Сом темірге балға бар...

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Футболдан Еуропа чемпионатының ең қызған шағына келдік. Плей-офф бәсекелері басталып, аутсайдерлер таң қалдырып, фавориттер білгендерінен жаңылысып жатқан сәттерге қайта-қайта куә болудамыз. Өткен Еуропа чемпионатының алтын жүлдесін мойындарына таққан Италия құрамасы биыл 1/8 финалдан әрі аса алмады. Басқа мықтылардың да айдарынан жел есіп тұрғаны шамалы.

Швейцария чемпиондардың түсіне кіреді
Мұрат Якин баптайтын Швейцария құрамасы осымен қатарынан екінші рет чемпионды жолдан тайдырды. Осыдан үш жыл бұрын өткен Еуропа чемпионатында швейцариялықтар матч соңындағы пенальти сериясы арқылы сол кездегі әлем чемпионы Франция құрамасын үйлеріне қайтарған. Бұл жолы қазіргі Еуропа чемпионы Италияның түбіне жетті.
Матч толығымен швейцариялық футболшылардың бақылауымен өтті. Бірақ, гол салатын қауіпті сәт ойынның 24-минутында ғана туындады. Брель Эмболо қорғаушылардан сытылып шығып, ұрымтал тұсқа шыққанымен, қақпашы Доннаруммадан айласын асыра алмады.
Швейцария құрамасының матчтағы басымдығы үзіліске дейін-ақ жемісін берді. Сол қапталдан Рубен Варгастан пас алған Ремо Фройлер допты Доннарумма қорғаған қақпаға бағыттаған. Доннарумма керемет қақпашы ғой, алайда, бұл жолы ол отандастарын құтқара алмады. Есеп – 1:0.
Үзілістен кейін алға екілене ұмтылған «скуада-адзурра» қақпаларына екінші голды жіберіп алды. Бұл жолы мергендігімен көзге түскен – Рубен Варгас. Айтпақшы, тістері төрешілікпен сарғайған мамандар осы екінші гол кезінде ереже бұзылғанын қайта-қайта айтып қалуда. Екінші таймда ойынды алаң ортасынан швейцариялықтар бастаған. Алайда, төреші Марчиняктың ысқырығы естілмей жатып-ақ италиялықтар ортадағы сызықтан өтіп кеткен. Ал, екінші гол салынғанша доп алаң сыртына шыққан жоқ. Осыны ескере отырып, италиялықтар төрешіге наразылығын білдіре алатын еді. Бірақ, Италия құрамасының бапкерлері де, ойыншылары да бұл жағдайды назарға алмады. Нәтижесінде Швейцария жарыстың келесі кезеңіне шықты.
Айта кетерлік бір жайт, Швейцария құрамасының осы Еуродағы жеті голын жеті футболшы салған. Ал, осы ойында гол салған Ремо Фройлер Еуропа чемпионатында мергендік танытқан ең егде (32 жас) швейцариялық футболшы атанды. Швейцария құрамасы 1993 жылдан бері Италияны жеңбеген екен. Ал, «скуада-адзурра» 20 жылдан бері алғаш рет Еуропа чемпионатының ширек финалына шыға алмады.

