Сталиннің қасында қазақ отыр...

Пернебай САПАР, «Ońtústik Qazaqstan».


Облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасына қарасты Қоғамдық-саяси тарих мемлекеттік архивінде БКП(б)-ның XV съезіне қатысқан делегаттардың суреті сақталыпты. Сталинді ортаға алып түскен суретте екі қазақ бейнеленген. Екі қазақтың бірі Досов Әбілқайыр Ысқақұлы. Ол 1936 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің хатшысы қызметін атқарған.

Қоғамдық-саяси тарих мемлекеттік архивінен алынған деректерге сүйенсек, Әбілқайыр Досов 1899 жылы Ақмола облысы, Көкшетау уезі, Дәуіт ауылында Досов  Ысқақтың  отбасында дүниеге келген. Ә.Досов 1909 жылдан бастап қазақ байлары мен орыс кулактарының қолында жұмыс істейді. Орыс кулагы Хамуллоның қол астында жұмыс істеп жүргенде орысша хат танып, оқи бастайды, сурет салуды үйренеді.

1914 жылы күзде бастауыш мектепке барып, 1915 жылы күзде Шучинск стансасындағы жоғары бастауыш училищесіне қабылданады. Училищедегі сурет мұғалімі С.В.Логиновтың айтуымен 1916 жылы Омскідегі орыс-қырғыз жетім балалардың пансионына қабылданады. Осы жылы Омск ауыл шаруашылығы училищесінің студенті М.Семетовпен танысып, қырғыз жастарының жиналысына қатысады. Кейін «Бірлік» мәдени ағарту қоғамының мүшесі бола  жүріп, студенттердің жасырын шығатын «Балапан» журналына каррикатуралық суреттер,  мұқабасына суреттер салады. Осылай қоғамдық және саяси жұмыстарға тартылады.

Әбілқайыр Досов 1917 жылы Көкшетау уезіне нұсқаушы - комиссар болып жіберіледі. Бірақ, сол жылдың күзінде Омбыға оқуын жалғастыруға қайтып келеді. Әйтсе де митингтер мен жасырын жиналыстарға қатысуына байланысты оқудан шығарылады.

1918 жылы Шучинскідегі гимназияға жұмысқа кіргенімен, Колчак билігінің террорлық әрекетіне қарсы көзқарасын білдіргені үшін тұтқынға алынады.1919 жылы наурызда кездейсоқ жағдайларға байланысты тұтқыннан босап шығып, партизан отрядына қосылады.

Мақсатымыз – қоғам қайраткерінің өмірбаянын қацта жазып шығу емес. Бүкіл күш-жігерін елінің жарқын болашағына арнаған Әбілқайыр Досов үшінші мүшеліне толғанға дейін талай қызметтің жалынан ұстады. Қазақты мұратқа большевиктер партиясы жеткізеді деп сенді. Сол сенген өкіметі мен партиясы ақырында репрессияға ұшыратты. Қайран ер Сталинмен осы суретке түсіп отырған сәтте ойына титтей де күмән кірмеген шығар... Сіздер көріп отырған мына суреттің сапасы сын көтермесе көтермейтін шығар, бірақ тағдырлы сурет! Келісетін шығарсыздар. 

Пікір қалдырыңыз