Қарашаңырақ және қазақ күресі

Кезінде күнгей қаламгерлерінің «төбе биі» атанған марқұм Байдулла Қонысбеков ағамыз «Оңтүстікте үш қарашаңырақ бар!» деп айтып отырудан бір жалықпаушы еді. Оның бірі – жоғары білім берудің ең алғашқы ордасы болған Шымкент педагогикалық институты деп санаса, екіншісі – талай театр тарландарын шығарып, актерлік өнердің орталығына айналған Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры, ал, үшіншісі, қазақ баспасөзінің қарашаңырағы – «Оңтүстік Қазақстан» газеті деп білетін. Мұның бәрі осы ұжымдардың тағдыры талай жылғы ел тарихымен үндесіп жатқаннан кейін айтылса керек.

 

Мәселен, биыл қараша айында «Оңтүстік Қазақстан» газетінің шыға бастағанына жүз жыл толады. Бір ғасырлық тарихы бар газет осы кезеңде өз халқының талайлы тағдырын бірге тартты, азабын бірге көрді, ұлт ретінде сақталып қалудың ауыр жүгін бірдей көтерісті. Қазақ жұрты үшін ол оқу-ағарту жұмыстарын жүргізді. Жергілікті өкіметтің үнжариясы бола отырып, елдегі жаңалықтарды көпшілікке жеткізді, үкіметтің қаулы-қарарларын таратты. Кеңестік кезеңнің саяси қыспағына қарамастан қазақтың көзі ашық оқыған азаматтары газетті ұлттық салт-сананы жоғалтып алмау, халықтық өнер мен мәдениетті хал-қадерінше сақтау жолындағы қолға іліккен жалғыз бұтақтай қарманды. Соған бар күш-жігерін жұмсады. Сондай бұлқыныстың бірі – өткен ғасырдың орта тұсынан аса «Оңтүстік Қазақстан» газетінің қазақ күресін кеңінен насихаттауы, насихаттап қана қоймай, жыл сайын дәстүрлі жарыс өткізуді қолға алуы дер едік.

Сөйтіп, 1958 жылдың мамыр айында газет редакторы Мәди Байтұрсынов бастаған редакция ұжымы өзара кеңесе отырып, тұңғыш рет «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жүлдесі үшін қазақша күрестен жарыс өткізді. Ол кезде ата-бабамыздың белдесу өнері «қазақ күресі» деп те, «барыс» деп те аталмайтын. Ел ішінде қарапайым ғана «қазақша күрес» делінетін. Рас, ол кезде қазақша күресіңіз ауылдық жерлерде ғана кездеспесе, қалалықтар үшін мүлде жат болатын. Мұндағы әртүрлі спорттық үйірмелер ашып, кеңінен айналысуға рұқсат берілген күрес түрлері: «классикалық күрес», «еркін күрес», «самбо» еді, кейіннен оған «дзюдо», «каратэ», т.б. қосылды. Міне, осы кеңестік «қасапшылық саясаттан» ілдебайлап аман қалған қазақтың қалыңдау  ортасы – Оңтүстікте ғана қазақша күресті қайта жандандыруға, бірте-бірте тірілтіп, қатарға қосуға мүмкіндік туды. Соның арқасында қазақша күрес республикаға тарап, өзіндік ережесі мен тәртібі қалыптасты, әдіс-тәсілдері бір жүйеге келтірілді, бірыңғай киім үлгілері пайда болды. Қазақ күресінің облыстық, республикалық турнирлері бірте-бірте ұлғайып, бүгінде халықаралық жарыстарға ұласып отыр. Оның қазақы ережеге сай «баста», «тоқта», «бүк», «жамбас» және басқа да спорттық термин сөздері халықаралық айналысқа түсіп те кетті. Міне, о баста «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бастамасымен қолға алынған осы облыстық дәстүрлі турнирлердің тарихы 2018 жылы жарық көрген «Қарашаңырақ және қазақ күресі» деген кітапта кеңінен баяндалған болатын. Биыл «Оңтүстік Қазақстан» газетінің шыға бастағанына жүз жыл толуына орай бұл кітап толықтырылып, қайта басылып, жарық көрмек.

