Қазба отынды пайдаланудың қаупі неде?

Жаһандық климаттың өзгеруі, қоршаған ортаның ластануы, энергияны тұтыну көлемінің өсуі және қазбалы отын қорларының сарқылуы сияқты проблемалар бүгінде адамзатты тығырыққа тіреп отыр. Халықаралық энергетика агенттігінің сараптамасы бойынша ХХ ғасырдың тек соңғы 25 жылында энергия тұтыну көлемі екі есеге артқан. Біз тұтынып жүрген энергоресурстардың 90 пайыздан астамы қазбалық отын түрінде пайдаланылады. Мамандардың айтуынша, жер қойнауынан алынатын осы шикізаттың тек 10 пайызы ғана дайын өнім түрінде қолданылады екен.

Табиғат байлығын тиімді пайдалана білсек, экономикалық дамуға жол ашылады. Ал, есепсіз пайдаландыңыз ба, мұның экологиялық проблемаларға соқтыратын зардаптары да аз емес. Планетадағы соңғы он жыл ең жылы кезең  болды. Ауа температурасы XIX ғасырдың соңындағы көрсеткіштен 1,1 градусқа жоғарылап, жер бетінің барлық аймақтарында дерлік аномальды ыстық сезілді. Ғылыми болжамдарға сенсек, 2050 жылға қарай ауа қызуы 3 градусқа, ғасыр соңында 5 градусқа дейін көтерілсе, бұл әлемдік климаттың өзгеруіне, дауыл мен су тасқынына және құрғақшылыққа әкеп соқтыруы мүмкін. 
Жаһандық жылыну негізінен қазбалы отынды пайдаланудан, парниктік газдардың ластануы мен оның ауа қабатында шоғырлануынан орын алады. Парниктік газдарға негізінен көміртек диоксиді, метан және азот қышқылы жатады. Парниктік газдар көрпе сияқты күн денесін ұстап, ауа температурасын көтеруге ықпал етеді. Әлемде ауаның ластану индексі бойынша ең алдыңғы орында Қытай тұрса, одан кейінгі орындар Үндістан мен Бангладешке тиесілі. Қазақстан 76 индекспен Франциямен бір қатарда тұрса, Өзбекстанда ластану индексі 143 балды құрайды. Ең таза ауа Батыс Еуропа мен Скандинавия және Балтық жағалауы  елдерінде тіркелген.
Жаһандық жылынудың қазіргі қарқыны әлемдік экономикаға айтарлықтай қатер төндіріп отыр. БҰҰ жанындағы климаттың өзгеруін қадағалайтын сарапшылар тобының айтуынша, климат өзгерісінен әлемдік экономикаға келетін шығын шамамен 1,5 трлн. АҚШ долларын құрайды. 1997 жылы Жапонияның Киото қаласында осы жаhандық проблемаға байланысты Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен климаттың өзгеруі туралы халықаралық  келісім жасалды. Киотода әзірленген келісімде парниктік газ шығарындыларын азайту, оған нарықтық квота саудасы жүйесін енгізу бастамасы көтерілді. Осы келісім бойынша климат өзгерісін жұмсартудың халық-аралық сынақтан өткен негізгі тетіктерін жүзеге асыру жобалары, яғни «жасыл» инвестициялар және шығарындылар саудасы жүйесі қолға алынды. Киото хаттамасы негізінде әзірленген бұл жобалар соңғы жылдары шығарындыларды азайтуда өзінің тиімділін көрсете бастады.
Ал, 2015 жылы Париж қаласында БҰҰ-на мүше 195 мемлекеттің қатысуымен жаһандық жылынуға байланысты тағы бір келісім жасалды. Онда жаһандық проблеманы шешудің негізгі тетігі ретінде қоршаған ортаға зиянды заттарды шығармайтын экологиялық таза энергия көздерін дамыту, 2050 жылға қарай көміртегі бейтараптығына (декарбонализацияға) қол жеткізу, 2030 жылға дейін жаһандық температураны негізгі шегінен төмен ұстап тұру міндеттері белгіленді. Негізгі меже – қазба отыннан бас тартып, көмір, мұнай және газ сияқты қазба ресурстарын пайдалануды шектеп, жаңартылатын энергия көздерінің қуат көлемін үш есеге арттыру. Бұл тұрғыда Париж келісімінің маңызы өте зор. Келісім аясында климат өзгерісінің алдын алу, ұзақ мерзімді стратегиялық жоспар түзуге мүмкіндік туды. Киото хаттамасында климат мәселесі бойынша жауапкершілік тек дамыған елдерге жүктелсе, Париж келісімі дамушы елдерге де климаттық өзгерістер үшін осы бірыңғай жауапкершілікті міндеттеді.
Өткен жылдың соңында БҰҰ-ның бастамасымен Дубай қаласында Климат жөніндегі дүниежүзілік кезекті саммит өтті. Алғашқыда саммит аясында  біраз келіспеушіліктер орын алды. Нақтырақ айтқанда, бірқатар араб елдері климаттың өзгеруiне адамның антропогендiк әсерi туралы ғалымдардың қорытындыларына күмән келтiріп, қазбалы отынды пайдаланудан бас тарту арқылы планетадағы температураны 1,5 градус көлемінде ұстап тұру мүмкiндiгiн дәлелдейтiн ғылыми деректердің жоқтығын алға тартты.   Бірнеше күндік пікірталастан кейін саммитке қатысушылар Париж келісімін нақтылап, 21 беттен тұратын құжатты қабылдады. Оған 175 елдің басшылары қол қойды.
