Жігіттер ерледі!

Ерболат Айнабеков,
«Оңтүстік Қазақстан».

Италияның Бусто-Арсицио қаласында өткен Париж Олимпиадасының іріктеу турнирінде қазақстандық боксшылар 5 жолдама иеленді. Ханчжоудағы Азия ойындарында Қамшыбек Қоңқабаев пен Карина Ибрагимова төртжылдықтың басты додасының жолдамасын жеңіп алған болатын. Осылайша бокстан Қазақстан ерлер және әйелдер құрамасының қоржынында әзірге 7 жолдама бар. 

Олимпиададағы ең жеңіл 51 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы Сәкен Бибосыновтың жолдама иеленгенін айттық. Сәкен бұл турнирге өте тыңғылықты дайындалып келгендігін көрсетті.
Жаңа салмаққа (57 келі) ауысқан тағы бір әлем чемпионы Махмұд Сабырхан да Олимпиада жолдамасын иеленді. Ол ширек финалда тәжікстандық Асрор Вохидовты тізе бүктірді.
Ұлттық құраманың капитаны Асланбек Шымбергенов те Париж Олимпиадасының жолдамасына ие болды. Ол ширек финалда әзірбайжандық боксшы Сархан Әлиевті жеңді. Асланбек осыған дейін Азия мен әлем чемпионатының алтын медалін иеленген. Енді солардың қатарына Олимпиада алтынын қоссам деген  арманы бар.
Қазақстан спорты тарихында тұңғыш рет егіздер бір Олимпиадада жүлдеге таласады. Ерлер сапында 80 келіге дейін ел намысын қорғаған Нұрбек Оралбай мен оның сыңары Айбек Оралбай (92 келі) Париж Олимпиадасының жолдамасын осы жарыста иеленді. Егіздердің бір Олимпиадада өнер көрсетуі бокс тарихында небәрі бесінші рет орын алғалы тұр. 1936 жылғы Берлин Олимпиадасында даниялық, Мәскеу Олимпиадасында польшалық (біреуі күміс жүлде иеленген), Пекин Олимпиадасында пуэрто-риколық, Токио Олимпиадасында британиялық (біреуі күміс жүлде иеленген) егіздер өнер көрсеткен-ді. 
Осы турнирде жалпы саны 5 жолдама иеленген Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте де 5-орыннан көрінді. Мүмкін болған 13 жолдаманың 12-сін иеленген Австралия құрамасы 1-орынды иеленсе, 10 жолдама жеңіп алған Бразилия екінші орынға ие болды. Үздік үштікті Өзбекстан құрамасы (9 жолдама) түйіндеді.
Италияға аттанған жігіттер арасында 63,5 келіге дейін өнер көрсеткен Мұхаммедсабыр Базарбайұлының ғана жолы болмады. Ол екінші айналымда болгариялық боксшы Радослав Росеновке жол берді. Ал, арулар арасында жолдамаға таласқан 5 боксшымыз да лицензия иелене алмай, елге бос қоржын қайтты.
Париж Олимпиадасына соңғы іріктеу жарысы 23 мамыр мен 5 маусым аралығында Тайландта өтеді.  
Пікір қалдырыңыз