Бақытты Ямаль немесе Испания төрт дүркін Еуропа чемпионы!

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Күллі әлемнің жанкүйерлері бір ай бойы түн ұйқысын төрт бөліп көрген футболдан Еуропа чемпионаты да аяқталды. Ақтық ойында Испания құрамасы Англияны тізе бүктіріп, құрлық чемпионы атанды. Осымен «қызыл фурия» Еуропаның 4 дүркін чемпионы атанып отыр. Ол бұл көрсеткіш бойынша немістерді (3 чемпиондық) артқа тастап, жеке дара көш бастады.

Егер осы чемпионатта Англия жеңімпаз атанып кеткенде бар ма, бұл тарихтағы ең бір сүреңсіз өткен Еуропа чемпионаты ретінде бағаланар еді. Десе де, ағылшындар финалдық матчтың бірінші таймында қарсыластарына қарағанда батылырақ ойнады. Қауіпті сәттер бойынша испандарды тіпті басып озды. Бірақ, алғашқы 45 минутта қос командада да есеп ашатын мүмкіндік болмады. Испания сапында сол қапталда әдеттегідей Нико Уильямс пен Марк Кукурелья, оң қапталда Ламин Ямаль мен Дани Карвахаль шабуыл ұйымдастырып отырды. Ағылшындар да қарап қалған жоқ. Люк Шоуға қорғаныс үшін көмекке Беллингем, Уокерге Сака келіп отырды.
Саутгейт финалға 4-4-2 схемасын дайындаған екен. Беллингем мен Сака екі қапталдағы қорғаушылардан сәл жоғары позицияда ойнаса, Фил Фоден «Кейннің қасында жүресің» деген тапсырма алған. Осылайша Фоден өзінің «Манчестер Ситидегі» командаласы Родридің қыр соңынан қалмай жүрді.
Алғашқы таймды голсыз аяқтаған қарсыластар, екінші таймға ерекше жігермен кіріскен. Әсіресе, испаниялықтар сауаттырақ қимылдады. Ойынның 47-минутында Ольмо–Ямаль–Уильямс үштігі бас айналдырарлық шабуыл ұйымдастырып, Пикфорд қорғаған қақпадан саңылау тапты. Жалпы бұл сәтте ойын эпизодына тікелей араласпаса да, Моратоның еңбегі ерекше болғанын айта кеткеніміз жөн. Ол орталық шабуылшы ретінде англиялық қорғаушыларды өзімен бірге ала кетіп, командаластарының гол салуына тамаша жағдай жасап берді.
Рас, бірінші таймда Моратоның ойыны жүрмеді. Оның үстіне оны тәжірибелі қорғаушы Стоунз тырп еткізбеді. Екінші таймда шабуылшының ойыны өзгеріп, алаңға басқа Морато шыққандай әсерде қалдырды.
Екінші таймның орта тұсынан ауғанда қос бапкер көпшіліктің таңданысына орай орталық шабуылшыларын ойыннан алып тастады. Моратоның орнына Оярсабаль, Кейннің орнына Палмер шықты. Саутгейттің бұл қадамы сәтті болды. Палмер ойынның бітуіне 20 минуттай қалғандай алыстан шірене тартып, допты Симон қақпасына шегеше қадады.
Бұл матч та экстра-таймға созылатын шығар деп болжағанымыз сол еді, ойынға тыңнан қосылған Оярсабаль да өз сөзін айтты. Негізгі уақыттың аяқталуына 4 минут қалғанда Кукурельядан әдемі пас алған «Сосьедад» шабуылшысы Пикфордты қапы қалдырды. Есепті теңестіруге ағылшындардың шамасы жетпеді.
Испания сапындағы Ламин Ямаль Еуропа чемпионатын жеңген ең жас ойыншы болғанымен қоймай, осы турнирдің ең үздік жас футболшысы атанды. Ал, 2012 жылы Еурододада жеңіске жеткен құрамада өнер көрсеткен 38 жастағы қорғаушы Хесус Навас осы жолы да чемпионаттың алтын жүлдесін мойнына тағып отыр.
Испания құрамасының бапкері Луис де ла Фуэнта өзінің алғашқы ірі турнирінде-ақ командасын чемпиондыққа жеткізген бапкер атанды. Ол француз Реже Лемердің нәтижесін қайталады. Лемер де Франция құрамасының тізгінін ұстай сала Еуропа чемпионы атанғаны бар. Ал, жалпы Луис де ла Фуэнта бапкер ретінде осымен үшінші рет Еуропа чемпионатын жеңіп отыр. 2015 жылы ол Испанияның 19 жасқа дейінгі құрамасын жаттықтырып, «қарт құрлықтың» біріншілігін жеңіп алған. Сол құрамнан осы Еуропа чемпионатында Родри мен Мерино алаңда жасындай жарқылдады. 2019 жылы Испания жастар құрамасын жаттықтырған де ла Фуэнта тағы да Еуропа біріншілігінің алтын жүлдесін жеңген. Ол кезде қазіргі құрамнан Унаи Симон, Фабиан Руис, Дани Ольмо, Микель Оярсабаль мен Мерино болған екен.
Испания осы турнирде ең бір жақсы ойын өрнегін көрсеткен команда болды. Осы турнирде 7 ойын өткізіп, соның бәрінде жеңіске жетті. Жартылай финалда француздардан жеңіліп жатып, жеңісті қалай жұлып әкеткенін әлі талай ұрпақ әңгіме етеді. Луис де ла Фуэнта есімі де футбол әлемі үшін басты жаңалық болды. 2013 жылы «Алавес» клубы басшыларының көңілінен шықпаған де ла Фуэнта жұмыссыз қалған. Бірақ, 2014 жылдан бері Испанияда қандай футболшы өсіп шықса, соның басым көпшілігі осы Луис де ла Фуэнтаның тәлімін көргендер.
Турнирдің басты «жұлдызы» деп 16 жасар (финалдан бір күн бұрын 17-ге толды) Ламин Ямальді айта аламыз. Ол осы турнирде 4 рет голдық пас беріп, Еуропа чемпионаттары тарихындағы рекордты қайталады. Еуропа чемпионатында гол салған ең жас ойыншы атанды. Оның Франция қақпасына салған голы осы турнирдің ең әдемі голдарының бірі ретінде тіркелді.
Родри мен Руис Испания жартылай қорғанысының абыройын аспандатпаса, түсірген жоқ. Еуропа чемпионаты басталғанға дейін Родридің шеберлігіне күмән келтіргендер аз болса, Руиске сенбей қарағандардың қатары қалың еді. «ПСЖ» ойындарын осы Германия жеріндегі турнирде өткізді десек қателеспейміз.
Карвахаль секілді «гладиаторы», Ольмо секілді «джокері», Кукурелья секілді латералы бар Испания футболы расында да бақытты. Ал, мектепте оқып жүріп-ақ Еуропа чемпионы атанған Ямаль бәрінен де бақытты һәм бәрінен де сүйкімді.
Айтпақшы, Испанияда тойдың көкесі болып жатыр. Еуропа чемпионатының финалымен қатарласа, теннистен «Уимблдон» турнирінің ақтық ойыны өтті. Онда испаниялық жас «жұлдыз» Карлос Алькарас сербиялық Новак Джоковичті жеңіп, Испанияға тағы бір мереке сыйлады. Осы екі оқиғаға байланысты Мадрид көшелерінде бүгін-ертең ұлан-асыр той. Оның қашан тарқайтыны бізге беймәлім.

Пікір қалдырыңыз