарып жібереді. Ақыры не керек, ұзамай, тағы да өзі сұранады майданға. Сөйтіп, Чкалов қаласының түбіндегі Тотский стансасына түсіп, ондағы мергендер даярлайтын училищеге қабылданады. Үш айлық дайындықтан соң, соғысқа аттанады. Жан алысып, жан беріскен Курск майданына түседі. 18 снайперді Орлов қаласына апарып, 29-атқыштар полкіне қабылдайды. Атқан оғы мүлт кетпейтін мерген Орлов қаласын босату үшін болған қырғын шайқасқа қатысады. Тоқшегінен оқ тиіп, түн ішінде ұшақпен Иваново қаласына апарып, операция жасап, оқ алынады. Екі күн жатқан соң, пойызбен Улан-Удэ қаласындағы госпитальға апарып емдейді. 11 ай жатып, тексеруден өткеннен кейін медициналық сараптаудың қорытындысы бойынша «Соғысқа жарамайды, тылда жұмыс істейді» деп Иваново қаласына жібереді. Ал, ол жақтан Мәскеудегі генералдар оқитын ғимаратты жөндеуге жөнелтіледі. Сонда госпитальдан шыққан жаралы 16 солдатқа басшы болып, жұмыс істейді. Сол жерде жүріп, күніне екі адамды соғысқа жібереді. Турасын айтсақ, қашырып жібереді. Ақырында өзі де аттанады. Ашығын айтқанда, соғысқа бару үшін қашады. 
– Соғыстың аты – соғыс. Адам «Өліп қалам-ау!» деп ойламай тұрмайтын шығар. Өзіміз соғысып көрмегенбіз. Қандай психология болатынын білмейміз ғой. Бір емес, бірнеше рет барған. Қорқу жағы қалай екен? – деймін ғой Ғалымға.
– Әкемнен о жағын да сұрадым ғой. Әуелі Курск доғасындағы соғысқа қатысып, жараланып, госпитальға түседі. Әңгіме арасында «комиссияға салып, бері жөнелтіп, ақырында Мәскеудегі Бас штабтың бірдемесін жөндеп жатырмыз», сержант болған, қарамағына он алты адам берген, содан «күніге екі адамды соғысқа қашырам» дейді. «Соғысқа қашып кетті, Батысқа» деп күніге екі адамның документін апарып беремін. Сөйтіп жүргенде, Өзбекстаннан келген Трохин деген орыс бар еді, сол екеуміз ғана қалдық. Трохиннің аяғынан, менің жамбасымнан оқ тиген. Ең ақырында Трохин екеуміз де соғысқа қаштық. Бір пойызбен өңкей жас балаларды әкеле жатыр екен, жүгіріп барып мініп алдық, алдында мінгізбейді, пойыз жүріп бара жатқанда, міндік. Бір жас офицер болды, эшелонның ішінде штаб бар екен, «мыналар – қашқындар» деп екеуімізді сонда айдап апарды. Бір Кеңес Одағының Батыры пойызда командир екен. «Мыналар – қашқындар, ұстап алдық» деді оған. «Қайдағы қашқын! Біз – мынадаймыз. Міне, документ. Біз соғысқа барамыз. Соғысқа барғымыз келеді» дедік. Бір жерге барғасын бүкіл солдат жерге түсті. Бүкіл солдатты сапқа тұрғызды. Трохин екеумізді алға шығарып «Міне, нағыз вояктар! Соғыстың иісін біледі. Сендер – жассыңдар!» деп бізді үлгі қып көрсетті ғой. «Міне, тағы соғысқа кетіп бара жатыр. Екеуі де жарамайды, өздері жаралы» деп дереу бұйрық берді: «Ешкімге честь бермейсіңдер, еркін жүресіңдер» деді. Себебі, Трохиннің аяғы шолтаң ете қалатын да, менің де жамбасым честь бергенге келе бермейтін. Ашпыз. Содан бізге консерві, тамақ берді. «Содан тамақты ұр, ә» деп қояды папам. «Тамағын жеп жатырмыз. Украинаның Бобруск деген жеріне барған кезде «соғыс бітіп жатыр. Үйлеріңе, әке-шешелеріңе қайтыңдар» деп бізді тастап кетті. Айтсақ, көнбейді. «Абайлаңдар, әлі күнге кейбіреулердің подвалында немістер жатады екен, босқа оққа ұшып қалмаңдар деді» деп еске алатын. Ал, 1945 жылы өзі сұранып, Жапонияға кетеді.
