Орта Азия: трансшекаралық су мәселелері қалай шешілмек?

Түбі адамзат баласы ауыз су тапшылығымен бетпе-бет келуі мүмкін. Яғни ғаламшар тұрғындарының тіршілік нәріне деген сұранысы уақыт өткен сайын еселеніп отыр. Себебі, жер бетіндегі судың тек 1 пайызы ғана тұтынуға жарамды екен. Қазір әлемде 25 мемлекет қуаңшылықтың зардабын тартуда. Яғни ауыз су тапшылығы ХХІ ғасырдағы ең күрделі, ең қауіпті экологикалық және әлеуметтік дағдарысқа әкеліп соқтыруы мүмкін. БҰҰ-ның деректері бойынша дүние жүзінде бүгінде ауыз су тапшылығынан екі миллиардтан астам адам зардап шегуде. Әсіресе, су мәселесі 1,5 млрд. халқы бар Қытайда өте өзекті. Былтыр бұл елде... 28 мың (!) өзен тартылып кеткен. 

 Су – барынша шектеулі ресурс болғандықтан, оның көздерін иелену үшін жүріп жатқан күрес қазірдің өзінде ғаламдық геосаясаттың аса маңызды факторына айналып отыр. Соңғы жарты ғасырда дүние жүзінде су ресурстарын пайдаланудан туындаған 500-ден астам қарулы қақтығыс орын алды. Соның бір көрінісі – Таяу Шығыстағы Израиль – Араб соғысы. Соңғы 60 жылда Жер шарында ауыз суды пайдалану 8 есе өскен. Халықаралық зерттеу орталығының дерегінше, алдағы онжылдықта бұл көрсеткіш бірнеше есе өсіп, 2050 жылы әлемде 5,7 млрд. адам су тапшылығын сезінуі мүмкін деп болжанып отыр. 
Қазіргі уақыттағы өте өзекті проблемалардың бірі – трансшекаралық суларды пайдалану. Трансшекаралық су проблемалары аймақтық проблема ғана емес, халықаралық саясатқа да ықпал етуде. Әлемдегі 261 су бассейні трансшекаралық су қорлары болып саналады. Олар құрлықтың 45 пайызын құрап, халықтың үштен екісін ауыз сумен қамтамасыз етуде.
Орталық Азиядағы Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түркіменстан елдерінде тұратын 51 миллионнан астам халықтың негізгі су артериясы – Сырдария (ұзындығы 2212 шақырым) және Әмудария (2540 шақырым) өзендері. Осы бес мемлекеттің пайдаланатын су көлемі 50 млрд. текше метр болса, оның ішінде Сырдария өзенінің жыл бойғы айналымы 37 млрд. текше метрді құрайды. Қазақстан арқылы өтетін Сырдарияның ұзындығы 1150 шақырымды құраса, Өзбекстан аумағы арқылы – 441, Қырғызстан арқылы – 507, Тәжікстан арқылы 114 шақырымды басып өтеді. Негізінен, бұл елдерде су қоры ирригация үшін пайдаланылады. Тәуелсіздік алғалы бері Орталық Азия елдерінде су-энергетикалық алмасу процесінде объективті және субъективті себептермен аймақ елдерінің ұлттық мүдделеріне әртүрлі қарама-қарсы позициялар орын алып келеді. Оған қосымша Арал теңізіндегі экологиялық апат бір миллионнан астам адамның тағдырына әсер етті. 
Осы бес елде дүние жүзіндегі гидропотенциалдың 5,5 пайызы шоғырланған.  Бұл ретте таудың мұздық массасы ауыз судың 80 пайызын құрайды. Алайда, аймақта суды пайдалану деңгейі біркелкі емес. Соңғы он жылда сырттан келетін трансшекаралық су қорларының 11 пайызын Қазақстан, 39 пайызын Өзбекстан, 23 пайызын Түркіменстан, дарияның бас жағына қоныстанған Қырғызстан орта есеппен 1 пайызын, Тәжікстан 3 пайызын пайдалануда. Ал, Сырдария өзеніне мелиорация үшін Қазақстан 42 пайыз, Өзбекстан 77 пайыз тәуелді. 
Қазақстан жерінің 76 пайызы шөл және шөлейт жерлерден тұрады. Соңғы жылдары Қазақстандағы таулы мұздық массаларының көлемі 48 пайызға қысқарған. Еліміздегі су қорының 44 пайызын сырттан келетін өзендер құрайды. Қазір Қазақстанда 85 000, оңтүстік өңірде 122 өзен бар. Пайдаланылып отырған 595 мың текше метр судың 69 пайызы ауыл шаруашылығының үлесінде. Осы су көлемінің 40 пайызын өзендер құрайды.  