Салынғаны бесеу, есептелгені екеу
Жарыс қожайындары Германия мен Дания арасындағы матчта 5 гол салынды. Алайда, британиялық төреші Майкл Оливер оның үшеуін есептемей тастады. Ойынның төртінші минутында неміс Нико Шлоттербектің салған добы есептелмеді. Майкл Оливер бұл ойын эпизодында Германия футболшылары ереже бұзды деп есептеп, голды санамай қойды. Одан кейін 48-минутта дат Йоаким Андерсеннің голы есептелмеді. Ойын соңында Флориан Вирцтің де соққан добы есепке алынбады. Екі жағдайда да футболшылар ойыннан тыс қалған.
Кездесудің 53-минутында Кай Хаверц 11 метрлік айып добын қақпаға дәл түсіріп, немістерді алға шығарған. Көпшілік бұл пенальтидің әділдігіне күмәнмен қарады. Осы тұста Майкл Оливердің Германияға бүйрегі бұрғанын жазған басылымдар да аз болмады... Пенальти тебілгеннен 15 минут өткен соң Шлоттербектен пас алған Мусиала өзінің осы турнирдегі үшінші голын салып, мергендер тізімінде көш бастады.
Англия «ұшқан» күні Саутгейт те «ұшады»
Егер бапкерді ойын соңында емес, ойын үстінде жұмысынан босату мүмкін болғанда Англия құрамасының бапкері Гарет Саутгейт Словакия құрамасына қарсы матч кезінде-ақ қуылып кетер еді.
Англия–Словакия текетіресі осы плей-оффтағы ең сүреңсіз ойындардың бірі болатыны күні бұрын болжанған. Англия құрамасы шабуыл шебінде Кейн, Сака, Фоден, Беллингем сияқты сақа ойыншылары бола тұра, топтық турнирде небәрі 2 голдан артық сала алмай, жанарларымен жер шұқылап қалған. Ал, 37 жастағы Пекарик пен Куцка ойнап жүрген Словакия құрамасынан жанкүйерлер де көп ешнәрсе күтпеген.
Ойынның есебін словакиялық шабуылшы Иван Шранц ашқанда да ағылшындардың кезекті сүреңсіз ойыны деп топшыладық. Айтпақшы, Шранц қазір Мусиала мен Микаутадзе үшеуі сұрмергендер тізімінде қатарласып келеді.
Екінші тайм басталған тұста Англия есепті теңестіре алды. Алайда, гол салған Фил Фоден оффсайдта қалып қойған екен. Одан кейін Саутгейтке біраз терлеуге тура келді. Оң қапталдағы Букайо Саканы сол қапталға жіберіп, оның орнына Коул Палмерді шығарды. Шабуыл үстіне шабуыл қосқан ағылшындар дегеніне 90+5 минутта ғана жете алды. Мадридтік «Реалдың» ойыншысы Джуд Беллингем айып алаңына әуеден келген допты қайшылап теуіп, британиялықтарды үлкен масқарадан құтқарып қалды.
Экстра-таймның басында Харри Кейн мергендік танытып, «үш арыстанды» алға шығарған. Одан кейін словакиялықтардың шабуылдауға қауһары қалмады. Англия құрамасы ширек финалда Швейцариямен кездеседі.

Гүржілер шалқаймаса да еңкейген жоқ
Грузия құрамасы 1/8 финалда Испания құрамасынан ойсырай жеңілгеніне қарамастан, үйлеріне бастарын тік көтеріп қайтты. Турнир дебютанттары бола тұра, плей-офф бәсекесіне шығуының өзі грузиндер үшін үлкен ерлік. Испаниямен болған ойында гүржілерден ешкім ерлік күтпеді. Десе де, есепті бірінші болып Вилли Саньол жігіттері ашты. Испания қорғаушысы Ле Норманн өз қақпасына гол салып алды. Бірақ, испаниялық жартылай қорғаушы Родри көп ұзамай-ақ есепті теңестіріп тастады. Одан кейін 3 гол салған «қызыл фурия» ширек финалға еркін қадам басты.
Де Ла Фуэнта Кастильо шәкірттерін ширек финалда ауыр сынақ күтіп тұр. Олар жартылай финал жолдамасы үшін алаң иелерімен күш сынасады. Басты титулдан үміткер қос құрама үшін бұл ойын нағыз сынақ болайын деп тұр. Олай дейтініміз, екі құрама да әлі шынайы мықты қарсыласқа жолыққан жоқ. Испания «өлім тобына» түскеніне қарамастан, топтық турнирден оңай өтті. Италия мен Хорватияның ең бір осал құрамына жолықты. Одан кейінгі қарсыластары Албания мен Грузияның осы Еурода жүргендерінің өзі жетістік. Сондықтан да Германиямен болатын ойында Испанияның нағыз шама-шарқын білетін боламыз.

