Қолында – күрек, кетпені, алдында – бала-шағасы!

Сабырбек Олжабай,
«Оңтүстік Қазақстан».

Ғ.Мұратбаев атындағы Жетісай педагогикалық колледжін бітірген Марат бастапқыда мамандығына сай жұмысқа тұра алмады. Білімін одан әрі дамытуға отбасылық жағдайы көтермеді. Әр жұмыстың басын шалып жүрген күндерінің бірінде оған «мен неге өз кәсібімді ашпаймын» деген ой келді. Мұны әкесі Оралбек те қоштады.

– Балам, бүгінде кім еңбек етсе, соның ғана жұлдызы жарық, маңдайы ашық. Осы жасқа келгенше қара жерден нәпақа тауып, отбасымызды асырап келеміз. Жон арқаңнан қара терің сорғалап, аянбай еңбек етсең қара жер қарыз арқаламайды. Табыс та, байлық та осы жерде, – деді Орекең.
Мараттың қолтығына папкі қыстырып, мектепке барып, келіп алаңсыз жатамын деген арманы осы жерден үзілді. Осыдан соң ол шаруашылықпен айналысуға белін бекем буды. Бұдан жаман болған жоқ.
Ж.Қалшораев ауылындағы «Айдос» шаруа қожалығы бүгінде аудандағы танымал еңбек ұжымы. Қожалық былтыр 16 гектар жерге қауын екті. 50 тонна қауынды егістік басынан іріктеп, Ресейге жөнелтті. 3 гектар жерге мақта еккен. Оның әр гектарынан 30 центнерден ақ ұлпа жинады. Осы өнімдердің өзі жыл бойғы шығынды жауып, отбасылық бюджетке қомақты қаржы әкелді. Мемлекетке тиісті салығын төлеп тастады.
Әрине, осы жұмыстың барлығын Марат бір өзі атқарған жоқ. Шаруа қожалығындағы Рамазан, Диас Жантілесовтердің қосқан үлесі едәуір. Жалпы, терім кезінде шаруа қожалығында 60-70 адамға дейін жұмыс істеп, тиісті еңбекақыларын алып кетеді.
Марат Көлбаев  егістік алқабын биылғы жылдың өнімі үшін ерте дайындады. Әуелі барлық алқабын шөп-шаламнан, паядан, пәлектерден тазалап шықты. Осыдан соң тыңайтқыш тастап, суаруды бастады. Күздің қара суығында резеңке етік киіп жүріп, 16 гектар жерді толық суарып шығу кім үшін де оңай емес. 
Біз жас кәсіпкермен былтырғы қоңыр күздің ызғарлы бір күні жолыққан едік.
– Осы жұмыстарды атқарып біткен соң қыстай соғым жеп жатасыңдар ма? – деймін  Марат Оралбек-ұлына әзіл-қалжыңы аралас.
– Аға, қайдағы жатыс? Шаруаның қыста да қарбаласы біткен бе? 15 жылқы, 5-6 сиыр, біраз уақ мал бар. Соның өзі көктемге дейін тыным таптырмайды. Олардың жемшөбі, қыстай күтімі бізді ұйықтатады дейсіз бе? – деп Марат бізге аңтарыла қарады.
«Айдос» шаруа қожалығы қыстай мал бордақылап, оларды ауылдастарына, көршілес кооперативтерге сатады екен. Сатылғандарының орнына тағы да мал алып, бордақылайды. Мұның өзі айтарлықтай жұмыс әрі табыс. Қожалық жұмысшыларына жыл он екі ай төленер айлық жалақы осындай табыстар арқылы да өтеледі. Оның үстіне  техникаларын  қыс бойы жөндеп, көктемгі егіс жұмыстарына сақадай сай етіп қояды.
Иә, көзін тапқанға жұмыс қай жерден болса да табылады. Қазір «жұмыс жоқ» деп қол қусырып отыратын кез емес. Қимылдаған қыр асады. Оралбек отбасына осы  өнегені сіңірумен келеді. Сондықтан ол балаларының барлығын жастайынан еңбекке баулыды. Тіпті немерелеріне дейін жұмыс істеуге үйретіп жүр. Ала жаздай атасы мен әкесіне ілесіп егістік басында жүретін, атқа мінгесіп жайылымға баратын бала шаруаға көзі қанығып өспей ме?
– Ертең біздің осы ісімізді мыналар жалғайды, – дейді Оралбек немерелерін көрсетіп.
Немере демекші, Марат пен Айдана келіннің екі ұл, екі қызы бар. Айдана балалар бақшасында тәрбиеші болып жұмыс істейді.
– Аға, бала тәрбиесін мына келініңізге бердік. Мен дала қаһармандары тәрбиесімен айналысамын. Негізі жұмыстан қорықпау керек. Жастайынан мал қайырып, күрек ұстап өскен бала қара жаяу болмайды. Өз нанын өзі тауып жеуге үйренеді. Мен өмірден осыны түсіндім, – деді Марат бізбен қоштасарда.
Өмірдің өзі шыңдаған, еңбекпен есейген отбасы алдағы күндеріне сеніммен қарайды. Ертеңдері айқын. Қолдарында күрек, кетпен бар. Алдарында жұмыс бар. Ел аман, жұрт тыныш. Балалар шапқылап жүр. Көлбаевтар үшін бұдан басқа бақыт та керек емес.

Мақтаарал ауданы.
Пікір қалдырыңыз