Ел спорты: есте қалар оқиғалар, жеңістер мен жеңілістер

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Барыс жылы отандық спортта көптеген сенсациялармен, тарихи жетістіктердің тіркелуімен ерекшеленді. Сонымен қатар жеңілістің ащы дәмін татқан кездеріміз де аз болмады. Осы жылы ел спортында қандай елеулі оқиғалар, жетістіктер, жеңістер мен жеңілістер болды? Бүгін осы жөнінде әңгіме өрбітпекпіз.


2021 жылы футзалдан әлем чемпионатында үздік төрттікке шыққан біздің құрама биылғы Еуропа чемпионатында да сәтті өнер көрсетеді деп болжағанбыз. Алайда, ол үміт ақталмады. Ұлттық құрама топтық турнирде жақсы ойнағанымен, плей-офф кезеңінің алғашқы раундында-ақ жарыстан шығып қалды. Футзалшыларымыз ширек финалда Украина аяқдопшыларына 5:3 есебімен есе жіберіп қойды. Десе де, осы чемпионатта 8 гол салған Біржан Оразов турнирдің үздік сұрмергені атанды.

Футзалдың ізін ала қазақстандық жанкүйерлер Қытай елінде өткен қысқы Олимпиада ойындарына көз тікті. Өкінішке қарай, бұл жарыстан Қазақстан спортшыларының қоржыны бос қайтты. Жүлденің ауылына шорт-трекші Абзал Әжіғалиев қана жақын барды. Ол бұл додада 4-орынды місе тұтты. 

Спорттағы сәтсіздіктеріміз одан әрі жалғаса берер ме еді, егер футболдан ұлттық құраманың қақпашысы Игорь Шацкий болмағанда?! Ол УЕФА ұлттар лигасы турнирінің плей-офф кезеңінде Молдоваға қарсы ойында пенальти қайтарып, құраманы «С» дивизионында алып қалды. Айтпақшы, осы Шацкий жыл қорытындысы бойынша еліміздің үздік спортшысы атанып отыр. Молдоваға қарсы екі ойында бас бапкер болған Андрей Карпович осы матчтан кейін қызметінен кетті. Ол құрама тарихында ең аз уақыт бапкер болған екінші коуч атанды. Бұған дейін 2000 жылы Владимир Фомичев құрама тізгінін небәрі 1 ойында ұстаған. Ұлттық құрамамыз сол кезде БАӘ құрамасынан өз алаңында 5:2 есебімен жеңілген-ді. 

Барыс жылы қазақ футболы үшін жаңалыққа толы жыл болды. Ел чемпионатының тарихында алғаш рет VAR жүйесі енгізілді. Түркістанда өткен «Тұран»–«Тараз» арасындағы алғашқы турдың ойынында төреші бейнеқайталауға жүгініп, соның салдарынан матчтың негізгі уақытына 19 минут қосылды. 

Еліміз тәуелсіздік алғалы бері жеңіл атлетикадан әлем чемпионатының алтын жүлдесі бұйырмай келген. Осыған дейін Надежда Дубовицкая мен Ольга Рыпакованың күміс, қола жүлделерін місе тұтып келген едік. Сол олқылықтың орнын Кениядан федерациямыз аттай қалап алдырған желаяқ Нора Джеруто толтырды. Ол 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруде Қазақстан қоржынына алтын жүлде салды. 

Допинг дауы Қазақстан спортын әлі айналшықтап жүр. Биыл тағы бір спортшымыздың Олимпиадада алған алтыны қайтарылды. 2016 жылы Риода өткен Олимпиадада ауыр атлетикадан чемпион атанған Ниджат Рахимовтың қанынан тыйым салынған препарат табылып, Олимпиададағы нәтижесі жойылды. Ол 2029 жылға дейін спорттан шеттетілді. Әзірбайжаннан аттай қалап алдырған легионерімізді Рио Олимпиадасынан кейін ешкім көрген емес. Қазір-ақ көзден таса болған Ниджат 2029 жылы айды аспанға шығарады дейсіз бе?! 

Олимпиада алтынынан айырылып, еңсесі түскен ел спортын Бибісара Асаубаева қайта тіктегендей болды. Ол шахматтың блиц түрі бойынша ең жас әлем чемпионы атанған спортшы ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енді. Жалпы шахматшыларымыз барыс жылын өте табысты өткізді. Үндістанда дүние жүзінің 162 елінен келген шахматшылар арасында өткен әлем чемпионатында біздің қыздар үздік бестікке енді. Украина, Грузия, Үндістан, АҚШ секілді шахмат алпауыттарына жол берді демесеңіз, өзге мықты құрамалардан мойнымыз озық болды. 

