Болашақ дәрігерлер балалар үйіне барып қайтты

Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының хирургиялық және ортопедиялық стоматология кафедрасының жоғары курс студенттері таяуда Төлеби ауданындағы «Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы» мекемесіне барып, ондағы балаларға түрлі сыйлықтар үлестіріп қайтты. 

Жарты ғасырлық тарихы бар оқу орнына бүгінде медицина ғылымдарының докторы, профессор Мырзабек Рысбеков басшылық етеді. Қайырымдылық шараларды қолдайтын оқу орнының басшылары жастардың бұл бастамасын жоғары бағалап отыр. Аталған кафедраның меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, доцент Асылбек Байдилұлы жастардың бұл әрекеттері алдағы уақытта да жалғасын таба беретіндігін айтып, жалпы, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысып жүрген жастардың болашағынан үлкен үміт күтетінін жасырмады.  
«Күніне бір жақсылық жасайық!» деген қағидаға сүйенген студенттерді бұл ауылға аталған кафедраның ассистенті Гүлназ Тұрсынқызы бастап барды. Олар алдымен ондағы тәрбиеленушілермен ашық-жарқын сұхбат жүргізіп, медицина саласына қызығушылығы бар өрендерге бұл саланың ерекшеліктері, қоғамға тигізер пайдасы туралы әңгімеледі. Балалар үйіндегі тәрбиеленушілерге дастарқан жайып, сыйлықтар табыстап, көтеріңкі көңіл сыйлаумен қатар стоматологиялық профилактика жұмыстарын жүргізді. Мектеп бітіруші түлектерге болашақта жақсы мамандық таңдау, оның ішінде стоматолог мамандығының артықшылықтары туралы айтып берді. Дәрігерлік шеберлік, пациенттермен мәдениетті қарым-қатынас жасау, стоматологиялық кәсіби іс-әрекеттер жайында кеңінен мағлұмат берді.
Ұйымдастырушының айтуынша, өзі дәрігерлер отбасында өскендіктен жастайынан медицина саласына қызыққан. «Әкем Тұрсын Тағайұлы 32 жылдық тәжірибесі бар жоғары санаттағы дәрігер-реаниматолог. Қазіргі таңда үш ағам, әпкем және жеңгем де медицина саласында жұмыс істейді» деген Гүлназ мектеп бітірген соң Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің стоматология факультетіне оқуға түсіп, 2022 жылы бітіріп шыққан. Еңбек жолын «Ардақ-Дент» клиникасында стоматолог болып бастаған ол бір жылдан кейін, яғни 2023 жылдың 28 тамызында Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясына жұмысқа шақыртылады. Бүгінде хирургиялық және ортопедиялық стоматология кафедрасында ассистент болып жұмыс істейтін Гүлназ қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. 

Зәмзәгүл ШАМАХАНОВА,
Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының хирургиялық және ортопедиялық стоматология 
кафедрасының ассистенті.

Пікір қалдырыңыз