Жас спортшылар шаршы алаңда күш сынасты

Бауыржан ЕРМАН, «Ońtústik Qazaqstan».


27-30 қазан күндері аралығында Алматы қаласында 2009-2010, 2011-2012 жылдары туылған жасөспірімдер былғары қолғап түйістірді. Аталған республикалық біріншілікке қатысқан шымкенттік жас боксшылар да құр қайтпай, команда қанжығасын майлады. Атап өтсек, Карбаев Әдiлхан мен Хасанұлы Нұрислам жеңіс тұғырын бағындырса, Ибрагимов Мақсат есімді спортшы күміс жүлдеге ие болды. Ал, Тұрсынбай Мұрат, Тұрсынбай Иманәлi, Әлiбай Нұрхан мен Алмазбек Әли өз салмақтарында үздік үштікті түйіндеп, біріншіліктің қола жүлдегерлері атанды. Осы орайда жас спортшылардың Шымкенттегі «Али спорт» балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері екендігін атап өту керек. Ал, балалардың бапкері – Қайсар БАИМБЕТОВ.

– Бүгінде елімізде бұқаралық спортқа, жасөспірімдерді спорттық үйірмелермен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлініп жатыр. Бұл – балалар мен ата-аналар үшінде, біз үшін де қуаныш. Себебі, мемлекеттік қолдаудың арқасында балалар бокс үйірмелеріне тегін қатысып, біз  секілді бапкерлер үшін де таңдау көбейді. Соның нәтижесінде республикалық біріншіліктен бірнеше жүлде еншілеп келдік. Алдағы уақытта чемпион шәкірттеріміз көбейе береді деп сенемін, – дейді бапкер.

Айта кетсек, Бекзат Саттарханов атындағы «Бекзат» бокс клубының ашық біріншілігінде еліміздің әр өңірінен және Өзбекстан республикасынан келген 250-ге жуық спортшы күш сынасты.

– «Бекзат» бокс клубы бірнеше филиалы бар Алматы өңіріндегі ең ауқымды бокс клубтарының бірі болып саналады. Осымен бесінші рет өткізіліп отырған біріншілікке Қазақстанның әр аймағынан және көршілес Өзбекстанннан боксшылар қатысты. Тиісінше екі жас ерекшелігі бойынша өткен спроттық сайысқа қатысушылар 15 салмақ дәрежесі бойынша өнер көрсетті. Бұл біріншілікті жыл сайын ұйымдастырып, жас боксшылар үшін көптеген мүмкіндік, ынта сыйлауды мақсат етіп отырмыз, – дейді бокс клубының қызметкерлері.


Пікір қалдырыңыз