Мемлекеттік грант – мол мүмкіндік

Сарыағаш ауданында мемлекеттен грант алып, мал шаруашылығымен айналысатын тұрғындар қатары көбейіп келеді. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті қолдаудың ұлттық жобасы» аясында жүргізіліп отырған бұл жұмыстың халыққа тигізер пайдасы зор. Мемлекет тарапынан берілетін гранттар жаңа бизнес идеяларды іске асыруға жол ашып отыр. Аудан әкімі Арман Абдуллаев аталмыш бағдарламаға қатысушы кәсіпкерлердің жай-күйімен танысу мақсатында елді мекендерді аралады. Бүгінде шағын және орта бизнесті қаржылай қолдау ісі шаруасын дөңгелетіп отырған азаматтардың кәсібіне көп көмегін тигізуде. Осындай жандардың бірі Қызылжар ауылдық округінің тұрғыны Е.Бөртебаев қой шаруашылығымен айналысып отыр. Кәсіпкер ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында ағымдағы жылдың сәуір айында мемлекеттік грант алып, асыл тұқымды «қисары» қой тұқымын сатып алған. Қазіргі кезде үйіргелік қорасында мал басын көбейтіп, ауыл тұрғындарын етпен қамтамасыз етуді көздеуде. Сондай-ақ, кәсіпкер алдағы уақытта кәсібін ұлғайтумен қатар, ауыл жастарын тұрақты жұмыспен қамтуды да жоспарлап отыр. 
Мемлекеттің жеке кәсіпкерлерді қолдауы халықтың әл-ауқатын көтерумен қатар, экономикаға қосар үлесі зор. Аталмыш бағдарламаның іске асырылуы ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, еңбек етуіне көп жағдай жасайды. Тұрғындар тек еріншектікке салынбау керек, – дейді аудан әкімі. 
Сонымен қатар, аудан басшысы аталған ауылдық округ тұрғыны Т.Секеровтің шаруашылығымен танысты. Биыл мемлекеттен қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп отырған шаруа шаруашылығына екі бас құлынды бие сатып алды. Кәсіпкер ата жылқы шаруашылығымен айналысып қана қоймай, бүгінде қымыз, саумалды халыққа кеңінен насихаттап отыр. Әзірге шаруашылығында бір адамды жұмысқа тартқан.  
Былтырғы 9 айдың қорытындысы бойынша Сарыағаш ауданында жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 18 мың бірлікті құрады. Осы кәсіпкерлік нысандары арқылы 43 251 адам жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ, «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша 400 млн. теңгеге 3 жоба мақұлданды. Демек, саялы сарыағаштықтардың өз ісін ашуы және дамытуы үшін жағдай жасауға барынша ден қойылған.                              
                                                                                             
Альвира ПАЙЫСХАН. 
Пікір қалдырыңыз