Әскерден келіп, грантта оқып жүр...

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Бүгінгі жастардың Отан алдындағы азаматтық парызын өтеуге деген құлшыныстарын кешегі жетпісінші, сексенінші жылдардағы жастардың құлшыныстарымен салыстыру қиын. Мұның себептері де жоқ емес. Қазір әлеуметтік желіде әскердің ішкі ахуалы, ондағы келеңсіздіктер жайлы жөнді-жөнсіз ақпараттар өте көп. Бүгінгі жастар соны талғамай жұтып жатыр. Әрине, мұны көрген бозбаланың әскерге баруға деген құлшынысы төмендейді. Мұнан бөлек, оларды «мектеп бітіріп, әскерге барсам, оқуға түсу қиындайды, дипломсыз қаламын» деген күмәнді ойлардың мазалайтыны да рас. Десе де, бүгінде бұл проблеманың шешімі табылған. Президент тапсырмасына орай ҚР Қорғаныс министрлігі азаматтардың мерзімді әскери қызметін өтеуге деген ынтасын арттыру мақсатында жаңа жобаларды қолға алуда. Соның бірі – әскери қызметін өткерген барлық азаматтарға жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік беру. Мұндай жеңілдіктер әскери борышын өтеп жүрген сарбаздарға беріледі. Бұдан бөлек, әскерге барып келгендерге де біраз жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтқанда, ҰБТ-ны есепке алмай, әңгімелесу нәтижесі бойынша ақылы негізде жоғары оқу орнына түсу, ЖОО әскери кафедрасында тегін оқу және әскери оқу орындарына емтихансыз және ҰБТ-сыз оқуға түсуге мүмкіндіктері бар. Бүгінде әскери борышын өтеп келгендердің бір легі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде білім алып жатыр. Біз осы мақаланы дайындау барысында сол жастармен тілдесіп қайтқан едік.

Бекзат БИЖІГІТ, «Спорт және туризм» факультетінің 1-курс студенті:
– Мен Ордабасы ауданына қарасты Қарақұм ауылында туып- өстім. Мектепті бітіре салып жоғары оқу орнына түсуге талпынып көрдім. Бірақ, жолым болмады. Ақылы оқуға отбасымның жағдайы келіңкіремеді. Сөйтіп жүргенде, әскерге шақырту алдым. Бастапқыда «барсам ба екен, әлде келесі жылы жоғары оқу орнына тағы да құжат тапсырып көрсем бе?» деген ойлар да болды. Ойлана келе, әскерге баруға шешім қабылдадым. 
Бізді пойызбен Орал қаласындағы Ұлттық ұланның 5517 әскери бөліміне әкеліп түсірді. Алғашында беймәлім ортаға бейімделу қиынға соққанымен, оқу-жаттығу сабақтарына араласқаннан кейін біртіндеп қызығушылығым ояна бастады. Біз ол жерде аса ауыр қылмыс жасағандарға арналған түзету мекемесін күзеттік. Мен негізінен снайпер болдым. Және бұл кәсіпке өте тез бейімделдім. Оқу грантына ілігуіме де снайперлікті жете меңгергендігім себеп болды. Қайтарға бір ай уақыт қалғанда басшылық қызметімізге байланысты сынақ тапсыратынымызды айтты. Сынақтан мүдірмей өтсек, грантпен жоғары оқу орындарына түсе алатынымызды да ескертті. Сөйтіп, дайындыққа кірісіп кеттім. Нәтижесінде, мүмкін болған 15 балдың 14-іне қол жеткіздім. Айтпақшы, сынақ тапсырарда ҰБТ-дағыдай төрт бірдей жоғары оқу орнын көрсетуің керек екен. Менің таңдауым өзіміздің М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне түсті. Бір ескертетін жайт, мамандығыңды әскерде емес, оқу орнына барғаннан кейін таңдайсың. Әскерден келгеннен кейін университет басшылығы әңгімелесу өткізіп, мені спорт және туризм факультетіне қабылдау туралы шешім қабылдады. Келешекте оқуымды үздік аяқтап, әскери құрылымдарда жұмыс істегім келеді. 
 
Мирас КЕНЖЕБАЕВ, «Сәулет, құрылыс және көлік» факультетінің 1-курс студенті:
– Кентау қаласында мектеп бітіріп, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің спорт факультетіне ақылы негізде оқуға түстім. Екінші курста оқып жүргенімде әскерге шақырту келді. Көп ойланғаным жоқ, баруға шешім қабылдадым. Оқуды келген соң жалғастырамын деп шештім.
Физикалық даярлықтан және медициналық тексеруден сәтті өткен түркістандық бірнеше жас Алматыдағы әуе десантшыларын даярлайтын әскери бөлімге түстік. Біз түскен бөлім темірдей тәртібімен ерекшеленеді екен. Тәртіптің қаталдығы сондай, сарбаздарға ғана емес, сержанттар мен офицерлерге де темекі тартуға рұқсат жоқ! Командирдің бұйрығына барлығы мойынсұнады. Мен де тәртіпке бейімделіп, өзіме бекітілген жұмысты тиянақты атқаруға тырыстым. Осы тиянақтылығым әрі жұмысқа жете мән беретіндігім сынақ барысында жоғары көрсеткішке қол жеткізуіме себеп болды. Осылайша әскерде жүріп, М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың грантын иелендім. Байқағаным, осы заң шыққалы бері жастардың әскерге баруға деген ынтасы артып келеді. Бізден кейін келген сарбаздардан «әскерге неге келдің?» деп сұрағанымызда, жоғары оқу орнына түсуге жеңілдік болатынын естіп келгендерін айтатын. 
Алғашында өзімнен кіші балалармен қызмет ететінімді ойлағанда көңілімнің бұзылғаны рас. Кішкентайлардан таяқ жеп, солардың айтқанын істеп жүрем бе деген ой болды. Бірақ, әскерге барып, сол ортаны өз көзіммен көргеннен кейін бұл ойым мүлде теріс екеніне көзім жетті. Ең бастысы, өзіңді қалай көрсетесің, ортаға солай сыйлы боласың. Егер әлсіз болсаң, көштің соңында жүресің. Егер мықты болсаң, көш бастайсың.  

