Жұлдыздар із тастап ағады

Биыл – сүйікті газетіміз «Оңтүстік Қазақстанның» 100 жылдығы. Осы басылымды ес білгелі оқып келемін. Әсіресе, жоғары сыныпта оқып жүргенімде аталмыш басылымның әр нөмірін асыға күтетінмін. Өйткені, газеттің қазақтың ұлттық спорты – қазақша күресінен жыл сайын өткізетін турниріне ағам Ертана Ырыспанов жыл сайын қатысушы еді. Мен онда Шымкенттегі №12 мектеп-интернатта жоғары сыныпта оқимын. Ертана ағам қай жарысқа барады, сол жерден табыламын. Жанкүйері болып жаным күйіп отыратынмын.  Қуаныштысы сол, ағам үнемі мерейімді тасытып, жігерімді жанып, алыс армандарға жетелейтін.

Міне, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 1967  жылғы 15 мамырдағы нөмірі. Мұнда Нәмет Сүлейменов пен Уәлихан Темірбеков бірігіп жазған «Жаңа палуандар, жаңа жетістіктер» атты мақала жарияланған. Онда «Оңтүстік Қазақстан» газетінің баспасөз және Жеңіс күндері құрметіне арналған қазақ күресінен өткен жарысы жан-жақты баяндалады.  Бұл Ертананың Шымкент педагогикалық институтының екінші курсында оқып жүрген кезі. Мақалада оның  Шымкент мұғалімдер үйінің команда капитаны Богдан Табировты ұпай санымен ұтып, бірінші орынды жеңіп алғаны айтылады. Ақтық белдесуге дейін ешкімге дес бермей келе жатқан Богдан осы жолы ғана сүрінеді.
Арада бір жыл өткенде, яғни 1968 жылғы мамыр айындағы жарыста  Ертана тағы да жарқырап көрінеді. Мұны «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жарияланған Уәлихан Темірбеков пен Байдулла Қонысбековтің «Күш атасын танымас» деген репортажынан оқи аламыз. «Жартылай орта салмақта облыстық «Динамо»  командасының палуаны Валерий Клобуцкий мен педагогикалық институттың балуаны Ертана Ырыспановтың күресі өте қызық болды»  деп жазады тілшілер.  «Өйткені, екеуі де  танымал балуандар. Валерий болса, одақ көлемінде жарыстарға қатысып, жүлде алып жүр. Ал, Ертана қазақ күресінен облыстың былтырғы чемпионы. Бір-біріне оңайлықпен алдыра қоймаған бұл финалдық жекпе-жек ақырында Ырыспановтың жеңісімен аяқталды» делінеді одан әрі. Міне, Ертана ағаның шаршы алаңда атой салып, жарқырай көрінгеніне осы жолдар куә. Демек, ол қазақша күреспен айналыса бастаған алғашқы жылдарының өзінде-ақ биік белестерді бағындыра бастаған. Одақ көлеміндегі жарыстарға қатысып, жүлде алып жүрген балуанның жауырынын жерге тигізу оңай ма?!
1969 жылғы мамыр айында газет жүлдесі үшін өткен сайыста («Оңтүстік Қазақстан» У.Темірбеков, Б.Қонысбеков. «Күштілердің күштісі»)  жартылай ауыр салмақ категориясы бойынша Ертана ағамыз тағы да чемпион атанады. 1972 жылдың 11 мамыры күні Ертана Ырыспанов пен Валерий  Клобуцкий боз кілемде абсолюттік чемпион атағын жеңіп алу үшін қайта белдеседі. Жиырма минутқа созылған белдесуде екі балуан бірін бірі ала алмай, біраз тер төгеді. Ақырында төрешілер ұпай санымен жеңісті Ырыспановқа береді. Уәлихан Темірбеков пен Жолдас Ақбердиев бірігіп жазған «Күш атасын танымас» атты мақалада «Абсолюттік чемпион атағы үшін сайыс соңғы төрт салмақ категориясы бойынша жеңіске жеткен балуандар арасында өтіп, нәтижесінде жоғарыда айтып өткеніміздей, Ертана Ырыспанов жылдың ең күшті балуаны болып танылды» деген сөздер бойымызға мақтаныш сезімін ұялатады.
