Отырарды туризм орталығына айналдыру – бізге міндет
Ұлы Жібек жолы
бойындағы ірі орталықтардың бірі, ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің отаны – Отырар
Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан ортағасырлық қалалардың ішіндегі ең
танымалы. Ол ежелгі заманнан-ақ ғылым мен мәдениет, сауда, өндіріс пен мал
шаруашылығы қатар дамыған өркениетті қала болған. Қазақ елі 1993 жылы Дүниежүзі
туристік ұйымының мүшелігіне енді. Дәл осы жылы «1997-2003 жылдар кезеңінде Ұлы
Жібек Жолының тарихи орталықтарының өркендеуі, түркі тілді мемлекеттердің
мәдени мұраларын сақтау және туристік инфрақұрылым құру» мемлекеттік бағдарламасы
бекітілді.
Елімізде
туризмнің дамуы үшін барлық қажетті (мәдени, тарихи, географиялық және
климаттық) жағдайлар бар. Туризм саласы бюджетті толтырады, қосымша жұмыс
орындарын ашады, қызмет көрсету саласын дамытуға ықпал етеді. Бүгінгі таңда Түркістан
облысының барлық аудан, қалаларында 1, 2 және 3 күндік туристік бағыттар жұмыс
істеуде. Олар арқылы 80-нен астам тарихи-мәдени орындарды аралауға болатынын
айта кету керек. Сонымен қатар, туристік бағыттарға Отырар қалашығы, Арыстан
баб кесенесі, «Құйрықтөбе», «Алтынтөбе», «Бесіктөбе», «Пышақшытөбе», «Мыңшұқыр
керамикалық шеберханасы», «Мардантөбе», «Күйіктөбе», «Оқсыз» сынды көне орындар қосылған. Мәселен, Пышақшытөбе
қару - жарағымен, оның сапалылығымен шартарапқа даңқы жайылған қала болған. Көне
ғасырдағы қалашық метал өндеу ерекшелігімен, әсіресе, әлемге әйгілі қаруларымен
ерекше әдіспен жасалған жер өңдеу ісіне пайдаланылған әртүрлі соқа, орақ,
кетпен секілді бұйымдарымен танымал болған. Осындай құрал-саймандардың
арқасында Отырар өлкесі оазиске айналған. Отырар қаласы Арыс өзенінің Сырдария
өзеніне құйылатын сағасында орналасқандықтан, біздің дәуірдің І ғасырының
өзінде мұнда сол кездегі теңдесі жоқ суландыру жүйесі жұмыс істеген. Жүздеген
гектар жүзімдіктер, алуан түрлі жеміс ағаштары, жайқалған бидайы мен тарысы,
тіл үйірер қауыны мен қарбызы Отырардың даңқын онан әрі асқақтата түскен.
Бүгінгі күнге дейін сол кездегі арық-атыздардың ізі сақталып, сан ғасырлар өтсе
де ирригациялық жүйелер арада сол күйі жатыр. Демек, бұл қазақтар көшпелі өмір
салтын ұстанған, Ұлы далада тек көшпенділер өмір сүрді деген ұғымды теріске
шығарады.
Құйрықтөбе және
Жамантөбелер де өз миссияларын мінсіз атқарып, отырарлықтарды ет, сүт, тері,
жүнмен қамтамасыз еткен. Мұнда мал бордақыланып, сүттен көптеген өнімдер
өндіріліп, тері-жүннен киімдер дайындалған.
Отырардың мәдени
– рухани келбеті мен инфрақұрылымын қалыпқа келтіру жұмыстары алдағы уақытта
қолға алынады. Отырарға жер жүзінен аса қызығушылықпен келетін ғалымдар мен
саяхатшылар жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, 2022 жылы осы қасиетті жердің
көне тарихына қызығып, киелі Отырарға 420 064 турист 420 064 турист саяхат
жасаған. Оның ішінде Арыстанбаб кесенесіне – 350 007 адам, «Отырар қалажұртына»
– 48 916 адам, сапар орталығына – 9 416 адам, ал музей экспозициясына – 11
724 адам келген.
Археолог-ғалымдар
мен реставраторлар «Ежелгі Отырар қаласын ішінара қалпына келтіру» жобасы
аясында тиісті жұмыстарды толығымен аяқтады.
Ғалымдар ежелгі қалашық аумағында Ақ Орда билеушісі Ерзен хан салған
Ханаканың орнын тапты. Сондай-ақ, мамандар күйдірілген кірпіштен қаланған мешіт
пен XV ғасырдың басында Әмір Темір Тоқтамыс ханның елшілерін қабылдаған
Бердібек сарайын ішінара реставрациялады. «Жарақты», Солтүстік және Сопыхан
қақпаларын т.б нысандарды толығымен қалпына келтірді.
Көне Отырар
ежелгі шығыс моншасымен де әлемге танымал. Мәселен, қазба және реставрациялық
жұмыстардың нәтижесінде Отырар қаласының аумағынан XI-XII ғасырлардағы екі
монша аршылған. Моншаның ішінде шешінетін, тынығатын кең бөлмелер, шомылатын
залдар, пештің, оттығының үстіне орналастырылған шабынатын бөлмелер болған.
Моншаның шығыс жағында оттық және су құятын бөшкелері бар бөлме орналасқан. Осы
жерден моншаны сумен қамтамасыз ететін құдық қазылып, оның қабырғалары күйген
кірпішпен қапталған. Ал, моншадан шыққан су құбыр арқылы үйдің сыртындағы су
сіңіргіш шұнқырға құйылып отырған.
Халық ақыны,
«Парасат» орденінің иегері Әселхан Қалыбекова апамыз айтқандай, Отырар – Әл -
Фарабидей дананың, Өзбекәлідей ұлт мақтанышының, Шәмшідей сазгердің кіндік қаны
тамған, ізі қалған жер. Отырар – көне тарихи құндылықтарымен бүкіл әлем
ғалымдарының, ЮНЕСКО-ның назарын өзіне аударған ұлттың рухани қазығы. Ұлы
Отырар – қазақ өркениетінің алтын діңгегі. Отырар ежелден теңдік пен әділдікке,
тыныштық пен рухани бірлікке, әлемдік бейбітшілікке үндейтін, ынтымақ ұялаған
жер. Сондықтан, көне Отырарды туризм орталығына айналдыру мәселесі негізгі
міндеттердің бірі болып табылады.
Жадыра
ОРЫНБАЙ,
«Отырар»
мемлекеттік археологиялық
музей
– қорығының таныстырушысы.
Жазира
????????????