САБЫРЖАН МЕН ШАДИЯР намысты қолдан бермеді

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Ońtústik Qazaqstan».


Бразилияның Кашиас-ду-Сул қаласында XXIV жазғы сурдлимпиадалық ойындар мәресіне жеткенінен көпшілік хабардар. Жарыста 100 мемлекеттен келген 3500 спортшы 21 спорт түрінен өнер көрсетті. Қазақстаннан 65 спортшы 9 спорт түрінен сынға түсті. Біздің атлеттер үстел теннисі, суға жүзу, каратэ-до, таэквондо, дзюдо, жеңіл атлетика, грек-рим және еркін күрес бойынша бақтарын сынады. Шымкенттегі мүгедектерге арналған №19 спорт мектебінің (директор Мұзрафша-Жаһангер АБЛАЕВ) шәкірттері ел намысын абыроймен қорғады.

Еркін күресте 65 келіде бақ сынаған Шадияр Пернеш үздік бестіктен көрінсе, Сабыржан Рысалы  70 келіде күміс жүлдеге ие болды. Қос спортшыны байрақты бәсекеге даярлаған белгілі бапкер Ғалымжан Омар екенін айта кеткен жөн. 

Шадияр Пернеш – Ордабасы ауданының тумасы. Он үш жасынан бастап сурдо бөлімінде еркін күрес түрімен шұғылданады. 2014 жылы Алматы қаласында жасөспірімдер арасында өткен ел біріншілігінде 50 келі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанып, сол жылы Ереван (Армения) қаласында өткен әлем біріншілігінде қола жүлдені жеңіп алды. 2015 жылы Шымкент қаласында ересектер арасында өткен ел чемпионатында қола жүлде, 2016 жылы Ақтөбе қаласында жасөспірімдер арасында өткен ел біріншілігінде бірінші орынды жеңіп алған. Сол жылы Тегеран (Иран) қаласында өткен әлем біріншілігінде қола медальға ие болды.

Ал, Сабыржан Рысалы Қазығұрт ауданында дүниеге келген. Ол 12 жасынан бастап сурдо бөлімінде еркін күреспен шұғылданады.

2016 жылы ел біріншілігінде жасөспірімдер арасында жеңімпаз атанып, сол жылы Якутияда өткен «Азия балалары» ойындарында күміс жүлдеге ие болды. 2017 жылы Көкшетау қаласында жасөспірімдер арасында өткен ел біріншілігінде жеңімпаз атанды. 2018 жылы Атырау қаласында ересектер арасында өткен ҚР Кубогі бәсекесінде қола жүлдеге және Орал қаласында өткен ел біріншілігінде алтын жүлдеге қол жеткізді. Сол жылы Владимир (Ресей) қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінде күміс жүлдегер атанды.

Былтыр Стамбул (Түркия) қаласында өткен әлем чемпионатында топ жарды.

Пікір қалдырыңыз