Қазір әлемдегі ауыз суды тиімді пайдалану экономикалық саясаттың төресіне айналып тұр. Елімізде су көздерінің шектеулі екеніне қарамастан, біз осы тіршілік көзін тиімді пайдалану мәселесіне келгенде ұятты болып отырмыз. Себебі, тұтынып отырған судың 40 пайызы үнемделмейді. 2019 жылмен салыстырғанда 2020 жылы Сырдарияның көлемі 30 пайызға төмендеп, дариядан 60 мың шақырым ұзындықта тартылған канал суының 20-25 пайызы ысырап болуда. Шымкент қаласында әр тұтынушы орта есеппен 130 литр су пайдаланса, дамыған елдерде бұл көрсеткіш 80-90 литрдің шамасында. Бұл ретте табиғи ресурстарға өте кедей Израиль мемлекетінің тәжірибесін үлгі етуге болады. Израильде су және су орналасқан аймақ мемлекеттік меншікке жатады. Су көздерін жекеменшікке беруге қатаң тыйым салынған. Жер учаскесінің иесі жерінің үстінен өткен су құбыры үшін де  мемлекетке ақша төлейді. 
Қазақстанда 180 млн. гектар жайылым, 1,5 миллион гектар суармалы жер бар болса, оның басым көпшілігі оңтүстік облыстарда. Жыл сайын осы жерлерді суаруға 12,3 миллиард текше метр су пайдаланылады. Бұл барлық тұтынатын су көлемінің 67 пайызын құрап, оның әр гектарына орта есеппен 12-18 мың текше метр су кетеді. Суармалы жерден шығатын өнім сусыз жердегі өнімнен екі есе көп. Ғалымдардың есебі бойынша бір гектар күрішті суару үшін 25 мың текше метр, 1 келі алма өндіруге 700 литр, 1 келі сиыр етін өндіруге 15000-17000 литр, ал, бір автокөлік шығару үшін 200-300 тонна су кетеді екен. 
Түркістан өңірінде 3 миллионнан аса тұрғын бар болса, суармалы жер көлемі 516  мың гектар. Алдағы уақытта осы суармалы жер көлемін тағы да 1 млн. гектарға  жеткізуге мүмкіндік бар. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша алдағы жылдары бұл көрсеткішті 3 млн. гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.  Сырдария өзенінің сол жағалауынан 70-80 мың гектар жаңа суармалы жер игеру жоспарда бар. Осы мәселе шешілетін болса, 200 мың адам жұмыспен қамтылып, әр гектардан орта есеппен 1,5-2 мың доллар табыс түседі.
Су басты тіршілік көзі болғандықтан, трансшекаралық су мәселесі қарқынды өсіп келе жатқан 51 миллион халқы бар Орта Азия елдерінің экономикалық, әлеуметтік және демографиялық өсу үрдісінің өзекті стратегиясы екендігі даусыз. Соңғы 20 жылда халық саны Қазақстанда 4,3 пайызға, Өзбекстанда 46 пайызға, Қырғызстанда 30 пайызға көбейген. Тек өткен жылдың өзінде елімізде дүниеге келген адам саны 8,4 пайызға өскен.
Қазақстан, Өзбекстан,  Қырғызстан, Тәжікстан және Түркіменстан елдерінің басшылары 1992 жылғы келісім бойынша Сырдария мен Әмудария  бассейндері арқылы 12 млрд. текше метр суды пайдалануды көздесе, оның 3 млрд. текше метрі Аралға, 2 млрд. текше метрі Шардараға бөлінбек болған. Алайда, Өзбекстан «Достық» каналы арқылы келуге тиіс 1,1 млрд. текше метр судың тек 50 пайызын ғана беріп отыр. Көршімізде 4 млн. 300 мың гектар суармалы жер бар. 9 су қоймасы салынған, тағы да 6 су қоймасы салынбақшы. Осыған байланысты мамандар суды көп шығындайтын дақылдардың көлемін біртіндеп қысқартып, оларды көкөніс, майлы және мал азығы өнімдеріне ауыстыруды тиімді санап отыр. 
Трансшекаралық су қорлары тек аймақтық проблема ғана емес, мұның халықаралық саясатқа да ықпалы өте зор. Осы трансшекаралық өзендердің суын пайдалануды ретке келтіретін халықаралық келісімшарттарға әзірге Өзбекстан мен Қытай қол қоймай отыр. Тұтастай алғанда, Орта Азия елдерінің трансшекаралық су ресурстарын бөлу мәселесі әр мемлекеттің мүдделерін ескеріп, құқықтық принципте шешілуі тиіс.
                           
Қамбар МҰСАБЕКОВ, 
 экономика ғылымдарының 
докторы, профессор.
Пікір қалдырыңыз