Рыбакина ширек финалда

Бүгінде Мельбурнда үлкен теннистен Австралияның ашық чемпионаты өтіп жатыр. Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина 1/8 финалда әлемдік рейтингте көш бастап тұрған поляк теннисшісі Ига Швентекті жеңіп, ширек финалға жолдама алды.
Рыбакинаның «Australian Open» жарысында ширек финалға шығуы – Қазақстан теннисі үшін жоғары жетістік. Өйткені бұған дейін бұл жарыстың ширек финалына бірде-бір теннисшіміз шыға алмаған. Жалпы, жарыс басталмай тұрып, Рыбакинаның ширек финалға шыға алмайтынын болжағандар көп еді. Себебі отандасымыз былтыр жазда «Уимблдон» турнирін жеңгенімен, жыл соңында АҚШ ашық чемпионатының алғашқы айналымында-ақ жарысты аяқтаған. 
Былтыр екі бірдей «үлкен дулыға» турнирін жеңіп алып, әлемдік рейтингтің көшін бастаған Ига Швентек соңғы кездері ала-құла ойнап жүр. Соны пайдаланған Елена Рыбакина оны 2 сетте оңай ұтты. Енді Рыбакина ширек финалда латвиялық Елена Остапенкомен кездеседі. Остапенко да 1/8 финалда осы турнирдің фавориттерінің бірі Кори Гауфты жолдан тайдырды. Елена Остапенко құм төселген кортта өтетін турнирлерде жақсы ойнайды. Ол 2017 жылы «Роллан Гаррос» турнирінде жеңімпаз атанған. Австралиядағы жарыс хардта өтіп жатқанын ескерсек, Рыбакинаның жартылай финалға өтетін мүмкіндігі мол.

Е.Қожахметұлы.
Пікір қалдырыңыз