Рух сардарын жырға қосты

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің еңбектерін насихаттау мақсатында «Рух сардары» атты республикалық жас ақындар айтысы өтті.

Сайысқа осыған дейін облыстық, республикалық деңгейдегі байқауларда топ жарған 14 үздік ақын шақырылған. Аламанның шымылдығын ОҚПУ басқарма төрағасы, ректордың уақытша міндетін атқарушы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлжан Сүгірбаева мен Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек және «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Бахадыр Нарымбетов ашып, ақындарға сәттілік тіледі.  
Ал, аламанға төрелік етіп, әділ бағасын беру Б.Өтеп атындағы өнер мектебінің директоры Маржан Есжанова, Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Анар Жаппарқұлова, ҚР мәдениет қайраткері Кәрима Оралова, «Ақпарат саласының үздігі» Қажымұқан Абзалов сынды айтыскер ақындарға жүктелді. Республикамыздың түкпір-түкпірінен келген ақындар елдік мәселелерді көтеріп, Өзбекәлі Жәнібековтің қайраткерлігін, ұлт мәдениеті мен өнеріне сіңірген өлшеусіз еңбегін жырға қосып, жастарға үлгі етті. 
Жыр додасында оза шауып, жүзден жүйрік деп танылған ақындар бағалы сый-сияпаттарға ие болды. Айталық, бас жүлдені Ақтөбеден келген ақын Нұрбол Жауынбаев жеңіп алып, 1 млн. теңгені қанжығасына байлады. Бірінші орын көкшетаулық ақын Нұрмахан Жақыпбекке (700 000 тг), екінші орын шымкенттік Жандос Мырзабеков пен Сұлтан Сәуірханға (400 000 тг) бұйырды. Үшінші орын да екеу болды. Оны алматылық ақын Айым Асылбекқызы мен түркістандық ақын Ахметрасул Баянбай өзара бөлісті (250 000 тг). 
Мұнан бөлек, Майлықожа, Көпбай Омаров, Тәушен Әбуова, Құлыншақ Кемелұлы, Қаныбек Сарыбаев, Әселхан Қалыбекова атындағы арнайы ынталандыру сыйлықтары (150 000 тг) үлестірілді. Айта кетейік, аталған оқу орны жас ақындар айтысын жыл сайын өткізуді дәстүрге айналдырған. 

Қанат ЖОЛДАСБЕК, 
М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың 4-курс студенті.
Пікір қалдырыңыз