Оңтүстік өңірінде газет жүлдесі жолындағы ең алғашқы жарыс Шымкент қаласындағы «Спартак» стадионында ұйымдастырылды. Содан бері 66 жыл өтіпті. Осы мерзімде тұп-тура  алпыс бір турнир ұйымдастырылған екен.

«Оңтүстік Қазақстан» газетінің жүлдесі жолындағы турнирлер тарихына қатысты мынадай қызықты мәліметтерді келтіруге болады. Бұл турнирлер 1958-2008 жылдар аралығында, яғни елу жыл бойы облыс орталығы Шымкент қаласында ғана өткізіліп келді. Тек 2009 жылы «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы болып небәрі 27 жасында тағайындалған Бейсенбай Тәжібаевтың бастамасымен газеттің алғашқы нөмірінің шыға бастағанына 85 жыл толу құрметіне Бәйдібек ауданы дәстүрлі турнирді өткізуді өз мойнына алды. Содан бері бұл абыройлы іс-шараны Созақ, Отырар, Қазығұрт, Мақтаарал, Сарыағаш, Шардара, Ордабасы аудандары көтеріп алды. Бұдан соң Арыс, Түркістан және Кентау қалаларында және Келес, Сайрам, Төлеби аудандарында жалғасын тапты.

Өткен ғасырдың елуінші жылдары басталған алғашқы турнирлерде негізінен командалық бәсеке басым болды. Жеңімпаз командаға «Оңтүстік Қазақстан» газетінің ауыспалы кубогы табыс етілетін. Жекелей салмақ бойынша жеңіске жеткендерге Грамота ғана берілетін. Соның өзі жарысқа қатысушылар үшін ерекше ынталандыратын зор мәртебе болатын. «Спартак» стадионында өткен ең алғашқы турнир үш күнге созылған. Оған қаладағы жоғары және орта оқу орындарынан, ірі-ірі кәсіпорындардан құралған он команда, жүзге тарта спортшы қатысқан екен. Ауыспалы кубок алғашқы 25 жыл бойы тек екі команданың: Шымкент педагогикалық институты мен Қазақ химия-технологиялық институтының арасында ғана бөліске түсіп келді. Оның ішінде бас жүлдені ШПИ командасы 14 рет, ҚазХТИ 10 рет жеңіп алыпты. Ал, бір рет баяғы хрущевтік әпербақандық саясатпен Қазақстан өлкелік әкімшілік басқаруға көшкен 1964 жылы Оңтүстік Қазақстан өлкесінің құрамына енген Қызылорда облысына бұйырыпты. Ширек ғасырлық «монополия»  бірте-бірте жойылып, басқалардан да мықтылар шыға бастаған. Сөйтіп, ауыспалы кубокты Шымкент гидромелиоративтік құрылыс техникумы үш мәрте жеңіп алған екен. Бұдан кейінгі кезеңде жоғары және орта оқу орындарында түрлі өзгерістер болып, бірі жабылып, бірі жаңадан ашылып жатты. Олардың ішінде «Оңтүстік Қазақстан» газетінің ауыспалы кубогын көбірек иемдегендер қатарында алдымен Шымкент физкультура техникумы, кейін Шымкент педагогикалық дене шынықтыру институты болған оқу орны, халықаралық қазақ-түрік университеті және Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогика институты бар еді.

Уақыт өте келе ауыспалы кубоктың мәні де өзгере бастады. Оның орнына жалпы командалық есеп бойынша әр команданың рейтингі анықталып қана отырды. Ең жоғары рейтингке Ордабасы ауданы екі рет, Отырар, Келес аудандары мен Түркістан қаласы бір реттен қол жеткізді. Ал, ауыспалы кубок бұдан былай эстафеталық кубокқа айналып, оны дәстүрлі жарысты келесі жылы өткізетін аудандар қабылдап отырды.

