Еуропа чемпионы ертең анықталады
Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Оңтүстік Қазақстан».
Бір айға созылған футболдан Еуропа чемпионаты да өз мәресіне жетіп қалды. Германия жерінде өтіп жатқан футбол тойының ақтық сынына Испания мен Англия құрамалары шықты. Ертең Астана уақытымен 23:50-де «қызыл фурия» мен «үш арыстан» деген лақап аттары бар екі команда Еуропа чемпионы атағын сарапқа салмақ. Ал, біз бүгін бұл командалардың жартылай финалдағы ойындары жайлы тарата айтып, финалдық бәсекедегі мүмкіндіктері жайлы сөз қозғаймыз.
Бұл Дешамның турнирі емес
Көзіқарақты оқырманның есінде болса, Еуропа чемпионаты басталмай жатып Франция құрамасы туралы сөз қозғағанымызда да осы әңгімені айтқанбыз. Францияның бас бапкері Дидье Дешам – әлем чемпионатын футболшы ретінде де, бапкер ретінде де жеңген планетадағы үшінші адам. Сонымен қатар, ол енді Еуропа чемпионатын футболшы ретінде де, бапкер ретінде де жеңбеген аяқ доп шеберлерінің қатарына қосылды. «Үш жолақты» елдің құрамасын 10 жылға жуық уақыт баптаған Дешам енді командамен қош айтысатын шығар. Осы уақыт ішінде ол ұлттық құраманы Еуропа чемпионатының финалына бір рет, әлем чемпионатының финалына екі рет алып шықты. Үш финалдың біреуінде (2018 жыл) жеңіс тойын тойлады.
Дидье Дешамның жартылай финалдық бәсекеге құрған жоспары орындалмады. Ол Антуан Гризманды қосалқы құрамда қалдырып, қапталдағы вингерлерге көбірек сенім артты. Атап айтқанда, ортада ойнайтын Гризманның орнына қапталда ойнайтын Дембелені шығарды. Испания құрамасының допқа көбірек иелік ететінін матч басталмай тұрып-ақ білгенбіз. Допты өзінде көп ұстайтын мұндай командаларға қарсы қос қапталдан қарымта шабуылға шығып кететін желаяқ футболшылардың жүргені дұрыс. Сондықтан жауапкершілік жүгі негізінен Нголо Кантеге артылды. Канте қарсылас команданың маңызды ойыншыларының бірі Родриді жеке бақылауына алды. Дешам бұл жүрістен жаңылған жоқ, және бәрін дұрыс істеді.
Бірақ, испаниялық бапкер Дешамның бұл жүрісіне қарсы әдіс ойлап тауыпты. Родри допты алу үшін көбіне өз жарты алаңында жүрді. Оны жеке бақылауына алған Канте де ортаны тастап, оған қысым жасауға тырысты. Осы кезде Францияның жартылай қорғанысы селдіреп қалды. Ортада қалған Ольмо мен Руиске сәт сайын не Уильямс, не Ямаль көмекке келіп отырды. Тіпті, орталық шабуылшы Моратоның да жартылай қорғаушыларға көмектескенін бәріміз көрдік. Бұл француздар үшін айтарлықтай проблема тудырды.
Матчтың 9-минутында француздар есеп ашты. Мбаппеден пас алған Коло Муани баспен гол салған. Родридің қыр соңынан қалма деген тапсырма алған Канте матч бойы «Манчестер Ситидің» ойыншысына қысым жасаумен болды. Мұндайда Родри қорғаушы позициясына дейін түсті. Мұның барлығы Де Ла Фуэнтаның Францияның жартылай қорғанысын әлсіретуге бағытталған қулығы еді. Бұл қулық ойынның 21-минутында өз жемісін берді. Франция жартылай қорғанысының әлсірегенін сезген испандықтар жылдам шабуыл ұйымдастырған. Нәтижесінде 16 жасар футболшы Ламин Ямаль 20 метрдей жерден шірене тартып, Маньян қорғаған қақпаның жібек торын бүлк еткізді. Ямаль Еуропа чемпионатында гол салған ең жас футболшы (16 жыл 362 күн) атанды. Тағы бір қызықты дерек оның осы ойындағы қапталдас-әріптесі Хесус Навас (38 жаста) Ямальдің әкесінен де (35 жаста) үлкен екен. Айтпақшы, 2012 жылы Испанияның Еуропа чемпионы атанған құрамынан қалған жалғыз футболшы осы Хесус Навас. Сол Хесус Навас Испанияның осы ойындағы екінші голын салуына өз септігін тигізді. Бұл сәтте Навас допқа жанаспаса да үлкен пайда әкелді. Қапталдағы қорғаушының шабуылға араласуы қарсылас команда үшін едәуір қиындық тудырады. Осы Навасты жабу үшін сол жақтағы қорғаушы Тео Эрнандес сол қапталға ығысқан. Мұндайды пайдаланбаса, Ольмо Ольмо бола ма?! Ол амплуасы қорғаушы емес Тчуамениді бір қимылмен қапы қалдырып, Маньянның қақпасына екінші голды салды.
