Екінші өмір – мәңгі өмір!

Қараша айында қазақ оқырмандары өздерінің сүйікті жазушысы Мархабат БАЙҒҰТТАН айырылып қалды. Шүкір, Мархабат аға марапаттан кенде болған жоқ. «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атанған қаламгердің әрбір шығармасы әдебиет сыншылары тарапынан елеусіз қалған емес. Алайда, оған ең үлкен марапатты халықтың өзі берген еді. Ол нағыз халықтың жазушысы бола білді, халық оны өз жазушымыз деп есептеді. Қаламгерлік өмірде бұдан асқан бақыт бола ма?!
Мархабат ағаның шын дүниесіне аттанғанына да сынаптай сырғып, қырық күн өте шығыпты. Зымыраған уақыт-ай десеңші! Жүрдек пойыз сияқтысың-ау. Әр аялдамада бір қимас жанды қалдырып, алға заулай бересің. Бұл жолғы қалдырған асылың күллі Қазақстанға белгілі қарымды қаламгер еді ғой...
Жазушының шығармашылық жолы осы облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінен басталады. Мұнда ол әдебиет және өнер бөлімін басқарып, талай талантты жастардың әдебиет әлеміндегі қанатқақты туындыларын оңтүстік оқырмандарына таныстырып отырды. Өңіріміздегі ақындардың жазба айтысын да ұйымдастырды. Редакциядағы өнерлі жастардың басын қосып, ансамбль құрды. Ең бастысы, алыста жүрген (Алматыда) қазақ әдебиетінің классик ақын-жазушылары осы Мархабатқа «ғашық-тын». Махаң да оларға асық. Осы асықтық пен ғашықтық Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков, Әбділда Тәжібаев, Тоқаш Бердияров, Бекен Әбдіразақов, Сабыржан Асанов, тағы басқалардың шығармаларын осы газеттің бетінде түйістірді.
Жазушының «Шілде», «Сырбұлақ», «Интернаттың баласы», «Нәуірзек», «Дауыстың түсі», Қорғансыз жүрек», «Машаттағы махаббат», «Әдебиет пәнінің періштесі», «Ақпандағы мысықтар», «Алмағайып», «Аңсар», «Қазақия», «Ауыл әңгімелері», «Салқын масақ», «Оқу залы», «Ақтолғай», «Сағыныш саздары», «Бұла бұлақ», «Күнгей көңіл», «Аршакие», «Іштарлық пен құштарлық» сияқты прозалық және публицистикалық дүниелері бірден рухани айналысқа түсіп жүре берді. Сол Мархабат Байғұт ағамызды арамызда жоқ дегенге көңіл шіркіннің сенгісі жоқ.
Қалай болғанда да соңына мол рухани мұра қалдырған жанның өлуі мүмкін емес. Дұрысы таланттың екінші өмірі – мәңгі өмірі басталды!
Пікір қалдырыңыз