«Оңтүстік Қазақстан» газетінің 1973 жылғы 10 мамырдағы №90 санында жарияланған У.Темірбеков пен С.Кәдеевтің «Қазақша күрес қызықты өтті» атты мақаласынан мынадай жолдарды оқи аласыз. «Жартылай ауыр салмақта сегіз балуан күш сынасса, солардың ішінде ең мықтысы Ертана Ырыспанов болды. Қазақ күресінің шебері, өткен жылғы абсолютті чемпион Ертана қарсыласының бәрін таза жеңіп, чемпиондық тұғырға көтерілді».
Ертана Ырыспанов 1962 жылы Шымкент қаласындағы №11 кәсіптік-техникалық училищесін қызыл дипломмен бітіріп, сол жылы Кеңес Одағының Қарулы күштерінің десанттық шабуылдаушы дивизиясына шақырылады. Осында взвод командирі болып азаматтық борышын өтеген соң Шымкент қаласындағы «Восход» фабрикасына слесарь болып жұмысқа орналасады. Алайда, жүрегінде жалыны бар ол бұл жұмысты місе тұтпады. 1966 жылы Шымкент педагогикалық институтына оқуға түсіп, оны 1970 жылы қызыл дипломмен бітірді. 
Жоғарыда ағаның «Оңтүстік Қазақстан» газетінің дәстүрлі турнирлеріне қатысып, топ жарып жүргенін нақты мысалдармен атап көрсеттік. Ол осы жарыстармен ғана шектеліп қалған жоқ. Айталық, 1972 жылғы 24-26 наурыз аралығында Алматы қаласында өткен бүкілқазақстандық  спартакиадада самбо күресінен екінші орын иемденді. Осы жылғы 14-16 сәуір аралығында Қарағанды қаласында еркін күрестен өткен Қазақ КСР-інің жазғы спартакиадасында бірінші орын алып келіп, бүкіл ауылды қуантқаны естен шығар ма?! Сонымен бірге оның Мәскеуде өткен бүкілодақтық жарыста тағы да топ жарып келгенін ұмытқанымыз жоқ. 2018 жылы «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жүлдесі жолындағы қазақ күресі турнирінің өте бастағанына 60 жыл толуына байланысты Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Суханберді Оразалыұлының құрастыруымен  «Қара шаңырақ және қазақ күресі» атты кітап жарыққа шықты. Міне, осы кітап ішінен де ағамыз туралы деректер тауып, қатты қуандық.
Шымкент педагогикалық институты ректоратының ұсынысы бойынша ол дене шынықтыру факультетінің оқытушысы және жаттықтырушы қызметіне қалдырылды. Осы қызметіне қосымша №12 мектеп-интернатында дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеді. Міне, осы жылдары біз Ертана ағамен етене араластық. Ол бізді күрес өнеріне баулып жүрді. Спорттық мансабында Ертана ағамыз классикалық күрестен Еуропа чемпионатына қатысып, жүлделі оралғанын шәкірттері мақтаныш тұтады. Иә, ол институт және мектеп-интернат қабырғасында өзіне қаншама ізбасар дайындады десеңізші! Олар кезінде КСРО көлемінде өткен жарыстарда жарқырай көрінді. Ертана аға жұмыс барысында шәкірттеріне қатал көрінгенімен, барынша адал әрі шындықты сүйетін жан ретінде есімізде қалды. Оны институт пен мектеп-интернат басшылары құрмет тұтатын. Санасатын. Біз оның жанында жүргенде өзімізді бақытты сезінетінбіз. Онымен мақтанатынбыз. 
Ертана ағамыз Алтын Нұрпейісова жеңешеміз екеуі Бақыт, Алмасхан, Марат және  Айгүл атты ұл-қыз сүйді. Бүгінде перзенттерінің барлығы үйлі-баранды. Жоғары білім алып, шаруаларын дөңгелетіп жүр. Әттең, Ертана ағамыз небәрі 41 жасында жасындай жарқ етті де өмірден озып жүре берді. Оның соңында мақтанышпен айта жүрерлік талай жеңісті жолдар қалды. Иә, жұлдыздар із тастап ағады. Біз оны ұмытпаймыз. 

Бексұлтан  СЛАМОВ, 
Сарыағаш ауданының құрметті азаматы.
Пікір қалдырыңыз