«Ұмай» жалғасады

Еліміздегі әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекалық бағдарламасы 2023 жылдан бастап қайта жалғасын табады. «Отбасы» банк биылғы сәуір айынан бастап аталмыш бағдарлама бойынша өтініш қабылдауды тоқтатқан болатын. Бұл – «Отбасы» банкінің «Азия даму» банкімен бірлесе ашқан бағдарламасы.
Бұл ипотекаға кәмелеттік жасқа толған 65 жасқа дейінгі жұмыс істейтін әйелдер қатыса алады. Онымен 30 миллион теңгеге дейін несие алуға болады. Несие мөлшерлемесі – 13,5% (сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесі 14,5%-дан бастап), кейін 5%-ға дейін (сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесі - 5,2%-дан бастап) төмендетіледі. Қарыз алу мерзімі – 6 ай мен 25 жыл аралығы. Тұрғын үй таңдау жағынан шектеу жоқ, жаңа үйді де, екінші нарықтағы да, жер үйді де алуға мүмкіндік бар. Бірақ, қарыз алушының ай сайынғы отбасылық табысы 550 000 теңгеден аспауы керек. Ал, отбасының ортақ кірісі айына 550 001 теңгеден 630 000 теңгеге дейінгі аралықта болса, тұрғын үй 20 пайыздық алғашқы жарнамен беріледі. Сондай-ақ, осы бағдарлама бойынша баспананы жөндеу жұмыстарына да 3,7 миллион теңгеге дейінгі қарыз алу мүмкіндігі қарастырылған. Соңғы бір жылдың ішінде аталмыш бағдарлама 1 мыңға жуық әйелге баспаналы болу қуанышын сыйлаған.
Айта кетейік, ипотека алушы қыз-келіншектердің саны соңғы 5 жылда ерлерге қарағанда артып келеді. Мұны «Отбасы» банкінің несиелік портфеліне қарап анық байқаған. Ондағы әйелдердің үлесі қарыз алушы ерлермен салыстырғанда жоғары. Мәселен, заемдар саны бойынша бұрымдылардың үлесі 57% болса, несие сомасы мен берешек қалдығы бойынша 53%-ға тең. Бұған «Ұмай» бағдарламасы да өз септігін тигізген.
«Оңтүстік»-ақпарат.