Әміре ән салған Парижде Әнұранымыз да жиі әуелесе, қанеки!

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Тура бір жетіден соң Парижде төртжылдықтың ең басты додасы – жазғы Олимпиада ойындарының жалауы желбірейді. Франция астанасында өтетін ХХХІІІ Олимпиада ойындарының негізгі жарысы 24 шілдеде басталғанымен, жарыстың ресми ашылуы 26 шілдеге жоспарланған. Салтанатты іс-шара стадионда емес, қала ортасындағы өзенде өтеді. Жалпы, Парижге әлемнің 206 елінен 10500 спортшы келеді деп күтілуде. Олар 329 жүлде жиынтығын сарапқа салмақ. Біздің елімізден 80 спортшы (92 жолдама) Париждегі ойындарға аттанды. Спортшылардың саны бойынша бұл тәуелсіздік алған жылдардан бергі ең төмен көрсеткіш. Десе де, спортшыларымыздан үлкен үміт күтеміз. Осы орайда Париж Олимпиадасы қалай өтеді? Қай спортшылардан жүлде күтуге болады? Кімнің мүмкіндігі қандай деген сұрақтарға жауап іздеп көрмекпіз.

Жоғарыда айтқанымыздай, жарыстың ашылу салтанаты ерекше жағдайда өтпек. Алғаш рет Олимпиада ойындарының ашылу рәсімі спорттық нысанда емес, өзенде ұйымдастырылмақ. Спортшылар Сена өзені арқылы кемемен жүзіп өтіп, Трокадеро алаңына келеді. Әр елдің делегациясын өзен арқылы тасымалдау үшін 160-тан астам кеме жұмылдырылмақ.
Жарыстың өту географиясы да ауқымды. Кейбір жарыстар тіпті Еуропаның шекарасынан тыс жерлерде өтеді. Бордо, Сент-Этьен, Нант, Ницца, Марсель қалаларында футбол жарыстары өтсе, гандбол Лилль қаласында ұйымдастырылмақ. Франциялық Полинезия аралының Теахупо елді мекенінде серфингшілер сынға түседі.
Жарыс өтетін спорттық нысандардың 95 пайызы бұрыннан келе жатқан ғимараттар екен. Орталық су спорты кешені мен Сент-Денидегі Олимпиада қалашығы ғана осы ойындар үшін арнайы тұрғызылған. Спортшылар 32 спорт түрі бойынша жүлделерге таласады. Оның 31-і осы уақытқа дейінгі Олимпиада бағдарламасында болса, брейкинг (брейк-данс) Олимпиада бағдарламасына алғаш рет қосылып отыр.
24 шілде күні гандболдан, регбиден, футболдан жарыстар басталып кетеді. Ал, ашылу салтанатынан бір күн өткен соң алғашқы жүлдегерлердің де есімдерін білетін боламыз. Велоспорт, семсерлесу, дзю-до, регби, суға секіру, скейтбординг, нысана көздеу бойынша алғашқы жүлделер 27 шілдеде сарапқа салынбақ.
Енді біздің спортшылардың мүмкіндігіне тоқтала кетейік. Біздің құрама сапында ең көп жолдамаға (10) ие болған – боксшылар. Бокстан ерлер құрамасы толық құрамда қатысса, қыздар арасындағы бәсекеде 3 аруымыз жүлдеге таласып көрмек. Парижден алатын жүлделеріміздің де басым көпшілігі осы бокстан түсетін шығар деп болжап отырмыз. Осыдан бұрынғы Олимпиада ойындарында біздің боксшылар екі қола жүлдені қанағат етсе, осы жолы одан қомақтылау нәтижелер болады деп күтілуде.
Атап айтсақ, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, түркістандық Сәкен Бибосыновтың жолына үмітпен қараймыз. Сәкен Токиода алған қола жүлдесін осы жолы алтын жүлдеге ауыстырады деген үмітіміз бар. Әрине, оңай болмасы анық. Сәкен Бибосыновтың салмағында кіл мықтылар жиналған. Атап айтар болсақ, өзбекстандық Хасанбой Дусматов, кубалық Алехандро Кларо, үндістандық Амит Пангал, ринг қожайыны Біләл Беннама да бұл Олимпиадаға тек алтын аламыз деп келіп отыр. Қалған боксшыларды Сәкен Бибосынов бұған дейінгі жарыстарда жеңіп жүр.
