Жастар несие алуға неге құлықсыз?

Жуырда Мақтаарал ауданы әкімдігінің мәжіліс залында жастарға берілетін 2,5 пайыздық несие бойынша жиын өтті. Аудан әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлованың төрағалығымен өткен жиынға  жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нұрғали Елшібаев, ауданның мансап орталығының директоры Мұхтар Әжіқабылов, кенттер мен ауылдық округ әкімдері, әлеуметтік сала мамандары және  жастар қатысты.

 Жиында сөз алған Н.Елшібаев аталған Ұлттық жоба шеңберінде 21-35 жас аралығындағы 30 азаматқа жеңілдетілген негіздегі 2,5%-дық микрокредит беру жоспарланғанын атап өтті. Жоспарды орындау бойынша әрбір кент, ауыл әкіміне кәсіпкерлік қызметті бастауға ниетті жастардың ішінен кемінде 3 адамды дайындап, бизнес жобасын әзірлеуге, кейіннен конкурсқа қатысқанша толық сүйемелдеу міндеті жүктелгенін айтты. Бүгінгі күнге дейін аудан бойынша 2 азамат микрокредиттің осы түріне қол жеткізді.  Бүгінгі  таңда 2 кент пен 9 ауылдық округте 14 азамат микрокредит алуға құжаттарын дайындауда. 

«Микрокредиттің осы түрін алу үшін белсенділік төмен, өйткені, бірқатар кедергілер бар. Атап айтқанда, кепілге қойылатын қозғалмайтын мүліктің төмен бағалануы немесе жылжымайтын мүлік құжаттарының дұрыс болмауы, сондай-ақ кредит алуға ниетті азаматтардың Түркістан қаласына барып, бизнес-жоспарын қорғауға құлықсыз екендігі себеп болып отыр» деді Н.Елшібаев. 

 Жиында 2,5 пайыздық несиені алу барысындағы кейбір мәселелер жөнінде аудандық мансап орталығының директоры М.Әжіқабылов та өз пікірін білдірді. 

Жиынға қатысушы жастар тарапынан сала басшылары мен мамандарға сұрақтар қойылып, қанағаттанарлық жауаптар берді. 

Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ. Мақтаарал ауданы. 


Пікір қалдырыңыз