Зерделі зерттеуші, қайталанбас тұлға

«Өткенді білмейінше болашағыңды болжай алмайсың» дейді дана халқымыз. Өркениетті елдің адамдары ең алдымен тарихымен, мәдениетімен, ұлы тұлғаларымен мақтанады. Міне, осындай ірі тұлғалардың бірегейі, Қазақстандағы археология ғылымының негізін салушылардың бірі – археолог-ғалым Кемел Ақышев.

Кемел Ақышевтің Отырарға сіңірген еңбегі ерекше еді. Отырар музейінің ашылуына да, музей экспозициясының тақырыптық жоспарын құруға да көп көмек көрсетті.           

Сан ғасырлық тарихтан сыр шертетін Отырарда тұңғыш қазба жұмыстары ХІХ ғасырдың аяғында басталды. Ал, кең ауқымды зерттеулер 1969 жылы Кемел Ақышев басшылық еткен Қазақ КСР Ғылым академиясы тарих, археология және этнография институтының Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы тарапынан басталып, қазіргі Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институты мен Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығы жүргізіп жатқан қазба жұмыстарымен жалғасып келеді. Ғалымдар тарихтың жаңа беттерін осылайша бірте-бірте аша бастады.

Ел тарихы бір дәуірден, бір күннен басталмайды. Зерделі зерттеуші Кемел Ақышев Қазақстан археологиясының қалыптасуына зор үлес қосты. Ұстаздық еңбегі бір төбе. Оның бір кездегі шәкірттері бүгінде Қазақстан археологиясының белді мамандарына айналды. 

Саналы ғұмырының 40 жылдан астам уақытын ҚР Ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы тарих, археология, этнография институтында жұмыс істеуге арнаған Кемел Ақышев еліміздің айтулы тұлғаларымен жақын араласты. Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі Әлкей Марғұланның, қоғам қайраткері, академик, аса көрнекті қазақ геологы Қаныш Сәтбаевтың тәрбиесін көріп, ғалым, шығыстанушы Александр Берн-штаммен бірге жұмыс істеді. Орталық Қазақстан, Жетісу, Оңтүстік Қазақстан экспедицияларына жетекшілік етіп,  Есік қорғанындағы дүниені дүр сілкіндірген Алтын адам, Отырардағы қолөнер, жазба, сәулет жәдігерлерін тапты. «Парасат» орденімен марапатталды. Германия археология институтының корреспондент-мүшелігіне сайланды.

Кемел Ақышев туралы жарияланған мақалаларда оның қоғам қайраткері, академик Қаныш Сәтбаевтың отбасында тәрбиеленгені туралы айтылады. Қаныш Сәтбаев сияқты геолог болуды армандап, политехникалық институттың геологиялық барлау факультетіне оқуға түседі. Бірақ, денсаулығына байланысты бұл мамандықта оқу қиын болды. Содан соң  Қаныш Сәтбаевтың бағыт-бағдарымен археология факультетіне ауысып, осы мамандықты таңдайды. ҚазҰУ-де бес жыл оқып, 1950 жылы Ғылым академиясының тарих, археология, этнография институтына жұмысқа орналасады. 

Ол 1951-1952 жылдары Ә.Марғұланның басшылығымен Орталық Қазақстан экспедициясына қатысып, Бегазы, Атасу, Былқылдақ, Сарышоқы ескерткіштерін зерттеді. 1955 жылы тарих, археология, этнография институтындағы археология бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалып, оны 1989 жылға дейін атқарады. Есік қаласынан табылған Алтын адам жаңалығы еліміздің даңқын бүкіл әлемге паш етті. 1989 жылдан 2000 жылға дейін институттың бас ғылыми қызметкері болды. 2000 жылдан Л.Г.Гумилев атындағы Еуразия университетінің профессоры, кафедра меңгерушісі болып, археологиялық жұмыстарды басқарды.

Кемел Ақышевтің қаламынан туған «Алтын адам» туралы «Курган Иссык» монографиясы Мәскеуде жарияланғанын да айта кетейік.   

1943-1944 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысып, Донбасс, Сталин, Одесса, Тирасполь қалаларын жаудан азат ету шайқастарына қатысты. 