Сонымен қатар 57 келіде өнер көрсететін шымкенттікМахмұд Сабырханнан да жанкүйерлер тек алтын жүлде күтіп отыр. Махмұд жаңа салмаққа бой үйретіп келеді. Десе де, Әбдімәлік Халоков (Өзбекстан), Карло Паалам (Филиппин), Луис Оливейра (Бразилия), Сайдель Орта Родригес (Куба), Джамал Харви (АҚШ) секілді боксшылар оңай шағылар жаңғақ емес.
Боксшылардың арасында Олимпиада жолдамасын соңғы болып иеленген түркістандық боксшы Мұхаммедсабыр Базарбайұлы да бір жүлдеге қол созуы керек. Әрине, шаршап қалмаса. Шаршап қалмаса деген әңгімені тектен текке айтып отырған жоқпыз. Мұхаммедсабыр осы жолдамаға ие боламын деп әуесқой боксшының бір жылда өткізетін жекпе-жегін жарты жылдың ішінде өткізіп тастады. Соның өзінде жүлде бөлісіне араласуына мүмкіндігі жетеді. Оның салмағында да фавориттер көп. Атап айтсақ, жарыс иесі Софиан Умиа жергілікті жанкүйерлердің көзінше ұятқа қалғысы келмейді. Одан бөлек өзбекстандық қандасымыз Руслан Абдуллаевтың да әлем чемпионатындағы жеңісінің кездейсоқ болмағанын дәлелдейтін уақыты келді. Тәжікстандық Баходур Усманов, кубалық Эрисланди Альварес те осы Олимпиададан құр қол қайтуды ұят санайды.
Ел қоржынына алтын жүлде салуға басты үміткерлердің бірі – Асланбек Шымбергенов. Құрама капитанына алтын жүлдеге жету үшін Асахуджа Муйдинходжаев (Өзбекстан), Нишант Дев (Үндістан), Севон Окадзава (Жапония) секілді боксшылар қатты қарсылық көрсетуі мүмкін. Бұлардың алғашқы екеуін Асланбек осыған дейін жеңіп қойған. Ал, Севон Окадзавада кеткен есесі бар. Соңғы Азия ойындарының жартылай финалында екеуі кездесіп, төрешілер күмәнді жағдайда жеңісті жапониялық боксшыға беріп жіберген. Айтпақшы, осы 71 келі салмақ дәрежесінде кубалық боксшылар Олимпиадаға жолдама ала алмапты...
Әлем чемпионы Нұрбек Оралбай да осы Парижде біразға шабуы тиіс. Ташкенттегі әлем чемпионатынан алтын жүлде алып келген Нұрбек одан кейін халықаралық жарыстарда жарқырап көріне алмады. Нұрбектің салмағындағы боксшылар да кілең «сен тұр, мен атайындар». Украиналық Александр Хижняк, италиялық Сальваторе Кавальяро, қытайлық қандасымыз Тоқтарбек Таңатқан, филиппиндік Эумир Марсьяль, иорданиялық Хуссейн Ишаиш Парижде барын салары түсінікті. Нұрбек Оралбайдың Олимпиададағы тағдыры жеребеге байланысты болып тұр. Турнирлік себеттің оңай жағына түсер болса, жүлдеге жетуге мүмкіндік бар.
Нұрбектің сыңары Айбек Оралбай 92 келіде ел намысын қорғайды. Жалпы, жоғары салмақтарда еуропалық боксшылардың бәсі басым. Бұл салмақта жүлдеден басты үміткерлер қатарында Италия туы астында өнер көрсететін Азиз Аббес Мухиддин, бразилиялық Кено Машадо бар. Сонымен қатар кубалық боксшылар да жүлдеге таласады. Бокс-
шылар деп көпше түрде айтуымызға да негіз жоқ емес. Испания намысын қорғайтын кубалық Эммануэль Рейес, Әзербайжан туының астында өнер көрсететін Лорен Альфонсо, өз отанының атынан шығатын Хулио Сесар ла Круз да жүлде бөлісіне араласады. Өзбекстандық Лазизбек Муллажанов пен британиялық Патрик Браунды естен шығармағанымыз абзал.
