Ауылдан шыққан адвокат

Кешкі сағат жеті шамасы. Автобазаға кіреберісте мақта таситын «ЗиЛ» автокөлігінің алдын кесе-көлденеңдеп, дабыл сиренасы құлақты жарардай бір патрульдік жеңіл көлік тоқтай қалды. Алдымдағы жүргізушінің жолқағазына келген мерзімін белгілеп, мөр бастым да, әлгілерге жақындадым. Жол полицейі көлігінен түскен аға лейтенанттың бет-аузы қан-жоса. Қасында отырған сақшының да беті ісіңкіреп тұрғандай көрінді. Екпіндеп келген олар «ЗиЛ» көлігінің жүргізушісі Бойко Алексейдің жер-жебіріне жетіп, барлық құжаттарын алып қойды. Сөйтсек жағдай былай болған екен.

Жүк көлігін тізгіндеген Алексей Шымкентке мақта өткізіп келе жатқан. Ал, оны басып озбақ болған полиция көлігіне қарай «ЗиЛдің» артқы екі доңғалағының арасына қыстырылып қалған тас ұшып, маңдайша терезесінің быт-шытын шығарыпты. Рөлдегі аға лейтенанттың бет-аузын дап-дала қылған сол әйнектің сынықтары екен. 

– Кінәңді мойындап, түсінік жазып бер! – деп жекірген оларға қандай жауап қайтарарын білмей сасқалақтаған жүргізуші – «мен әдейі істегем жоқ, білмей қалдым! Кешіріңіздерші!» деп шыр-пыр болуда. Осы кезде жұмыстан қайтып, көлігін гаражға кіргізе алмай тұрған басқа жүргізушілердің де қарасы көбейе бастаған. Сөйтіп, мен полицейлерден есіктің алдын босатуды талап еттім де, аға лейтенант көлденең тұрған көлігін артқа жылжытып жатқанда басы дауға қалған Алексейге «ішке кір» дегенді ишараладым. Көлігін гаражға қойып келген оған аға лейтенант бағанағыдан бетер шүйліксе бола ма?! 

– Көлігіңді гаражға неге кіргізесің?! Біз оны аудандық полиция бөлімшесіне апаруымыз керек! – деп екеуі екі жақтан тұқыртып барады. Тәртіп сақшыларының беті қан-жоса болғанына өзін кінәлі сезінген Алексейді түсініп-ақ тұрмын. Ол әлі де әдейі істемегенін айтып, жыларман болып кешірім сұрап тұр. Ал, әлгілер оны түсінер емес. Бір кезде бұл жерге ел ішінде Ордан атанып кеткен Ордабек аға келіп, мән-жайға қанық болғасын әлгі сақшыға: «Ей, шырағым! Сен кінәліні іздесең, алдымен «Доротделге» ДЭУ-ге бар. Жол бойындағы мұндай тастардың шашылып жатқанына солар кінәлі. Екіншіден, жүргізуші әр шақырым жүрген сайын доңғалақтарының арасына тас тұрып қалмағанын тексеріп тұрсын деген заң жоқ. Үшіншіден, ол тас қай жерден жабысқанын анықтап ал. Төртіншіден, ол тас дәл осы Алексейдің машинасынан ұшқанын дәлелдей аласың ба? Бесіншіден, сен өзің полиция қызметкері бола тұра алдыңдағы көлікпен ара-қашықты сақтау ережесін қалай білмей қалдың? Әдетте, мұндай көліктердің доңғалақтарының арасына тас қыстырылып қалғанын байқаған жүргізушілер озып бара жатып, екі саусағының арасынан бас бармағын шығарып белгі береді. Немене, сен оны да білмейсің бе? Қысқасы, сендер бұл жігітке нақты қандай кінә тағып отырсыңдар?» деп әбден састырды. Онымен қоймай «егер сендердің мына істерің туралы біз қазір акті жасап прокуратураға беретін болсақ, арты не болатынын да ойлап қойыңдар. Сондықтан бұл жүргізушіге орынсыз шүйліге бермей, артық қылықтарың үшін кешірім сұрап, құжаттарын қайтарыңдар» деді өктем сөйлеп. Бұл даудың маңына жиналып қалғандардың Ордан ағаға риза болмағаны жоқ. Ал, уәжден жеңілген полицейлер Алексейдің құжаттарын өзіне қайтарып берген бойда бұл жерден қарасын батырды. 

