Билет бағасы неге тұрақсыз?

Ұлас Үсенбай, «Ońtústik Qazaqstan».

Жылдан-жылға жолаушылар саны артып, бұл сала бойынша қызмет көрсету құны да қымбаттап барады. Кейде аяқ астынан тығыз шаруа шығып, жолаушылап шығу керек болып қалады. Мұндайда ұшақ не пойызға билетті өте қымбат бағаға алуға тура келеді. 

Kaspi.kz қосымшасынан, мәселен,  Шымкент – Астана  бағытындағы әуе рейсінің бағасын қарап көріңіз.  12 қарашада билеттің ең арзаны – 26 134 теңге. Екі  ай бұрын, 14 қаңтарға  14 634 теңгеден алуға болады.  Байқауымызша, сенбі, жексенбі немесе мереке күндері  баға біршама  қымбат. Есесіне сейсенбі, сәрсенбі және бейсенбіде баға төмен.  Яғни билет бағасы қысқа күнде қырық құбылып тұр.  
Сол сияқты пойыз бағасы да тұрақты емес. Пойыз билеттерін де неғұрлым ерте алсаңыз арзанға түседі. Осы аптаның жұма күні билетті 12 713 теңгеге аласыз. Жүрдек пойызбен жылдам жеткіңіз келсе  17 710 теңге санап беруіңіз керек. Бір ай бұрын билетті алсаңыз 6 307 теңгеге, Тальгоға 11 129 теңгеге аласыз.
– Билет бағасы өздерінің тарифтік жоспарлары бойынша жасалады. Ол заңмен бекітілмейді. Тек өздерінің тәртіптерімен  теміржол болсын, әуе жолы болсын, барлығы айлық есептік көрсеткішке, ішкі тәртіптеріне, шығындарына сәйкес бекітіледі. Мысалы, бір апта бұрын алатын билеттің құны 10 000 теңге болса, таяу күндерге 12 000-15 000 теңгеге көтеріліп кетеді. Бұл қара халықтың қалтасына  ауыр тиеді.  Сол себепті көтеруге негіз жоқ деп ойлаймын.  Билет құнын бір қалыпты ұстап тұру заңмен бекітілмеген. Негізінде заңмен бекіту керек, – дейді Шымкент қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Мұхтар Мұсақұлов. 
Бұл аз десеңіз, енді пойыздардың төменгі орны 20 пайызға қымбаттамақ. 1 желтоқсаннан бастап кейбір коммерциялық пойыздарда төменгі орндарды жоғарғы орындардан 20 пайызға  қымбатқа аласыз. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының баспасөз қызметі хабарлады. Оған себеп вагондағы орындарды біркелкі бөлу, сондай-ақ, жолаушылардың төменгі орындарға деген сұранысын қанағаттандыру. Бұл тәсіл №111/112 «Алматы – Маңғыстау»; № 51/52 «Алматы – Орал»; №105/106 «Алматы-Петропавл»; №71/72 «Астана-Шымкент»; №29/30 «Алматы-Атырау» пойыздарына қолданылып, жаңа тәсіл өз тиімділігін көрсетсе, басқа бағыттарға да енгізілмек. 
Билет құнының тұрақсыздығы, одан қалды пойыздарда  төменгі орындарға 20 пайыз артық ақша төлеу тұтынушы құқығын бұзып тұрған жоқ па? 
Иә,  бір ай бұрын билет алсаңыз, бағасы арзан болады да, табан астында жолға шығу керек болса, билет құны екі-үш есе қымбатқа түседі. Тіпті, билет мүлдем болмай қалуы да мүмкін. Бұл мәселе бойынша тұтынушылардың құқықтарына келетін болсақ, Қазақстан Республикасы «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау» Заңы 7-бабының 1-тармақшасына сәйкес тауарларды (орындалатын жұмысты және көрсетілетін қызметті) иеленуге еркін шарт жасасуға құқылы. Сонымен қатар, осы Заңның 24-бабының 3-тармақшасына сәйкес Сатушы тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) еркін таңдауды қамтамасыз етуге міндетті. Яғни тұтынушыны арзан билеттер бола тұра қымбат билет сатып алуға мәжбүрлеген жағдайда, тұтынушы құқығы бұзылған болып саналады, – дейді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Бақытжан Салхожаев. 
Шымкент қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Мұхтар Мұсақұлов пен тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Бақытжан Салхожаевтың сөзіне қарағанда, бұл тұтынушы құқығының бұзылып тұрғанын көрсетеді емес пе?
Біз осы мақаланы негізге ала отырып теміржол вокзалына бет бұрдық. Ондағы мақсатымыз жолаушылардың билет бағасының қымбаттауына деген ойын білу болды. 
– Пойызбен жиі қатынаймын. Ақтауға жақындарыма кетіп бара жатырмын. Ұшақпен ұшуға денсаулығым жарамайды. Жасымыз келгеннен кейін пойыздың астыңғы орнына билет аламыз. Өзі қымбат билетті одан сайын қымбаттатып отырғаны қарапайым халықтың қалтасына ауыр соғады. Сондықтан бұл мәселені мемлекет тарапынан шешу тетіктерін қарастырған жөн, – дейді Гүлнар есімді жолаушы. 
Қалай айтқанда да, баға тиісті мекемелер тарапынан қадағалануы керек. Әйтпесе, үйдегі есепті базардағы нарық бұзады дегендей, жолаушылардың алдын-ала жасап қойған жоспарын аяқ астынан қымбаттап кеткен билет құны шәт-шәлекей етеді емес пе?!

Пікір қалдырыңыз