Ережесіз жекпе-жек спортында әлемнің үздік лигасы UFC болса, онда өнер көрсететін қазақстандық спортшы Шавкат Рахманов үздік нәтижелерімен көзге түсті. Ол биыл атақты Нил Магниді нокаутқа түсіріп, жартылай орта салмақта үздік ондықтың қатарына енді.

Теннистен «Үлкен дулыға» турнирлерінде біздің спортшыларымыз осыған дейін ширек финалдан әрі аса алмай келген. Бұл дәстүрді Елена Рыбакина бұзды. Ол Ұлыбританияның ашық біріншілігі – «Уимблдон» турнирінде жеңімпаз атанды. Әлем жанкүйерлері көз тігетін 4 ірі теннис турнирі болса, соның бірі – осы «Уимблдон» еді. Бұл – теннисшілер үшін әлем чемпионаты іспеттес турнир. 2019 жылдан бері Қазақстан туының астында өнер көрсететін Елена Рыбакина қазір әлемнің үздік 20 теннисшісі қатарына кіреді. Мақтанарлық тағы бір жайт, «Үлкен дулыға» турнирлерінде осы уақытқа дейін 12 елдің ғана теннисшілері жеңіске жеткен екен. Біздің еліміз мұндай жетістікке жеткен сол 12 елдің қатарына енді. 

Кәсіпқой бокста Жәнібек Әлімханұлы қазаққа бұйырмаған WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанды. Қазіргі таңда орта салмақта алғаш рет қос бірдей отандасымыз чемпиондық атағын ұстап тұр. 

Барыс жылы әйелдер күресі үшін де табысты болды. Мәселен, егіз қыздар Мадина Бақбергенова (68 келі) мен Жәмила Бақбергенова (72 келі) Азия чемпионатында топ жарды. Құдай бағын артық жаратқан бір үйдің қос қызы осылайша құрлық чемпионатының алтын тұғырына көтерілді. Осы жарыстан соң іле-шала Жәмила Бақбергенова әлем чемпионатының күміс жүлдесіне ие болды. Бұл – Жәмила қыздың әлем чемпионатындағы екінші күмісі. 

Әңгімеміздің басында күтпеген нәтижелер, сенсациялар болғанын айтқанбыз. Соның бірі велоспорттан 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем біріншілігінде Евгений Федотов күтпеген жерден чемпион атанды. Федотовтың есімі бұл жарыста фавориттер түгілі, үздік ондыққа кіретін велоспортшылардың қатарында да айтылмайтын. 

Футболдан УЕФА ұлттар лигасында біздің құрама өз тобында бірінші орын алып, сенсация тіркеді. Магомед Адиевтің шәкірттері келесі турнирде «В» дивизонында бақ сынайды. 

Бұл – қазақстандық спорттың барыс жылында жеткен жетістіктері. Қоян жылы да бәсекелерге толы жыл болмақ. Осы орайда оқырмандар назарына 2023 жылы өтетін ең басты спорттық жарыстарды ұсынғанды жөн көріп отырмыз. 

Ел спорты үшін халықаралық маңызды жарыстардың бірі 12-22 қаңтар аралығында АҚШ-тың Лэйк-Плэсид қаласында өтеді. Дәл осы қала ХХХІ қысқы Универсиада ойындарын қабылдамақ. Ал, наурыз айында конькимен жүгірушілер Нидерландыда, мәнерлеп сырғанаушылар Жапонияда бақ сынайды. 

Мамырда хоккейден ұлттық құрамамыз әлем чемпионатына қатысады. Тамызда жеңіл атлеттеріміз Венгрияда өтетін әлем чемпионатына аттанбақ. Ал, қыркүйек айында Қытайдың Ханчжоу қаласында жазғы Азия ойындары жалауын көтереді. 

Сонымен қатар уақыты әлі белгісіз жарыстар да баршылық. Мәселен, Ресейдің Екатеринбург қаласында биыл жазғы Универсиада өтуі тиіс еді. Ресей мен АҚШ-тың арасындағы текетіреске байланысты бұл жарыс басқа елге ауыстырылуы мүмкін. Сондай-ақ, бокстан Ташкентте өтетін әлем чемпионатының да уақыты белгіленбеді. Дәл осындай жағдай Катар астанасы Дохада өтетін су спорты түрлерінен әлем чемпионатына да тән болып тұр. Бұл жылы сондай-ақ, 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиада ойындарына жолдама беретін турнирлер де ұйымдастырылады.

Пікір қалдырыңыз