«Ұрпағым бір қауым ел болыпты»

Ұлттың ертеңіне үлес қосар ұрпақты тәрбиелеу әрбір ананың міндеті әрі парызы болса керек. Сауран ауданы, Шорнақ ауылының тұрғыны Азат Құлаева осы жағынан алғанда бүгінгі күннің аналарына нағыз үлгі етер жан. Ол 1943 жылы 1 қаңтарда Шорнақ ауылында туған. Балалық шағы Ұлы Отан соғысына тұспа-тұс келген Азат Қожанқызы еңбекке ерте араласып, ерте есейген буынның бірі болды. Замандасы Таран Исаевқа тұрмысқа шығып, шаңырақ көтерді. Жолдасы Шорнақ ауылындағы мақта зауытында ұзақ жылдар бойы жүргізуші болып жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыққан екен. 
Азат Қожанқызы Құдай қосқан қосағы Таран Исаев екеуі Бақыт, Гүлзада, Салтанат, Мұхит, Қайрат, Нұрлан, Эльмира, Ерлан, Ержан, Гүлмира есімді 10 ұл-қызды дүниеге әкеліп, оларға өнегелі тәрбие берді. Азат әже Қ.Рысбеков атындағы мектеп-интернатта кіші қызметкер болып 30 жылдай еңбек етіп, бала санына байланысты 45 жасында зейнеткерлікке шығыпты. Өмірлік серігі Таран қария 2008 жылы 70 жасында өмірден озған.
– Аллаға шүкір, ұлдарымды ұяға, қыздарымды қияға қондырдым. Бүгінде бес келінім бес үйдің шамшырағын жағып отырған отаналар. Немере келіндерім де бар. Барлығы менің жағдайымды жасайды. Қарашаңырақта отырған Ержан ұлым мен келінім Айгүлдің гүлдей жайнаған үш қызы бар. Келінім – балабақшада тәрбиеші. Жақында кенже қызым Гүлмира екі ұлына сүндет той жасады. Арқа-жарқа болып, барып қайттық. Ұл-қыздарымнан тараған ұрпағым бір қауым ел болыпты. Алла тіл-көзден сақтасын. Өсіп-өніп, көбейе берсін, – дейді әжей. 
Кейіпкеріміз  бүгінде ұл-қыздарынан 38 немере, 43 шөбере көріп отырған бақытты, батыр әже. 

Ләззат  САРЫБАЕВА.

Пікір қалдырыңыз