Қиыншылықтарға қыңбаған, тағдырға сынбаған

Дилара БИМЕНОВА, «Ońtústik Qazaqstan».


Біз Заретамен Шымкенттегі политехникалық колледждің кітапханасында таныстық. Колледж студенттері Төлеби ауданы, Көксәйек ауылындағы  мүгедек балаларға арналған интернат үйінде тәрбиеленген Зарета Өтемісқызымен кездесу ұйымдастырған екен. Сол шарада Заретаны жақынырақ танығандай болдық.

Өмірге деген құлшынысы орасан, жеңіске деген жігері ересен Заретаның жасы отызда, бір баланың анасы. Құлыншағы енді ғана тәй-тәй басып жүре бастағанға ұқсайды. Дені сап-сау. Оны дүниеге туа екі қолының саусақтары жоқ және аяқтарын да әрең икемге келтіріп басып жүрген ана әкелді деп ойламайсыз. Жаратқанның құдыретіне таң қалмасқа шараң жоқ. 

Өмір болған соң адам басынан түрлі жағдайларды өткереді ғой. Дегенмен, он екі мүшесі сау бола тұра, сол жағдайына тоба қылмайтын жандар да жоқ емес. Солар Заретаның атқарып жүрген жұмыстарын көргенде ұяттан жерге кіріп кете жаздайтын шығар деп те ойлайсың... Кездесуде Заретаның: 

«Өмірдің өзі күрестен тұрады. Қазір сіздер ата-аналарыңыздың арқасында ешбір қиындықтың дәмін сезбей күн кешудесіздер. Ертең үлкен өмірге қадам басқанда түрлі кедергілер кездесуі мүмкін. Сондықтан мен ылғи да алдыңыздан шыққан 9 есік жабық тұрса да, оныншысы міндетті түрде ашылатынын еске салғым келеді. Ашылмаса, онда оны бұзып кіру керек» деп шегелеп айтқан сөзі студенттерді ойландырып қана қойған жоқ, олардың бойларына қуат бітіріп, жігерлерін жанығандай болды. 

Зарета бұл сөзді әйтеуір айта салу үшін айтқан жоқ. Ол осының бәрін көрді. Көксәйектегі мүгедек балаларға арналған интернатта тәрбиеленген өрімдей қыз кәмелеттік жасқа толғанда кәсіби-техникалық мектепке оқуға қабылданды. Содан бастап тағдыры күрт өзгеріп, қайсарлық пен табандылықты талап ететін мүлдем басқа арнаға бұрылғандай болды. 

– Интернаттан шыққанда қиындықтар кездесті. Тіпті үйсіз-күйсіз жүргендер паналайтын орталықта 6 айға дейін тұруыма тура келді. Ата-анасы жоқ адамдардың өмірдің барлық ауыртпалығына дайын болуы керек екенін түсіндім. Ең бастысы, қазір мемлекеттен алған бір бөлмелі баспанам бар. Тұрмыс құрып, бала сүйдім. Бауырларымды тауып, араласып, отбасыға айналдым. Мамандық алу үшін оқуға түстім, – дейді Зарета.

Қарап отырсаңыз, мұның бәрі бүгінде айтуға ғана оңай. Оның өзі де әрбір тартқан азабын, ішке жиналып қалған ренішін, наласын сыртқа шығарғысы-ақ келді білем. Бірақ, ол алғашқыда интернатта өткен ауыр кездерін есіне алды да, артынша бойын тез жинап ала қойды. Оның орнына жеңістері, жетістіктері жайлы әңгімеледі. Бойына қайсарлық қасиетті мықтап сіңірген өжет қыздың өзін-өзі тануға және өзін өзгелерге танытуға көп мән беретіні аңғарылды. 

Зарета қазір Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде төртінші курста оқиды. Бұйыртса, келер жылы оқу орнын тәмамдап, жұмысқа тұруды мақсат етіп отыр. Қанша қиындық көрсе де жігері жасып көрмеген замандасымыздың әрбір сөзі мен іс-әрекеті күшті сүйеушің болмаса, табысқа жету қиын деп есептейтін кейбір жастарға ой салса қане! Заретаның көп тіл білуге де ынтасы зор. Үнемі формада жүру үшін бірнеше жылдан бері спортпен айналысып келеді. Ән айтуды жаны сүйеді. Қайсар қыз студенттерге келер жылы осы оқу орнында жеке концертін ұсынуға уәде берді.

Пікір қалдырыңыз