Қазақстан Париж келісімін 2016 жылы Орталық Азияда бірінші болып ратификациялап, саммитке қатысты міндеттемелерді, қол жеткізген нәтижелер туралы әр бес жыл сайын есеп беріп отыруға келісті. Қазақстан жаһандық климаттың өзгеру қарқынын азайту мақсатында парниктік газ шығарындыларын 25 пайызға шартты мақсатта шектеуді қамтамасыз етуге міндеттеме алды. Қазақстан 2030 жылға қарай шығарылатын көміртегі көлемін 330 миллион тоннадан асырмауы керек. Осы міндеттемені жүзеге асыру аясында елімізде парниктік газ шығаруды азайтуға ықпал ететін жобаларды қолдау, қалдықтар шығаруға квота сату, «жасыл экономика» нарығын дамыту сынды шаралар қолға алынды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Дубайдағы саммитте сөз сөйлеп, әлемдегі геосаяси  тұрақсыздық  және энергетикалық қауіпсіздіктің болмауы климат мәселесіне назар аударуды қиындатып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ, Дубайдағы жаңа климаттық шарт осы процеске қатысушылардың, соның ішінде Қазақстан  үшін климаттың өзгеруі саласындағы проблемаларды шешуде, ұлттық экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етуде басты стратегия болып табылатынын айтып, елімізде 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясы қабылданғанын атап өтті.             
Сонымен қатар, еліміздегі экологиялық жағдай әлі де күрделі күйінде қалып отыр. Қазір еліміздегі 204 станса шамамен 19 мың МВт электр қуатын өндіреді. Осы қуат өндірудің 70 пайызы көмір жағатын жылу электр стансаларының үлесіне тиеді. Жыл сайын энергетика кәсіпорындарынан атмосфераға миллион тоннадан астам зиянды заттар мен 70 млн. тоннаға жуық көмірқышқыл газы шығарылады. Қазбалы отынды жағу еліміздегі  парниктік газдың жалпы эмиссиясының 80 пайыздан астамын қамтамасыз етеді. Күлі 56 пайызға дейін арзан, сапасы төмен ашық өндірілетін қоңыр көмірді пайдаланудың арқасында Қазақстан климаттың өзгеруіне әсер ететін көмірқышқыл газы шығарындылары бойынша жоғары елдерге жатады. Былтыр елімізде атмосфераға 2,4 млн. тонна ластанған зат шығарылды.
Елдегі бүкіл қалдықтардың 40 пайыздан астамын ауаға шығаратын көмір стансалары солтүстіктегі ірі қалаларда орналасқан. Олардағы негізгі құрал-жабдықтардың ескіруі 70 пайызды құраса, тарату жүйелеріндегі жабдықтардың 65 пайызы тозған. Нәтижесінде, стансада Қарағанды көмірінің 28-30 пайызы күлге айналатын болса, одан түсетін күлдің көлемі – 30 000  тонна. Екібастұз көмірінен 20 пайыз, сапалы көмір болып есептелетін Шұбаркөл көмірінің өзінен 3 пайыз күл шығады. Көмірден күлден басқа да қоршаған ортаға зиянды көптеген заттар тарайды.
Парниктік газ шығарындыларын төмендету үшін жаңа технологияларды енгізуде Қазақстанның әлеуеті өте жоғары. Қазір Қазақстанда жаңғырмалы энергия өндіретін 65 нысан, нақтырақ айтқанда, 12 жел стансасы, 19 күн стансасы, 33 гидроэлектрстанса, 1 биогаз қондырғысы жұмыс істеп тұр. Соның арқасында Париж келісімі бойынша міндеттемелерді орындауға мүмкіндік артып келеді. Өткен жылдың қорытындысына көз жүгіртсек, пайдаланылған энергия ресурстарының 68 пайыздан астамы көмірден, 20 пайыздан астамы газдан алыныпты. ГЭС-тен алынатын энергияның үлесі 10 пайыз шамасында. 
   Қазақстан Орталық Азия елдерінің ішінде бірінші болып «жасыл экономикаға» көшу туралы стратегиялық құжат қабылдады. Онда көрсетілгендей, еліміздегі баламалы энергия үлесі ( қазір – 4 пайыз) 2030 жылға қарай – 30, 2050 жылы 50 пайызға жетуі керек. Президент «жасыл экономикаға» жататын  атом стансаларын салу мәселесі жалпыхалықтық  референдумда шешілетінін  атап көрсетті. Сарапшылар 2027 жылға дейін елімізде электр энергиясын тұтыну көлемі орташа есеппен 2,4 пайызға артады деп болжам жасайды. 2022 жылы тек Түркістан облысының өзінде энергия тұтыну көлемі 11 пайызға ұлғайған. Өңірде жаңартылатын энергия көздері өндірілген энергия көлемінің 16,3 пайызын құрап отыр. Алайда, облыста 40 жылдан бері  экологиялық талапқа сай бірде бір электр стансасы салынған жоқ. 
Қорыта айтқанда, 2030 жылға қарай энергетика саласын дамыту жоспары бойынша өңірдегі баламалы энергия көздерінің қуатын 300 мегаватқа жеткізу көзделіп  отыр. 2050 жылғы меже бойынша жел мен күн көздерінің үлесі 39 пайызға дейін өспек.

Қамбар МҰСАБЕКОВ, 
экономика ғылымдарының докторы.
Пікір қалдырыңыз