Термешілер тереңнен толғады

Қазығұрт ауданында Кеңес Одағының Батыры Сабыр Рақымовтың туғанына 120 жыл толуына орай «Терме – маржан жыры бабамның» атты республикалық термешілер байқауы өтті.

Қазақ халқының ұлттық дәстүрі мен өнерін насихаттау мақсатында ұйымдастырылған іс-шараның жеребе тастау рәсімі ауданға кіреберістегі «Кемеқалған» ескерткіш-монументінде өтіп, қатысушылардың реттік нөмірлері анықталды.
Мұнан кейін өнер сайысының ашылу салтанаты Қазығұрт аудандық Мәдениет сарайында жалғасты. Онда алғаш боп сөз алған облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Мейіржан Алиакбаров байқаудың маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, байқауға қазылық етуге арнайы келген ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, дәстүрлі әнші Айгүл Қосанова мен мәдениеттанушы, философия ғылымдарының докторы Досай Кенжетай терме өнерінің тарихынан сөз қозғап, ұйымдастыру алқасына алғыстарын білдірді.
Түркістан облысының басты брендін қалыптастыру және имиджін көтеру, оңтүстік өңірінің дәстүрлі ән мектебін республика көлемінде дәріптеу мақсатында өткізілген өнер сайысына беделді өнер қайраткерлері көптеп шақырылыпты. Солардың қатарында майлықожатанушы, қазақ өнерінің қайраткері, ақын, сазгер, термеші Жәкен Омаров, «Оңтүстіктің 100 термесі», «Сырлы сырнай» кітаптарының авторы Жақып Сыпатаев, Батырбек Өтепов атындағы өнер мектебі директорының орынбасары, ақын Бекмұрат Анарбаев, қазығұрттық әнші-термеші Мейрамкүл Танабаева да бар.
Жалпы, соңғы жылдары терме өнерінің дәріптелуі төмендеп кеткені жасырын емес. Десек те, сайыс барысында еліміздің барлық өңірлерінен келген 18-35 жас аралығындағы өнерпаздардың өнеріне көпшілік тәнті болды. Өнер сайысы екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде қатысушы үміткерлер оңтүстік мақамынан 2 терме орындады. Ал, екінші кезеңде өздері туып-өскен өңірдің мақамдарынан (еркін тақырыпта) 2 терме орындап, шеберліктерін ортаға салды.
 Қасиетті Қазығұрт төріндегі өнер додасында бас жүлдені маңғыстаулық Темірбек Асқанбаев еншілеп, оған бас жүлдеге берілетін 1 млн. теңгелік сертификатты аудан әкімі Арман Абдуллаев арнайы табыс етті. Бірінші орынды Түркістан облысының атынан қатысқан Руслан Ақынбеков жеңіп алса, екінші орынға Нұр-Сұлтан қаласынан келген Күнсұлу Түрікпен, шымкенттік Ербол Қалмырзаев пен қызыл­ордалық Марат Сүгірбай ие болды.
Ал, үшінші орын батысқазақстандық Кенесары Бұлғанбаев, Түркістан облысының өнерпазы Ғабит Шырынбековке бұйырды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сый-сияпат көрсетілді.  

Д.ТОЙЛЫБАЙҚЫЗЫ.

Пікір қалдырыңыз