Шанақтықтар шаттыққа кенелді

Ажар БЕРМҰХАНОВА,
«Оңтүстік Қазақстан».

Шалғайдағы Шанақ ауылында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 200 орынды Мәдениет үйі бой көтерді.

Шанақтықтар Мәдениет үйінің ашылуын жылдар бойы күткен еді. Енді, міне, тұрғындардың сол тілегі орындалды. Бұл нысанға облыстық бюджеттен 274 миллион теңге бөлініпті. Жалпы, Қазығұрт  ауданында бұған дейін салынған 23 мәдениет ошағының жетеуі – Мәдениет үйі.  Ал, сегізінші Мәдениет үйі шанақтықтарға тиесілі болып отыр.
– Мәдени іс-шаралар өткізетін кезде мектептің акт залына жиналатынбыз. Осы күнге дейін Мәдениет үйінің жоқтығы қабырғамызға бататын. Әсіресе, ауыл жастарының бос уақыттарында спортпен айналысып, мәдени шаралар ұйымдастырып, демалатын жері болмады. Енді, міне, мәре-сәре болып қуанып жатырмыз, – дейді Шанақ ауылдық округінің әкімі Серіғали Тілегенов. 
Мәдениет үйінде аудандық кітапхана, би, дойбы, шахмат үйірмелері мен аудандық «Өнер» мектебінің филиалы жұмыс істейді.
Иә,  кең де жарық, заманауи үлгідегі кітапхана ауыл тұрғындарының көз қуанышына айналды. Ең бастысы, кітапханада оқырмандарға барлық жағдай жасалған. Мұнда оқырмандардың саны артып, 700-ге жетті.  Түрлі салаларға бағытталған 10200 кітап қоры бар. Сонымен қатар кітапханаға  мерзімді басылымдарды сұрап келетін ауыл тұрғындарының қарасы мол екен.
Кітапханашы Балнұр Байғұлбаева Жаңабазар ауылының тумасы. Мектеп қабырғасында жүргенде қоғамдық іс-шараларға белсене қатысыпты. Халықаралық қазақ-түрік университетінің әлем тарихы факультетінде оқып, тарих пәнінің мұғалімі мамандығын алған. Университет кітапханасындағы және Шымкент қалалық Абай, Пушкин кітапханаларындағы  әдебиеттерді сүйіп оқыды. Оқуды бітіріп,  Шанақ ауылындағы Қойшыбаевтар отбасына келін болып түсті. Балнұр – көп балалы ана. Үлкен ұлы Ғаламат Петропавл қаласындағы «Ұлттық Ұлан» академиясының  2-курсында оқиды, оқу озаты. 
– Ауылдық кітапхананың кітапханашысы Алшагүл Тұрымбетова апайымыз зейнеткерлікке шыққан соң, осында жұмысқа орналастым. Бұл мамандықтың қыр-сырын толық білу үшін М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «Кітапхана ісі» факультетіне сырттай оқуға түсіп, арнайы мамандық алдым. Он үш жылдан бері осы жерде жұмыс істеп келемін. Кітапханамыз көп жылдан бері аурухананың ескі ғимаратында орналасқан еді. Ескі болса да, оқырмандар жиі келіп тұрды. Осында әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырдық. Сексендегі Жарылқасын Сәрсебаев атамыз  кеше ғана Қызылқия ауылдық кітапханасындағы «Ең қарт оқырман» жобасы бойынша өткен іс-шараға қатысты. Оңалбай Әкімбаев, Махат Елемесов, Ерген Жорабаев аталарымыз бен Құттығыз Төлепова апамыз кітапханамыздың тұрақты оқырмандары. Оқырмандарымыз аудан, облыс көлеміндегі байқауларда бақ сынап, жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Нақтырақ айтқанда, 2019 жылы аудан көлемінде өткен батырлар жырын жатқа айту сайысында Нышанбек Ғаламат «Алпамыс батыр» жырын жатқа айтып, бас жүлдеге ие болды. Аудандық балалар кітапханасы ұйымдастырған «Жас суретшілер» байқауында Нұрахман Ерсұлтан бас жүлдені жеңіп алды. 2020 жылы оқырмандармен әлеуметтік желілер арқылы кітап оқып, бірге жұмыс істедік. Көркем Бауыржанқызы республикалық «Абай оқуларына» қатысты. Өткен жылы Түркістандағы  «Фараб» кітапханасындағы бір апталық «Тиянақты кітапханашы–2023» біліктілікті арттыру курсына қатысып, сертификат алдым. Оқу барысында Қ.А.Ясауи кесенесіне және Күлтөбе ескерткішіне саяхат жасадық. Оқырмандарымыз Қазығұрт аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұйымдастырған іс-шаралардан тыс қалмайды, – дейді Б.Байғұлбаева. 
Жас оқырмандардың дарыны мен талантын ашу, шығармашылық ойлау қабілетін жетілдіру, олардың өзіне деген сенімін нығайту, яғни өмірде өз жолын таңдауына кітапхана ұжымы үлкен септігін тигізуде. Әрине, жаңа заман талабына сай, оқырмандардың сұранысын қанағаттандыруда кітапханашының білімі мен білігі негізгі рөл атқарады. Білімді де білікті Балнұрдың басты мақсаты да осы – оқырман ықыласына бөлену. 

Қазығұрт ауданы.
Пікір қалдырыңыз