– Штабта бір жыл, екі жыл жұмыс істеп жүре берсеңіз, үйге қайтатын едіңіз ғой. Не бар соғыста? – деймін ғой. «Соғыста кексе адамдар қорқақ болады екен. Ал, жастар түк қорықпайды екен. «Ағаш көтеріп, сүйретіліп жүреміз бе, онан да соғысқа кетеміз» дейді. «Өлеміз-ау деп ойламадық» дейтін. Сөйтіп, өз еркімен төрт рет барған ғой. Әкемнің мінезі қаталдау. Бетке айтатын.
– Әкем Жапониядағы соғысты да бітіріп, ауылға 1947 жылы бір-ақ оралды. Соғысқа кетерде бір тазысы болыпты. Соғысқа он алты жасында кеткен. Жас бала ғой. Ауыл тыншыған. Екі ағасы да соғыстан кеп қойған. Халық есін жия бастаған кез. Сонда атам тазыны ертіп бір жаққа кеткен екен. Атпен кетеді ғой, қамбашы ма, мал қайырып жүрген бе, әйтеуір бір жұмыс істеп жүрген. Әйтеуір ауылда емес екен. Әкем келіп, бүкіл ауылда той боп жатыр ғой, той дегенде, келген жұртқа талқан беретін шығар, болмаса, ешкі ме, қой ма, соятын шығар, сөйтіп мәре-сәре боп жатады, атам ауылға жақындап келген кезде жаңағы тазы үйге қарай зуылдады дейді. «Бұл неғып бүйтті?» деп атам да түсінбей қалады. Атын тебініңкіреп келеді. Келсе, үйдің іші адамға толы екен, әкем төрде отыр, сонда, жаңағы Тұйғын есіктен кіріп кеп, төрге атылды дейді ғой. Сөйтіп әкеме барып жабысқанда, сол жерде отырған адамдардың бәрі жылады дейді. 
1947 жылдың 22 мамырында соғыстан келіп, бес жыл «1 Май» бастауыш мектебінде ұстаз болып қызмет етеді. 1959 жылы Шымкент қаласына барып кітапханашының арнайы оқуын өте жақсы бағамен бітіріп келеді. Қауым ісіне де, кәсібі мен мамандығына да, жалпы игілікті іс-әрекеттерге құлшына кірісетін ол ұзамай-ақ көптің ыстық ықыласына бөленіп, «кімсің, Пәленше» бола бастайды ғой. Соғыстан кейінгі қиын кезең. Шаруашылықтар да, адамдардың көңілі де ортайып қалған тұс. Мәдениет қызметкерлері кітапты елге таратып, үгіт, концерттік бригадалар ұйымдастырып, малшылар қауымына, жалпы жұртшылыққа маңызды кештер ұйымдастырады. Осы игіліктердің ортасында, басы-қасында Смағұл жүреді. Кітапхана, клуб жұмысы Смағұл араласқаннан бастап-ақ ерекше сипат алып, облыс бойынша бірінші орын алуы – үйреншікті жайға айналады. Ендігі жерде бай тәжірибесін айналаға өнеге ретінде тарату жайы тұр еді. Ол кісінің «Құмкент», «Бабата», «Калинин», «Сызған», «Созақ», «Жуантөбе», «Тасты», «Шу» кітапханаларына арнайы барып, іс-тәжірибелерін ерінбей-жалықпай үйретіп, отандастарымызды рухани әлемнің қызметіне баулып отыруы – өз алдына бір хикая. 
Ауданның магазині, поштасы кісіден арылмайды ғой. Әсіресе, зейнетақы түскен күндері. Поштада адам ырғын. Смағұл қарт та Ақболтай анамызбен бірге жүр. Ақсақалына қарағанда жастау, оның үстіне, әйел адам, анау-мынау тірлікке икемділеу дегендей. Отағасын ертіп келген есебі ғой. Алайда, қазақы болмыстағы аналардың бір ұстанымы, сүйектегі қасиеті ерінің шаруасына көп араласа бермейді, әсіресе жұрттың көзінше. Сол болмыстың дегеніне бағып, алыстау, анадай жерде қарап тұрады. Жасы келген қария, ентелескен жұрт ақсақалды кезексіз жібереді, әрине. Зейнетақысы қолына тиді. Санап көрсе, артық. Пошташы қызға артық екенін айтып, қайта береді. Қыз қайта санайды ғой. Артық еместігін айтып, қайта береді. Жұрт болса тызақтап тұр. Іштерінен не айтып тұрғандарын Құдай білсін. Содан сыртқа шығып, алыстап кетеді ғой. Көңілдегі күдігі кетпей, былай шыққан соң Ақболтайға «мынау артық сияқты, сен санашы» дейді ғой. Санайды дереу. Артық. Содан, не керек, әлгі артық соманы алады да, алыста қалған поштаға Смекең қайта барып, шуылдаған жұртқа сөйлейді ғой. Сөз нобайы «мынау артық екен. Сонша шуылдадыңдар. Әркім өстіп артығын ап кете берсе, мына қызға обал емес пе!» дегенге саяды, пошташыға да «шырағым-ау, ықтиятты болсайшы» дейді ғой.
