Әлеуетіңді байқайын, әлеуетіңді көрсет!

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы биыл тоғызыншы жыл өтеді. Естеріңізге сала кетейік, 2013 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен қыркүйек айының екінші жексенбісі «Отбасы күні» деп жарияланды. Келер жылы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының тұсауы кесілді. Содан бері  байқауға қатысуға 15 мыңнан астам отбасы өтініш білдірген екен. Олардың 62 пайызын ауыл тұрғындары құраған. Осы статистикалық дерекке қарап-ақ, мұны ауылдың атын асқақтатып, азаматтарына абырой арқалататын сайыс десек болатын шығар.

Дилара БИМЕНОВА, «Ońtústik Qazaqstan».


Қолымызда бар мәліметтерге қарасақ, Нұр-Сұлтан қаласында Түркістан облысының намысын қорғап, жеңімпаз атанған отбасылардың барлығы ауылдан шыққан. Айталық, 2014 жылы Төлеби ауданында тұратын Сақыбаевтар, 2017 жылы Ордабасы ауданында тұратын Шапаевтар, 2018 жылы Қазығұрт ауданында тұратын Момыновтар мен Мақтаарал ауданында тұратын Серікбаевтар, 2019 жылы Шардара ауданында тұратын Қарсыбаевтар, 2021 жылы Қазығұрт ауданында тұратын Жамаловтар әулеті топ жарды.  

Байқау ережесіне сәйкес, үміткерлер алдымен аудандық, қалалық, облыстық деңгейлерде іріктеуден өткізіледі. Үздік деп танылған отбасыларға ғана ел астанасында өтетін ақтық мәреге жолдама беріледі. Соңғы жылдары аймақтар арасындағы қалалар қатары Шымкент шаһарымен толығып, қатысушылар 16 аймақтан емес, 17 аймақтан келе бастады. 

Әрине, байқаудың негізгі мақсаты -- ұрпақ тәрбиесінде белгілі бір тәртіп орнатқан отбасылардың тыныс-тіршілігін көпшілікке насихаттау. Расында да мұндай шаңырақ иелерін өзгелер танып, білуі және олардан үлгі алуы тиіс. Шүкір етейік, ондай отбасылар бізде аз емес. Байқауға қатысуға өтініш білдірген отбасылардың саны жыл сайын артуда. Мәселен, конкурсқа қатысуға республика бойынша 2014 жылы – 1298, 2015 жылы – 2285, 2016 жылы – 2579, 2017 жылы – 2879, 2018 жылы – 2952, 2019 жылы 3204 отбасы өтініш білдірген.

Жылдағы дәстүрмен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы биыл да өз жалғасын табады. Оған үміткер болғысы келетін отбасылар 15 мамырдан 10 маусымға дейін өтініш беруі керек. Конкурс ережесінде «байқауға еңбектегі, спорттағы, шығармашылық, зияткерлік, ғылыми жоғары жетістіктері бар отбасыларының мүшелері жіберіледі» делінген. Өтініштердің қандай мекенжайларда қабылданатыны туралы ақпарат Түркістан облысы әкімдігінің www.gov.kz сайтында жазылған. Бұл сайыста бұрын сотталған және еліміздің аумағында тыйым салынған ұйымдардың құрамына кіретін мүшелері бар отбасылар бақ сынай  алмайтынын айта кетейік. 

Отан отбасынан басталады дейміз. Ол үшін, әрине, сол Отанды құрайтын отбасылар мықты болуы керек. Ондай отбасылар біздің елімізде жеткілікті. Оған жоғарыда дәлелдер келтірдік. Бұйыртса, жақын күндері сондай мықты әулеттердің тағы бірқатарының есімдері белгілі болмақ.

Пікір қалдырыңыз