Ал, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жүлдесі жолындағы қазақ күресінің бұқаралық сипаты қандай болды дегенге келсек, алғашқы ұйымдастырылған күннен бастап оның бүкілхалықтық қолдауға ие болғанын айтқан жөн. «Мамыр айының жанға жайлы шуақты күндері стадионда өтетін бұл жарысқа Шымкент тұрғындары дәл бір мерекеге жиналғандай көтеріңкі көңіл-күйде келетін» деп жазады сол кездегі тілшілер. «Бұл жарыс кішігірім әлем чемпионатынан кем еместей өте тартысты өтетін,– деп еске алады «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жүлдесі жолындағы жарыстың төрт дүркін «түйе балуаны» Сейдахмет Қонақбаев аға. – Жүлде дегенде қазіргідей автокөлік жоқ, берілетіні – ауыспалы кубок пен жеңімпаздарға бір жапырақ қағаз түріндегі Грамота ғана. Бағалы сыйлықтар кейін шықты ғой. Соған қарамастан турнирге қатысушылардың легі бір басылмайтын...».

Шынында да, алғашқы кезден-ақ бұл турнирге кемі 10-15 команда қатысып, олар 100-ден 130-ға дейін спортшы әкелетін. Ең көп спортшы қатысқан жарыс өткен жылы Төлеби ауданының орталығы Леңгір кентінде ұйымдастырылды. Оған екі жүздей балуан қатысқан екен. Халықтың әлеуметтік тұрмысы жақсарған сайын жан-жақтан демеушілер табылып, турнирдің жүлде қоры нығая түсті. Әр салмақ категориялары бойынша алғашқы үш орынға қол жеткізген жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар беріле бастады. Дүниеден өтсе де осы жарысты ұйымдастыруға еңбегі сіңген газет редакторлары мен тілшілер атындағы жүлделер тағайындалып, олар ерекше өнер көрсеткен балуандарға берілетін болды. Ал, жарыстың абсолютті чемпиондарына, яғни түйе балуандарына жыл сайын автокөлік тігу турнирдің бәсін арттыра түсті.

Әрине, түйе балуандық мәртебесі үшін таласудың өз шарты бар. Бұл белдесулерге тек орта салмақтан жоғары балуандар ғана қатыса алады. Күресте салмақтың ерекше рөл ойнайтыны белгілі. Сондықтан түйе балуандықтың ауыр және аса ауыр салмақтағы спортшылардан ауыспай жататыны рас. Дегенмен, өзінің айла-тәсілімен, жеңіске деген құштарлығымен бұл стереотиптік көзқарасты бұзған спортшылар да болды. Мәселен, Түркістандағы халықаралық қазақ-түрік университетінің студенті Мәди Құрымбаев 2008 жылы 74 келі салмақта күрессе де, өзінен әлдеқайда ауыр қарсыластарын түгел жеңіп, «түйе балуан» атанды. Араға бір жыл салып, 2010 жылы Созақ ауданында өткен жарыста 82 келі салмақта күрескен түркістандық Мәди Құрымбаев «алыптар айқасында» тағы да жеңіске жетіп, көп жұртты сүйсіндірді.

Газеттің бір ғасырлық мерейтойы қарсаңында жекелей салмақ бойынша чемпиондардың бәрін бірдей айтпай-ақ қояйық, олардың саны орасан көп. Тек осы турнирлер тарихындағы ең жас чемпионды атап өтейік. Ол Бәйдібек ауданындағы мектептердің бірінде 9-сыныпта оқитын Ғабит Естебеков болатын. 1988 жылы 52 келі салмақта күрескен ол қарсыластарының бәрін жеңіп, 16 жасар чемпион атанды. Әсіресе, оның 1987 жылғы чемпион, 25 жастағы спорт шебері Бақтияр Маймеров тәрізді бірнеше азулы қарсыластарынан басым түсуін жиналған жанкүйерлер зор қошеметпен қарсы алды.

