Ауыл бапкері

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі өте өзекті. Барлық жас санаттары арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту пирамидаға айналуға тиіс. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз. Бұл бағытты заңнамалық тұрғыда жалғастырып, бұқаралық спортты дамытуда кешенді бағдарлама қабылдау керек» деген болатын. 

Президенттің бұқаралық спортқа қатысты тапсырмасын орындау мақсатында Ордабасы ауданында да бірқатар шаралар қолға алынған. Әсіресе, бұл игі істе мектеп ұстаздарының үлесі басым екендігін айта кету керек. Төрткүл ауылы, «Төрткүл» жалпы орта мектебі дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Әуелхан Аманұлы – өңірде бұқаралық спортты насихаттап жүрген жандардың бірі.  Ұстаз өскелең ұрпақты спортқа баулу, сол арқылы жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, жаман әдеттерден сақтандыруды мақсат тұтады. Өйткені, бүгінде жасөспірімдер күнұзаққа ком-пьютердің алдында, қала берді смартфонға телміріп, интернетте түрлі ойындарды ойнап, әлеуметтік желілерде көп отыратыны белгілі. Қимыл-қозғалысы аз, сабаққа деген ынтасы мен талабы төмен балалардың қатары күннен-күнге көбейіп бара жатуы қоғамның ең бір өзекті проблемасына айналды. Әуелхан Аманұлы бұған бей-жай қарамай, ауыл-аймақтардағы спортқа деген қызығушылығы бар жасөспірімдердің басын қосып, «Көкбөрі» волейбол командасын құрды. Оқушыларды аудандық, облыстық, республикалық жарыстарға қатыстырып, жүлделі орындардан көрінулеріне барлық мүмкіндікті жасап келеді. 2014 жылы  волейболдан Түркістан қаласында өткен  республикалық турнирде шәкірттері Назарбек Нұрбек, Алдияр Мұхтар  жеңімпаз атанды. Аталмыш команда 2015 жылы Алматы қаласында  мектеп оқушылары арасында өткен жарыста күміс медальға ие болса, 2016 жылы республика біріншілігінде жүлделі 2-орынды иеленді. Ал, 2017 жылы «Шұбар доп» республикалық турнирінде жеңімпаз атанды. Бұдан екі жыл бұрын да Астана қаласында өткен  «Шұбар доп» сайысында алтын медальға қол жеткізсе, былтыр республикалық жарыста қола медальға ие болды. 

«Көкбөрі» волейбол тобының жетекшісі Әуелхан Ботабай 1964 жылы 30 наурызда Отырар ауданы, Ақтөбе ауылында дүниеге келген. Әкесі Аман шаруашылықта механизатор, анасы Ортай үй шаруасында болды. Отбасындағы 6 ұл, 3 қыз да жан-жақты, білімді болып өсті. Оқуда озат, көпшілік ортада тәрбиелі болған Әуелхан ағай 5-сыныпта жүргенде-ақ спорт секцияларына қатысып, волейболмен, күреспен айналысты. Облыстық, аудандық жарыстарға қатысып, жүлдегер атанды. 1981 жылы ол Шымкенттегі дене тәрбиесі техникумына волейбол мамандығы бойынша оқуға қабылданады. Әуелхан әскерге өзі  сұранып барады. Қейіннен Шымкент инновациялық университетінде білімін жетілдірді. Әуелхан Аманұлы алғаш еңбек жолын 1986 жылы «Төрткүл» орта мектебінде дене тәрбиесі пәні мұғалімі болып бастады. Содан бергі 38 жылда шәкірттерін спортқа баулып, төзімділік пен табандылыққа үйретуден жалыққан емес.

«Көкбөрі» волейбол командасы аудандық, облыстық жарыстардан қалған емес. Команданың Назарбек Нұрбек, Алдияр Мұхтар, Шекербек Әділбек, Берікбай Қазбек, Мейрам  Нұрлыбек, Алдияр Дамир сынды ойыншылары бүгінде түрлі жоғары оқу орындарындағы волейбол командасы құрамында республикалық жарыстарда жарқырай көрініп жүр. Шәкірттері де Әуелхан ұстазының еңбегін жоғары бағалайды.

Әуелхан Аманұлы 2016 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатымен марапатталып, аудан әкімінің «Үздік ұстаз»  номинациясын иеленді. Ал, 2018 жылы білім беру саласында үлкен табыстарға жеткен білікті педагогтар мен ғалымдарға берілетін Ыбырай Алтынсарин төсбелгісімен марапатталды. 2020 жылы кеудесіне «Жылдың үздік ұстазы – 2020» атты төсбелгісі тағылды.  

«Төрткүл» жалпы орта мектебінде 40 жылға жуық ұстаз болып еңбек еткен азаматты ауыл тұрғындары да құрметтеп, мақтан тұтады. Әуелхан Аман-ұлы зайыбы Роза Мырзабаймен бірге 1 ұл, 2 қызды өмірге әкеліп, оларды заман талабына сай тәрбиелеп өсіруде. 


 Жанар ЖАҢАБАЕВА. Ордабасы ауданы.

Пікір қалдырыңыз