Сексеуіл алқабы ұлғайып келеді

Облысымыздағы ең үлкен сексеуілді алқап Созақ өңірінде. Мемлекет басшысы бес жылда республиканың орман қоры жерлерінде 2 млрд. түп көшет егуді тапсырған болатын. Соған орай Созақ орман шаруашылығына тиесілі 32 мың гектар алқапқа 2021-2025 жылдар аралығында 41 млн. түп ағаш көшетін отырғызу жоспарланған. Бүгінде бұл бағытта тиісті жұмыстар атқарылуда. Осы ретте облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Ақжайық Хаметова орман алқаптарын көбейту жұмыстары бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. 

Өткен жылы жоспар бойынша 6750 гектар алқапқа 33 750 келі сексеуіл тұқымы себіліп, 7,5 млн. түп сексеуіл ағашы өсірілді. Биыл 9500 гектар жерге сексеуіл тұқымын себу үшін жер айдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда 5500 гектар жер жыртылып, егуге дайындалды. Жер айдау жұмыстары мамыр айының соңында аяқталады. Оған 9 техника бөлінген. Күз айларында 9500 гектар аумаққа 47 500 келі сексеуіл тұқымы себіліп, 10 млн. 545 мың түп сексеуіл ағашы өсірілетін болады. Аудан климатына байланысты мұнда негізінен қара сексеуіл егіледі.
«Созақ орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» КММ директорының орынбасары Самат Құлтасұлының айтуынша, 2021 жылы егілген 3 800 гектар орман екпелерінің шығымы 50 пайызды құрайды. Бүгінгі таңда сексеуіл орманының алқабы ұлғайған. Мәселен, 2022 жылы Созақ орманшылары 4650 гектар жерге 23 250 келі сексеуіл дәнін сеуіп, оны жасыл желекке айналдырды. Сексеуілдің табиғатқа тигізер пайдасы зор. Ол құм көшкінін тоқтатады. Қазіргі таңда шөлді аймақта құм көшкіні басылған.
Аталмыш мекемеге қарасты орман қоры 1 миллионнан аса гектар алқапты құрайды. Алдағы уақытта алқаптың орманмен көмкерілген жер көлемі 735 571 гектарға жетпек. Орманды жерлерде жүзген, жыңғыл, сораң, теріскен сияқты ағаш-бұталардың басқа да түрлері өседі. Ал, өте көп тараған ағаш түрі – қара сексеуіл, ол орманмен көмкерілген жердің 70 пайызға жуығын алып жатыр.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір қалдырыңыз