Дешамның Кантеге жеке тапсырма беруі Испания футболшыларының пайдасына жарады. Канте өзі қорғауы тиіс болған позицияны тастап кетуге мәжбүр болды. Ал, осы уақытта бұл позицияда Начо, Кукурелья сияқты испаниялық қорғаушылардың жүруі көп нәрсені аңғартса керек. Турнир басталмай тұрып айтқанымыздай, Франция құрамасы тактикалық ойыны жақсы қалыптасқан командадан жеңілді. Француздардың осы уақытқа дейінгі жетістігі жекелеген ойыншылардың шеберлігінің арқасында келді дегенді айтқанбыз. Команда көшбасшылары Мбаппе мен Гризман осы турнирде өздерінің жақсы қырларымен көріне алмады. Нәтижесінде Франция футболшылары финалды үйлерінде отырып тамашалайды.
Ал, Испания құрамасы өз тарихында бесінші рет Еуропа чемпионатының финалына шығып отыр. Бұл көрсеткіш бойынша «қызыл фурия» екінші орынға (Германия 6 финал) шықты. Үшінші орынды құрлықтық доданың ақтық сынында төрт реттен ойнаған КСРО, Италия құрамалары өзара бөлісіп тұр. Ал, чемпиондық атақ бойынша немістер мен испаниялықтар тең (3 рет) келе жатыр.
Саутгейт кезегі үшке дейін
1996 жыл. «Уэмбли» стадионы, Еуропа чемпионатының жартылай финалдық ойыны. Англия мен Германия финалға шығу үшін айқасып жатыр. Матчтың негізгі және қосымша уақыттары тең аяқталып, жеңімпаз пенальтилер сериясы арқылы анықталатын болды. Қос құрама ойыншылары пенальти тебуде де берісер емес.. Ширер, Гаскойн, Шерингем секілді сақа ойыншылардың бәрі өз мүмкіндіктерін сәтті пайдаланған. Англия сапында алтыншы болып кезек Саутгейтке келді. Бірақ, оның соққысын неміс қақпашысы оңай қайтарды. «Уэмблиге» жиналған жанкүйерлердің жүректері ауыздарынан шығып кете жаздады. Киім ауыстыратын бөлмеге Британияның премьер-министрі Мейджордың өзі келіп Саутгейтті жұбатқандай болды. Бірақ, оған сол сәтте ешкім де, ештеңе де көмектесе алмайтын. Осы ойыннан кейін Саутгейт ұзақ уақыт бойы психологқа барып жүріпті.
Матчтан кейін Лондонда хаос басталды. Командасының жеңілісіне ызаланған фанаттар көшедегі көліктерді өртеп, дүкендердің терезелерін шақты.
Еуро-2020 турнирінің финалы да Лондондағы «Уэмбли» стадионында өткен. Гарет Саутгейттің бұл ойында да жолы болмады. Ақтық сында Италиямен ойнаған оның командасы матч соңындағы пенальтилер сериясында тағы жеңіліп қалды. Бұл жолы жанкүйерлер Саутгейттен бастап пенальти сала алмаған Сакаға дейін іштерін кептіре қарғады.
Ол финалдан бері де төрт жыл өтті. Англия фанаттары «Уэмбли» финалында жүректеріне түскен жараны ұмыта бастағандай. Ал, оны мүлдем ұмыттырып жіберуге ертең керемет мүмкіндік туып тұр. Ол үшін ағылшындар Берлиндегі финалда бар өнерін салуы керек. Сонда Саутгейттің осы уақытқа дейінгі «күнә», қателіктерінің бәрі жуылып-шайылып кетеді.
Англия ақтық сынға оңай жеткен жоқ. Плей-оффтың алғашқы кезеңінде Словакия құрамасынан сүрініп барып тұрып кетті. Одан кейін швейцариялықтар да ағылшындарды үйлеріне қайтаруға шақ қалды. Матч соңындағы пенальтилерді мүлтіксіз орындаған англиялықтар жартылай финалда Нидерландыға қарсы ойнауға мүмкіндік алған. Ойын есебін нидерландылық жас «жұлдыз» Хави Симонс ашып кетті. Жалпы осы турнирде Нидерландының қапталдағы қорғаушысы Дамфрис білгенінен қайта-қайта жаңылды. Түріктермен ойында да, ағылшындарға қарсы кездесуде де Дамфрис өз деңгейінде өнер көрсете алған жоқ. Қауіпті шабуылдардың бірінде англиялық шабуылшы Харри Кейннің соққысына тосқауыл боламын деп қақпасына пенальти әкелді. Кейн пенальти тебуді өз міндетіне алып, есепті теңестірген. Ал, ойынның негізгі уақытының аяқталуына 1 секунд қалғанда матчқа тыңнан қосылған Уоткинс жеңіс голын салып кетті. Осылайша Англия қатарынан екінші рет Еуропа чемпионатының финалына шығып отыр.
Ақтық ойын Германия астанасы Берлиндегі құшағына 74 064 адамды еркін сыйдыратын «Олимпиаштадионда» өтеді. Осыған дейін бір жылда Еуропа чемпионатын да, УЕФА чемпиондар лигасын да жеңген 11 футболшы бар екен. Ертең олардың саны Англия жеңімпаз болса 12-ге, Испания чемпион атанса 14-ке жетеді. Биыл УЕФА чемпиондар лигасын жеңіп алған Мадридтің «Реалының» 4 ойыншысы (Беллингем, Начо, Карвахаль, Хоселу) финалда ойнайды.
Ертең осы уақытқа дейін жұрт сүйсінетін ойын көрсетіп келген Испания жеңе ме? Жоқ, әлде ақтық сынға дейін күш сақтап, картасын жасырып отырған Англияның жолы бола ма? Күтейік.
Пердебаев Бақдәулет
Керемет сараптау. Біліміңе ризамын автор, сөзім жоқ