– Ореке-ау! Бұл жерде қор болып жүргенше неге адвокат болмайсыз? – деген колонна бастығы Маханов Дүйсеннің сөзіне күлмеген адам қалмады. Ал, үйіне қайтып бара жатқан Ордабек артынан: – Ореке! Ящик водки от меня! – деп айқайлаған Алексейге қолын самарқау сілтеп, бұл туралы қайтып сөз қозғаған емес. Астына жаңа «ЗиЛ» мінген Орекең осы автобазада жабдықтаушы болатын. Алексей оны көріп қалса болды елпелектей амандасып, «бір әжетін шығарсам немесе бір шаруасына жұмсаса екен» дегендей жаутаңдап тұрушы еді. «Жұртқа жасаған жақсылығың ешуақытта зая кетпейді, ол адам ең болмағанда сенің тілеуіңді тілеп жүреді» деген сөз осындайдан шықса керек. 

Автобазда гараж меңгерушісі Зәуірбек деген кісі еді. Ол Ордабек ағаның Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтында оқығанын, үшінші курста қазақ қызының намысын қорғап, өзге ұлт өкілдерімен төбелескені үшін оқудан шығып қалғанын айтатын. Мұны естіген диспетчеріміз Әбдіуайытов Төлен: 

– «Оқыған итке дауа жоқ» деген осы екен да! Барлық жерде өзінің сауатты да мәдениетті екені білініп қалатынының сыры осы екен ғой. Біздің әпкеміз анау-мынау адамға тимесе керек еді ғой, – дейді Орекеңді жездесініп. 

Бір күні Орекеңнің әлденеге ренжіп, мазасы болмай тұрғанын байқап, әңгімеге тартқан едім. – Е, бауырым-ай! Мен кімге ренжуші едім? Өмір бойы осы автобазада жабдықтаушы, дәлірек айтсам қайыр сұраған диуана сияқты болып жүрмін ғой. Мені басқа жаққа кетіп қалмасын деген басшылар астыма жаңа «ЗиЛ» беріп, алдаусыратып қойған. «Біз СССР деген ең алып мемлекетте өмір сүрудеміз! Коммунизм дегенің келесі қырдың астында!» деп өзімізді-өзіміз алдаумен келеміз. Ал, шындығында солай ма? Қазақстанда барлық жер асты байлығының қоры жеткілікті. Бірақ оның рахатын қазақтар емес, басқалар көруде. Қазақстанда ең болмаса балалар мінетін велосипед шығарсақ-шы. Байлығымыздың барлығын Одақ деген жалмауыз жұтып жатыр. Егер Қазақстан Одақтан шығып, Тәуелсіз мемлекет болса, осыншама байлықтың арқасында әлемдегі ең бай елдердің бірі болар едік. Сонда мен сияқтылардың жоқ іздегені басылар еді-ау. Тіліміздің де келмеске кетіп бара жатқанын байқаймысыңдар? Бағана жабдықтау бөліміне келген жұмысқа жаңадан тұрған галстукты жас жігіт өзінше мәдениетті болып, менімен орысша сөйлескеніне күйініп тұрған жайым бар. Орыстың «он, она» деген сөздерін жөнді білмей тұрып, ана тілінде сөйлемейтін жанға не деуге болады?! Аузыма «немене, менің түрім орысқа ұқсайды ма»? дегеннен басқа сөз түспеді, – деген еді алыстағыны аңдайтын Орекең күрсініп. Сөзінің соңында: «Бауырым, ең болмаса аптасына бір күнді белгілеп, ләжі болса жұма күні ұлттық киімімізді киіп жүрейік те. Бұл басқаларға да үлгі болсын» деген еді. Асыл ағаның сол сөзі қазір көпшіліктен қолдау табуда.

Жалпы, кіммен сөйлессең де Ордабек аға жайлы тек жақсы сөздер естисің. Біз мысалға келтірген оқиғаларға ұқсайтын оқиғалар ел ішінде өте көп. «Иманды, әділ адамның әлемге ізгілік шуағын шашары анық» деген сөз осындайда еріксіз еске түседі. Жігіттің сұлтаны атанған Кендірбаев Ордабек аға да айналасына иман нұрын төккен сондай асыл азамат еді. Тосыннан келген науқастың ол кісіні алып тынғаны қандай өкінішті десеңізші?.. «Жақсының өзі өлгенмен, аты өлмейді» деген осы болса керек... Жайың жәннәтта болғай, асыл аға! 

Бөріхан ТӘМЕН. Ордабасы ауданы.

Пікір қалдырыңыз