Абсолютті салмақта өзбекстандық боксшы Баходир Жалоловты тізе бүктіретін боксшы әзірге табылмай тұр. Оның екінші рет қатарынан Олимпиада чемпионы атануына кедергі келтіретіндердің қатарында біздің Қамшыбек Қоңқабаев, АҚШ боксшысы Джошуа Эдвардс, бразилиялық Абнер Тейшейра, әзербайжандық Мухаммед Абдуллаев бар. Жалпы, бұл салмақта кез келген боксшы жүлдеге таласуы мүмкін. Салмағы ауыр боксшылардың арасындағы бәсекеде шеберліктен бөлек бір ғана ауыр соққы жекпе-жек тағдырын шешіп кетуі ықтимал.
Боксшылардан бөлек жеңіл атлеттер де қоржынға көбірек жүлде салса дейміз. Ольга Сафронова, Надежда Дубовицкая мен Давид Ефремов халықаралық жарыстарда топ жарып жүр. Бұл үшеуі осы додада да ел қоржынына жүлде салады-ау дегендердің қатарында. Сонымен қатар Кениядан алдырған қос жүйрік Дейзи Джепкемей мен Нора Джерутодан тек алтын жүлде күтеріміз даусыз. Джеруто 2022 жылы жеңіл атлетикадан әлем чемпионатында топ жарып, Қазақстан тарихында жаһандық додада алтын жүлдеге қол жеткізген алғашқы спортшы атанған. Енді Джерутоға Парижде атой салатын кез келді.
Сонымен қатар балуандарымыздың да жолына үмітпен қараймыз. Әсіресе, дзю-до бәсекесінде Елдос Сметов пен Әбиба Абужақыновадан күтеріміз көп. Грек-рим күресі бойынша Айдос Сұлтанғали мен Демеу Жадыраев тыңғылықты дайындалса, үздік үштікке енуі әбден мүмкін. Еркін күресте бар үмітіміз Азамат Дәулетбеков, Әлішер Ерғали мен Юсуп Батырмұрзаевта болып тұр.
Сонымен қатар осымен екінші Олимпиадасына қатысқалы отырған  гимнаст Милад Каримидің жүлдеге таласатын уақыты келді. Жапония астанасындағы Олимпиадада Милад үш бірдей сайыс бойынша финалға шығып, жүлдеге іліне алмаған. Ол еркін жаттығу сынында бесінші орынға тұрақтаған еді. Токиода жинаған тәжірибесі Парижде көмектеседі деп үміттенеміз.
Қоржынға күтпеген жерден жүлде салуы мүмкін спортшылардың қатарында семсерлесуші жігіттер де бар. Олар жақында ғана Азия чемпионатында командалық жарыста алтын жүлдеге ие болды. Финалда қазіргі Олимпиада чемпиондары Жапония құрамасының өзін сүріндірді. Бұл сында алтын жүлдеге Италия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея мен Қытай атлеттері таласары түсінікті. Осылардың арасынан біздің жігіттерді де көріп қалсақ дейміз ғой!
Париждегі ойындар 15 күнге созылып, 11 тамыз күні жабылу салтанаты өтеді. Олимпиада ойындарының жабылу салтанатына белгілі актер Том Круз қатысады деп күтілуде. Круз 2004 жылы Афины Олимпиадасының алауын ұстап, шеруге қатысқан. Жазғы ойындардың жабылу салтанаты Париждегі «Стад-де Франс» стадионында өтпек.
Осыдан тура 100 жылдай бұрын (1925 жылы) Париж төрінде қазақтың әнін әуелеткен Әміре Қашаубаев атамыздың өнеріне таң қалған әйгілі француз жазушысы Ромен Роллан «Мен Шығыста әншіні неге бұлбұлға теңегенін енді түсіндім» деген екен. Осы Олимпиада ойындарынан кейін тағы бір спорт сарапшысы тұрып, «Мен Қазақстанның туында биікте самғайтын қыранның неге тұрғанын енді түсіндім» деп айтса, қанеки! Әміренің әні әуелеген қалада Әнұранымыз да жиі шырқалса дейміз. Ендеше, құшағыңды аш, Париж! Біз сені тағы бір мойындату үшін келе жатырмыз.

Пікір қалдырыңыз