Электронды үкімет арқылы заңды тұлғаларды тіркеудің тәртібі қандай?

Қазір – цифрлы технологияның заманы. Өз шаруаңызды жылдам бітіріп, сарылып кезекте тұрғыңыз келмесе, сіз үшін барынша ыңғайлы техникалық мүмкіндіктер қарастырылған. Мемлекеттік қызметтерді онлайн түрінде Еgov порталы арқылы пайдалануға болады. Соның ішінде біз бүгін заңды тұлғаларды электронды үкімет веб-порталы арқылы қалай тіркеуге болатынына тоқталмақпыз. 

Жалпы, электронды үкіметтің көмегімен түрлі мемлекеттік қызметтер алу, коммерциялық қызмет көмегін алу, өтініш беру және лицензия алу, бюджеттік төлемдерді төлеу, мемлекеттік органдардың жұмысы жайлы ақпарат алу, электрондық цифрлы қолтаңба әзірлеу мүмкіндіктері қарастырылған. 
Ал, енді заңды тұлғаларды электронды үкімет арқылы тіркеудің тәртібі қандай дегенге келсек, заңды тұлғаларды қайта тіркеу рәсімін тіркеу органдары жүзеге асырады. Заңды тұлғаны қайта тіркеу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ға жүгіне аласыз.
Бизнесті тіркеу рәсімін жеделдету мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру және оңтайландыру процесінің арқасында мүмкін болды. Егер бұрын өтініш беруші мемлекеттік органға көптеген құжаттармен келіп, тіркеуді алу үшін деректерді тексеруді бес күнге дейін күткен болса, бүгінде бүкіл рәсім электрондық түрде бір тәуліктен аспайды. 
Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу Қазақстан Республикасының «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» заңына сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік тіркеуге Қазақстан Республикасы аумағында құрылған, олардың құрылу мақсаты, түрі және сипаты, іс-әрекеті, қатысушылар құрамына қарамастан барлық заңды тұлғалар жатады. Заңды тұлғаның қызметі ретінде мемлекеттік тіркеусіз рұқсат берілмейді. Мемлекеттік тіркеуі жоқ қызметтен алынған табыс Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, республикалық бюджет табысына алынады.
Шағын кәсіпкерлікке тиесілі заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу «Электрондық үкімет» веб-порталында толтырылады және электрондық хабарлама жіберу арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ, орта кәсіпорындар да «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы мемлекеттік тіркеу үшін өтініш бере алады. Электрондық тіркеу арқылы бір сағат ішінде бизнес-сәйкестендіру нөмірі тағайындалған электрондық сертификаттар беру арқылы заңды тұлға мәртебесін растайды. Заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу өтінішін тіркеуші органға қолын қойып құрылтайшы немесе құрылтайшылардың бірі немесе уәкілдік берілген тұлға береді.
Электронды үкімет порталына электрондық цифрлы қолтаңба арқылы тіркелген сәттен бастап сіздің жеке кабинетіңіз ашылады. Сұрау салған ақпаратыңыз жеке кабинетіңізге түсіп отырады.

Серік ПІРӘЛИЕВ,
Шымкент қалалық әділет департаментінің 
коммерциялық емес ұйымдарды тіркеу және тіркеу қызметі 
саласындағы бақылау бөлімінің бас маманы.
Пікір қалдырыңыз