Отырардағы археологиялық қазба жұмыстары туралы ғалымның баспасөз беттерінде бірнеше мақалалары жарияланады. Сол кездегі «Лениншіл жас» газетінде 1979 жылы жарияланған «Көне кент құпиясы» атты мақаласынан үзінді келтірейік: «Өткен жылы қазан айында Қазақ ССР Ғылым академиясының Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы Отырар қазбаларынан оралды. Бұл 1978 жылдың күз айы еді. Өткен маусымда негізгі жұмыс жылдағыдай Отырардың орталық төбесінде жүргізілді. Аршылған алаң Отырардың ХV ғасырдағы өмір көріністерін көрсетеді. Сол кездегі тұрғын үйлердің біреуімен таныстырайық: Үй барлығы тоғыз бөлмеден тұрады. Сыртқы есікті тура көшеден ашасыз да, ұзынша келген енді ауыз үйге кіресіз. 1978 жылы жүргізілген қазбалардың тағы бір қорытындысы, қазба жұмыстары кезінде нақ осы жерден моншаның табылуы. Ол Отырар су қоймасының іргесіне орналасыпты. Моншаның жалпы жобасы төрт тармақты ашамай ердің қасына ұқсаған. Олардың әр іргесіне жанастырыла тұрғызылған сегіз шағын бөлме бар. Бұлар жеке адамдарға арналған. Бөлмелердің еденіне ақ жолақты жасыл зертас жалатылған кірпіштер қаланған. Жасыл түсті еденнің ортасында түлкібас деп аталатын оюға ұқсас өрнек түскен. Қазір Отырар экспедициясының тұрақты мүшелері қауырт жұмыс үстінде. Олар Алматыдан апарған ағаш жәшік, қағаз қораптарын, қазбадан табылған түрлі олжаларды арқалап қайтты. Мұнда келген соң олар бұл ескерткіш белгілерін әр қилы ғылыми-зерттеу сатыларынан өткізуде. Келесі маусымдық экспедицияға да аз қалды» деп жазады.

1976 жылы 13 қаңтарда «Лениншіл жас» газетінде «Отырар қазбалары несімен қымбат?» атты тақырыпта жазылған мақалада мынадай жолдар бар: «Міне, осы ретте бес жылдан бері Отырарда жүріп жатқан қазба жұмыстары бұл мәселелердің бір парасына жауап беретіні анық жайт. Өткен жылғы маусымда Отырар төбенің ХVІ-ХVІІІ ғасырларға қатысты үстіңгі қабатын аршу жұмыстары аяқталды» дей келе, Отырардағы тұрғын үйлер туралы баяндайды: «Тұрғын үйлер орындары аршылады. Отырардағы тұрғын үйлердің мынадай ерекшеліктері байқалады: 

 1. Әрбір үй ауызғы және түпкі бөлмелерден тұрады.

 2. Көп бөлмелі үйлердің де жатын орны осы негізге бағынады.

 3. Жеке үйлерде әрбір бөлмелер де өзара ұзыннан тізіліп қосылған.

 4. Қора-қопсылар тұрғын үйлерге жанастырыла салынған».

Көрсетілген ерекшеліктер революцияға дейінгі отырықшы қазақтың тұрғын үй және шаруашылық құрылыстарына ұқсас болып келген. 

Екі бөлмелі қазақ үйі әдеттегі ауызғы және түпкі үйден тұрады. Ал, үшінші бөлме қарсы үй болса ол да ауыз үйге ұзынынан жалғастырылып салынады. Қора-қопсы да тұрғын үйге қатарласа ортақ төбемен жабылады. Атап өтетін жай, Отырар үйлері мен қазақ үйлерінің ішкі құрылыстарында да ортақ қасиеттер көп. Олар қазан-ошақ орындарының жылыту пештері мен түтін шығару әдістерінен, сәкі-сөре ерекшеліктерінен де көрінеді. Мұндай мысалдар көп. Яғни бұл жайлар отырықшы қазақтардың тұрғын үй тұрғызу дәстүрінің ілгеріден бері үзілмей даму үстінде болғандығының дәлелі».  

Ғалым ағамыз қыш ыдыстар туралы былай деп жазады: «Отырар қазбаларының алғашқы кезеңінде қолға тиген деректердің басым көпшілігі қыш ыдыстар. Кезінде қала тұрғындары ұстанған бұл ыдыстардың түрлерінен де қазіргі қазақтардың жасап, ұстап жүрген ыдыстарының нұсқаларын көреміз».

Сонау 1976 жылы Отырар туралы жазылған Кемел Ақышевтің мақалаларынан Отырарға қатысты ғылыми-зерттеу жұмыстары туралы мол мағлұматтар аламыз. Кемел ағаның қаламынан туған ғылыми еңбектері болашақ тарихшыларымыз үшін де өз құндылығын жоғалтпайды деген ойдамыз. 


Ақлима ЖҰМАШОВА,

Отырар мемлекеттік археологиялық 

музей-қорығының бөлім меңгерушісі.


1 пікір

Пікір қалдырыңыз