Ерлан ҚЫМБАТБЕК, «Спорт және туризм» факультетінің 1-курс студенті:
– Мен Арыс ауданына қарасты Дермене ауылының тумасымын. Мектеп бітірген соң жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік болмады. Бірер жыл ауылда үй шаруасымен айналыстым. Бірде әлеуметтік желіден «әскери борышын өтеген сарбаздарға оқу гранты беріледі» деген хабарды оқып қалдым. Шынымды айтсам, бұл менің әскерге баруға деген ықыласымды оятты. Әскерге шақырту келгенде, бірден қуана қабылдадым.
Өзім құралпы 30-ға тарта жігіт Көкшетау қаласындағы әскери бөлімге түстік. Мұнда келісіммен Бауыржан атамыздың «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөзін жадымда берік ұстауға тырыстым. Себебі, тәртіпке бой ұсынсам ғана қиындықты жеңе алатыныма сендім. Әскерде күн тәртібін сақтау, берілген тапсырмаларды мұқият орындау – міндет. Белгіленген күн тәртібіне сай күнде спорттық іс-шаралар, оқу-жаттығу жиындары ұйымдастырылады. Соның барлығын қызықты әрі пайдалы етіп өткізу  өзіңе байланысты. Осы міндеттерді орындау барысында бойым ширап, ойым ширыға түсті. Былайша айтқанда, әскери өмір мен күткеннен де қызықты болып шықты. Ең бастысы, адамның өзіне деген сенімі болса жетіп жатыр. Егер ерік-жігерің әлсіз болса, әскерде қиналады екенсің.   
Әскерге барарда ауылдағы өзім қатарлы жігіттер «барма, уақытың босқа өтеді» деп кеңес берген еді. Әскери өмірді көргеннен кейін ол сөздердің бекер екеніне көз жеткіздім. Себебі, әскерге барып, оқу грантына қол жеткіздім. Бір сөзбен айтқанда, «Әскер – өмір мектебі» деген сөздің шындық екеніне көзім жетті.
Университет жанындағы кәсіптік бағдар беру орталығы директорының міндетін атқарушы Талғат Зәуірбектің айтуынша, мемлекеттің мұндай жеңілдігіне бүгінде ата- аналар да қызығушылық таныта бастаған. 
– Біздің орталыққа ата-аналар жиі хабарласып жатады. Олардың көпшілігі «баламызды әскерге жіберсек, келген соң тегін оқи ала ма?» деп сұрап жатады. Мәселен, әскерге жылына 30 мың жас қабылданса, соның 3 мыңына гранттық жеңілдіктер қарастырылған. Яғни жыл сайын әскерден келген 3 мың сарбаздың тегін білім алуына мүмкіндігі бар деген сөз. Әйтсе де, әскерге барып келгендердің барлығы бірдей грантқа іліге бермейді. Әскерде үздік нәтиже көрсетіп, әңгімелесу кезінде таңдаған мамандығына қатысты сұрақтарға мүдірмей жауап бергендер ғана жоғары оқу орнына жолдама алады.
Университеттің ғылыми кеңесінің шешімімен әскерден келгендерге 140 орын бөлінген. Бұл – Қазақстандағы жоғары оқу орындары арасындағы ең үлкен көрсеткіш. Осы ретте үздік сарбаздарға берілетін гранттың мемлекеттік емес жоғары оқу орнының есебінен берілетінін ескерте кеткен жөн. Әскерден келгендерге құқықтанудан өзге мамандықтардың барлығында оқуға болады. Негізінен техникалық мамандықтарға басымдық берілген. Қазір бізде әскери борышын өтеп келген 23 бала грантпен, 25 бала ақылы негізде оқып жатыр. Олар бізге Қорғаныс министрлігінің ұсынымымен келеді. Сондай ұсыныс хаттардың негізінде оларды оқуға қабылдаймыз. Кейбірі елге келген соң гранттан бас тартып жатады. Айта кетерлігі, мұндай жеңілдікпен оқуға түскендерге шәкіртақы берілмейді, есесіне, жатақханамен қамтамасыз етіледі, – дейді Т.Зеуірбек.
Елді қорғау – парыз, Отанды қорғау – абыройлы іс. Осы қасиетті парызды абыроймен атқарып келген сарбаздардың болашағын жарқын ету, оларға жоғары білім әперіп, келешегіне жол ашу – мемлекеттің де міндеті.         
Пікір қалдырыңыз