Енді көпшіліктің ерекше ықылас танытатын «түйе балуандар» тарихына қысқаша тоқтала кетейік. «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жүлдесі жолындағы 1958 жылы басталған қазақ күресі додасының күні кешегі 2024 жылға дейінгі кезеңінде 57 азамат «түйе балуан» атанған екен. Олардың ішінде 22 адам бір-бір реттен жылдың бас балуаны атанса, 12 азамат екі және одан да көп рет «абсолюттік чемпион» биігінен көрінген. Атап айтқанда, Леонид Приказчиков – бес рет, Сейдахмет Қонақбаев, Нұрқабыл Құланов және Ерсұлтан Жұманазаров – төрт реттен, Дархан Төрәділұлы – үш рет, Тұрсынхан Байболатов, Қуатбек Байқожаев, Берік Нұрғалиев, Сәкен Бөлегенов, Мәди Құрымбаев және Қайсар Шамшиддинов екі реттен турнирдің «бас балуаны» мәртебесіне қол жеткізген.

«Оңтүстік Қазақстан» газетінің жүлдесі жолындағы дәстүрлі жарыстың қолға алына бастағанына 66 жыл болса, соның алты жылында бұл іс-шара өтпей қалған екен. Бұл жылдардың бәрі де Қазақ елінің тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде орын алды.

 Алғашқысы – 1994 жылы ірі өндіріс орындарының, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының жұмысы тоқтатылып, қоғамдық меншіктердің бәрі ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кете бастаған, мемлекетке арқа сүйеп қалған көп жұрттың ненің не екенін, болашақ қалай болатынын аңғара алмай басы қатып жүрген кезіне тап келді. Бұдан кейінгі өтпей қалған төрт жыл 1996-97-98-99 жылдарға сәйкес келеді. Бұл кезеңде «жабайы жекешелендірудің» зардабы енді байқалып, «бозторғай басына, тұрымтай тұсына» безіп кеткен уақыт еді. Редакцияның мұндай үлкен іс-шараларды ұйымдастырмақ түгілі, газет шығару үшін қағаз таба алмай, журналистердің айлап жалақысын ала алмай жүрген жылдары болатын. Кейін жағдай бірте-бірте түзелген соң газеттің бас редакторы Оразхан Жарқынбектің басшылығымен дәстүрлі жарыс қайта жанданды.

Ал, 2020 жылы өтпей қалуының басты себебі – «тәжтажал» індетінің таралуынан еді. Қытайда басталған «COVІD-19» індеті бүкіл Еуропаға, Азияға, Америкаға тарап, одан Қазақстанға да жайыла бастады. Жұқпалы ауру салдарынан миллиондаған адам зардап шегіп, талай айтулы азаматтардың өмірін жалмады. Әлем жұртшылығы бұл індетпен күресудің жалғыз жолы – адамдардың жиын-той, басқосуларына тыйым салу, үнемі бетпердемен жүру деп тапты. Қазақстан билігі де мұның бәрін үкіметтік арнайы жарлықтармен жүзеге асырды. Бір жылдай қаһарына мінген «тәжтажалдың» да бірте-бірте беті қайтып, үкімет тыйымдарының күші жойылғаннан кейін қазақ күресінің дәстүрлі жарысы қайта жалғасты. Сөйтіп өмір бірқалыпты арнасына түсе бастады.

Енді міне, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жүлдесі жолындағы ұлттық спортты ту еткен дәстүрлі жарыс одан кейін де үш рет ұйымдастырылған екен. Кезекті белдесулер газеттің жүз жылдық мерейтойына сәйкес келіп, жарыс облыс орталығы – киелі Түркістан қаласында өтті.  Жылдағыдай турнирдің «түйе балуаны» атанған спортшыға «темір тұлпардың» кілті табыс етілді. Бұл жылғы турнирдің бас бәйгесін дзюдодан екі рет Олимпиада ойындарында бақ сынған балуан Дидар Хамза иеленді.

 

Суханберді ОРАЗАЛЫҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті журналисі.

 

Пікір қалдырыңыз