Аққолтық ауылындағы Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектеп кітапханасына Есенсары- ұлы Смағұлдай жасампаз қазақтың атының берілуі де  туған халқының ардагерге деген ыстық ықыласының нышаны еді ғой. Ата-бабаларымыздың, әже-аналарымыздың, әке-шешелеріміздің алдында қарыздармыз біз. Бұл қарыздарымызды қалай өтер екенбіз?!
Қаншама ауыртпалықтан аман қалып, ел игілігіне талмастан қызмет ету, Смағұл әке мен Ақболтай ананың он перзентті әдімұлыққа жеткізіп, оқытып, тоқытып, мына өмірдің шырайын арттыруға хал-қадерлерінше ақеділ көңілмен септесіп, кісілік парасат, болмыстарымен жүргендерінің өзі ұлы құбылыс қой. Смағұл ағамен шүйіркелесіп үлгермесем де, Ақболтай апамызды көрдім. Лебізін тыңдадық. Ауылдастардың да, үлкен-кішілердің де, балалары мен келіндерінің пайымдауынан да анық байқалып тұрған бір сүйінерлік, ішімді жылытқан құбылыс – бұл кісілердің бір-біріне лайықты, жарасымды жұп болғандығы. Қиыншылықты да, қызықшылықты да бірге көріп, сүйектегі дегдарлық пен тазалықты, адалдық пен бауырмалдықты, еңбекқорлық пен ізденімпаздықты өз өмірлеріндегі іс-әрекеттерімен, кісілік болмыстарымен көрсете алғандығы. Сол жасампаз қасиеттерді жүрген орталарына сіңіріп, қалыптастыра алуы. Смағұл әке, Ақболтай ана секілді жасампаздардың болғанына шүкір дейміз. Іштей мақтаныш етеміз.
Төрт рет соғысқа барды. Он бала өсірді. Бәрін жетілдірді. Былай қарасаңыз, мүлдем шұнтиған сөйлемдер ғой. Ал, енді, осы шұнтиған сөйлемдердің астарына үңіліңізші, қандай ұлы тарих жатыр. Он бала. Оларды жеткізу. Және бұл қандай дәуірлер тұсында деңіз! Ашаршылық, атып-асу, қуғындау, тәркілеу, соғыстар, одан кейінгі жоқ-жітік кезең. Осыларды көріп жүріп, бастан кеше жүріп жеткізу. Ең бастысы, адам болып қалу, қазақ болып қалу. Айтуға ғана оңай. Мәселен, бүгіндері біздің кейбір пиғылы бұзылған ұлтанқұлдар не істеп жүр? Бір бала тапқанды ерлік көріп, мемлекетке алақан жаяды. Осыған ұялмайды да, қызармайды да. Қасиетті қазақ жерін қазақпен толтыру – қай қазақтың арманы емес дейсіз. Сол арманды үн-түнсіз жүріп-ақ, дабырайтпай-ақ жүзеге асыруға ұмтылған Смағұлдар мен Ақболтайлар ғой. Ал, енді, кеп, осының сырын да, астарын да, күнделікті қарапайым өмірдегі тындырған ерлігін де аңғармаған боламыз, елемейміз. Содан келіп кейбір мыржықбастар болмасты боталы түйе қылса, жатып кеп ренжиміз. Әлбетте, мұндайда түк бітірмегендер де қатырдық деп көкиді. Он баланы әдімұлыққа жеткізгендерді аспанға көтеріп ұлықтамасақ...

Темірхан МОМБЕКҰЛЫ–ТҮРКІСТАН,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, 
велосаяхатшы.
Пікір қалдырыңыз