Көп сөйлеме, дөп сөйле!

Психологтар «жетістікке жетудің кілті жүйелі ойлау мен сауатты сөйлеуде» деп есептейді. Көп ішінде іркіліп, тіл ұшында тұрған сөзді жеткізе алмау адамның кәсіби тұрғыдан өсуіне кедергі келтіреді. Сондықтан қай салада да бәсекеге қабілетті болу үшін ең әуелі сөз өнерін бір кісідей меңгеру қажет. 

Сөз жоқ, шешендік  қазақтың туа-бітті болмысына тән қасиет. Ал, пікірсайыс осы дағдыны одан әрі жетілдіріп, адамды кәсіби тұрғыда ұштай түседі. Көп сөйлеуге емес, дөп сөйлеуге үйретеді. Таласқа түсетін тақырыптардың дені  қоғамдағы түйткілді мәселелерге арналады. Қатысушылар соны әбден зерттеп, талдап, шешу жолдарын ұсынады. Бұл жастардың саяси сауатын жетілдіріп, олардың қоғамның қозғаушы күші екенін сезінулеріне мүмкіндік береді. 

Республика деңгейінде өткізілетін интеллектуалды ой бәйгесіне шымкенттік студенттер де белсене қатысады. М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың жанындағы «Ақиқат» пікірсайыс клубы жастарды осы өнерге баулып, бос уақыттарын тиімді өткізулерін қамтамасыз етіп келеді. Іргетасы 2002 жылы қаланған клуб осы уақытқа дейін 10 000-нан астам шәкірттің саяси сауатын көтеріп, білімін толықтыруға үлес қосса, оның 200-ден астамы жүлделі орындарды иеленген екен. 

Солардың бірі – Мардан Назаралы. Ол осы оқу орнындағы аграрлық факультетте оқиды. Бірер ай бұрын Алматы қаласындағы Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық университетінде «TECHNO-CAP VIII» республикалық турнирі өткен болатын. Онда еліміздің түкпір-түкпірінен келген 128 қатысушы екі күн бойы ой жарыстырып, нәтижесінде Мардан Назаралы жеңімпаз атанды.

Ал, былтыр Мардан Назаралы «Ақжол» партиясының ұйымдастыруымен Астана қаласында өткен республикалық «AKZHOL CAP» турнирінің бас жүлдесін жеңіп алған болатын. Кейіпкеріміз жалпы 20-дан астам республикалық, облыстық, қалалық пікірсайыс турнирлерінің жүлдегері. 

Мектепте жүргенде ашылып әңгіме айта бермейтін, тұйық болған Мардан қазір мінезінің дұрыс жағына өзгергенін жасырмайды. «Мен «Ақиқат» клубына келу арқылы көппен тіл табысуды, көкейдегі ойды іркілмей жеткізуді үйрендім. Сондықтан пікірсайысты түрлі жетістіктерге жетудің жолы деп білемін. Ол адамды сыни ойлау мен жүйелі сөйлеуге машықтандырып, ізденуге баулиды» дейді алғыр жас.


Қанат ЖОЛДАСБЕК,

М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың  4-курс студенті. 

Пікір қалдырыңыз