Португалияның қаһарманы Роналду емес, Кошта...
Турнирлік себеттің жоғары жағында мықты құрамалар топтасып қалған. Мәселен, 1/8 финалда Франция мен Бельгияның жолдары түйісіп қалды. Ойын тағдырын матч соңына таман салынған Ян Вертонгеннің автоголы шешіп кетті. Қос құрама да экстра-таймға, одан кейін пенальтилер сериясына әзірленіп жатқан. Вертонгеннің өз қақпасына гол салғаны Бельгияны жерге қаратты.
Енді Франция құрамасы Словенияны пенальти сериясында жеңген Португалиямен күш сынасады. Бұл матчтың жеңімпазы арасынан жеңіп шыққаны Испания–Германия жұбының жеңімпазымен ойнайды.
«Порту» қақпашысы Диегу Кошта Португалияның нағыз қаһарманына айналды. Ол Словенияға қарсы кездесуде бірнеше рет сейв жасап, матч соңындағы пенальти сериясында қақпасына бағытталған соққының бәрін қайтарды. Осы жетістігі арқылы Кошта Еуропа чемпионатында пенальтилер сериясында қақпасын голсыз сақтаған алғашқы қақпашы атанды.
Енді 2016 жылғы Еуропа чемпионатының қос финалисі ширек финалда жолығады. Статистикалық деректерге сүйенсек, Дидье Дешам баптайтын Франция құрамасы бұл жұптың фавориті. Алайда, футболды статистикамен емес, доппен ойнайды. Ал, доп – домалақ.
Оның үстіне Франция құрамасының ойыншылары Бельгияға қарсы ойында қарапайым пас беру кезінде жиі-жиі жаңылысумен болды. Ал, Португалия – ойыншылары мұндай қателікті өз пайдаларына ұтымды жарата алатын ұжымдардың бірі.

Австриялықтардың көз жасы
Ширек финалдың соңғы жұбы Румыния–Нидерланд, Австрия–Түркия құрамаларының арасындағы матчта анықталды. Румыния құрамасы осыдан біраз бұрын «Баварияның» стадионында Украина құрамасын 3:0 есебімен тас-талқан еткен еді. Бір қызығы, румындардың Нидерланд құрамасына қарсы ойыны да дәл осы стадионда өтті. Бұл жолы да есеп 3:0 болды. Алайда, бұл жолғы есеп румындардың пайдасында емес, оның қарсыластарының пайдасында еді.
Ойынның есебін «Ливерпуль» шабуылшысы Коди Гакпо ашқан. Одан кейін дортмундтық «Боруссияның» футболшысы Мален екі рет мергендік танытып, командасын ширек финалға алып шықты. Мален осы Еуропа чемпионатында дубль жасаған алғашқы футболшы атанды.
Эдуард Йорданеску шәкірттеріне тәжірибе жетіспеді. Лондондық «Тоттенхэмде» ойнайтын қорғаушы Дрэгушин бар демесеңіз, басқа футболшылардың бәрі ортаңқол лигаларда ойнайды. Ал, Нидерланд құрамасының ойыншылар тізіміне үңілсеңіз, кілең «сен тұр, мен атайындар»! Осы ойында гол салған Гакпо мен Вирджил ван Дейк «Ливерпульде», Мален Дортмундтың «Боруссиясында», Депай «Атлетикода», Вергвейн «Аяксте» ойнайды. Осыған қарап-ақ қос құрама ойыншыларының деңгейін салыстыра беріңіз.
1/8 финалдың соңғы ойынында Австрия мен Түркия кездескен. Түріктер ойынның бірінші минутында-ақ есеп ашты. Ойынның 56-секундында бұрыштамадан асырылған допқа бірінші жеткен Демираль австриялықтарды қапы қалдырды. Бұл Еуропа чемпионатының тарихында плей-офф кезеңінде соғылған ең жылдам гол болды.
Екінші таймда Мерих Демираль Нидерланд ойыншысы Маленнің ерлігін қайталап, дубль жасады. Бұл жолы да Демираль бұрыштамадан асырылған допқа басын басқалардан бұрын тигізді. Жалпы, бұл ойында салынған үш гол да бұрыштамадан салынды. Австриялықтар да осындай стандартты шабуыл кезінде гол салды.
Түркияны ширек финалға Демиральдің екі голы ғана алып шыққан жоқ. Осы ойында бірнеше тамаша сейвімен көзге түскен Мерт Гюнокты ерекше атап өткеніміз жөн. Әсіресе, ойынның бітуіне санаулы секундтар қалғанда австриялық ойыншының баспен бағыттаған соққысын мысықша атылып, алаң сыртына шығарып жіберген ерлігіне бүкіл түріктер тік тұрып қол соқты. Қазір Германиядағы түрік ағайындарымыз Мерт Гюноктың қолын сүюге кезекке тұрып жатқан болу керек...
Лейпцигте бұл күні жаңбыр толастаған жоқ. Матчтан кейін бұл жаңбыр Австрия ойыншыларының көз жасына ұласты.
Пікір қалдырыңыз