Ұстаздар ұмытылмайды

Ордабасы ауданындағы «Қарақұм» жалпы орта мектебінде Ұлы Отан соғысының ардагері, көп жыл математика пәнінен ұстаздық еткен  Әуесбек Бекбауовтың 100 жылдығына арналған  «Ұстаз аты мәңгілік, жадымда тұрар жаңғырып» атты  еске алу кеші өтті. Іс-шараны оның ұрпақтары білім ошағының мұғалімдерімен бірлесіп ұйымдастырды. Алғашқы бөлімде   математикадан аймақтық олимпиада өтті. Оған Ордабасы ауданындағы бірнеше мектептің 10-11-сыныптарында оқитын 20-дан астам шәкірт қатысты.  

Мәжіліс залына марқұмның перзенттері, Алматы, Тараз, Шымкент қалаларынан келген туыстары және ауыл тұрғындары жиналды. Кешке жиналғандарға Әуесбек Бекбауовтың өмірбаяны таныстырылды. Ол 1924 жылы Қарақұм ауылында дүниеге келген. Анасы Қантай сонау ашаршылық кезінде азық іздеп, үдерген көшке ілесіп, 4 жасар қызын қайнағасына тастап, ұлын жетелеп Тәшкенге жол тартыпты. Мақсат –  тар құрсағын кеңейткен жалғыз ұлын аштықтан  аман алып қалу еді. Сол жалғыз ұл Әуесбек Қарақұмға оралып, жетіжылдық мектепті үздік бітірді. Колхозда есепші болып еңбек етті. 18 жасында екінші дүниежүзілік соғысқа аттанып, генерал Панфиловтың дивизиясы сапында Смоленск, Орш, Витебск қалаларын азат ету ұрыстарына қатысты. 1944 жылы аяғынан  ауыр жарақаттанып, елге оралды. Төрткүлдегі дүкендерде қоймашы, дүкенші қызметтерін атқарды. Бойын білімге деген құштарлық билеп, Алматы қаласындағы Қарғалы сауда-кооперативтік техникумына оқуға қабылданып, оны ойдағыдай бітіріп шықты. Одан соң Шымкенттегі педагогикалық институттың физика-математика факультетін тәмамдады. 1953 жылдан бастап «Төрткүл» орта мектебінде ұстаздық қызмет атқара бастады. Оның  сыпайы әңгімесі, мейірімділігі, көзіндегі жылулық, сөзіндегі тұрақтылық барша жанды өзіне баурап алатын. 1969 жылы Қарақұмға қоныс аударып, осындағы білім ұясында еңбегін жалғастырды. 1982 жылы зейнеткерлікке шығып, 1988 жылы дүниеден озды.
Ә.Бекбауов 1955 жылы Фатима Панзабекқызымен отау құрды, 5 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірді. Бәрі әкесі сияқты зерек болып өсіп, оқу озаттары атанды, жоғары білім алды. Тұңғышы марқұм Мұхтар – инженер-механик, Асқар – инженер-экономист, көп жыл Қарақұм ауылдық округінде бас маман болыпқызмет атқарып, бүгінде зейнеткерлік демалыста. Саттар – Алматы қаласында денсаулық сақтау  саласында еңбек етеді, медицина ғылымдарының докторы, профессор.  Бақытжан – инженер-экономист қызметінде жүріп, өмірден озды. Руслан – жоғары білімді қаржыгер, қазір кәсіпкер. Тұңғыш қызы Күләш та, одан кейінгі Нағима мен Жанна да әке жолын қуып, ұстаздық жолды таңдаған.
       
Беркінбек ЖАҚЫПҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Пікір қалдырыңыз