Әйменов атқарған тірліктер қай өңірге барсаңыз да алдыңыздан шығады

 Мәскеу. Қызыл алаң. 1945 жыл. Маусым. Жеңіс парады. Неміс фашистерін өз ордасында тас-талқан етіп қиратқан даңқты Кеңес Армиясының жеңімпаз жауынгерлері қадамдарын нық басып, Сталин бастаған мемлекет басшылары тұрған Ленин мавзолейі алдынан лек-легімен өтіп жатты. Қуаныштан тебіреніп «уралаған» халықтың лақтырған алқызыл гүлдеріне шомылып салтанатты сапта 1-Беларусь майданының жиынтық полкының  жауынгерлері де келе жатты. Бұл сапта  соғыстың 1295 күнін алдыңғы шепте өткізген, кеудесі орден-медальдарға тап Талқа Әуелұлы Әйменов те бар еді…

Иә, сол күннен бері  77 жыл  өтіпті. Сұрапыл қанды соғыста отыз миллионға жуық отандастарымыз опат болды. Ал, сол қырғыннан аман шыққандардың өздері де бүгінгі күндері тым селдіреп, республика бойынша  400-ге  жуық соғыс ардагері ғана  қалыпты. Сол Мәскеудегі Жеңіс парадына Оңтүстік Қазақстан – бүгінгі Түркістан облысынан қатысқан қаһарман жауынгер Талқа Әуелұлы  тірі болса  бұл күні 100 жастағы қадірменді қария болар еді. «Мен алдында Жеңіс парадына  қатысасың дегенге  толық сенбедім, себебі,  біздің әскери шеруге  қатысатын дайындығымыз болған жоқ, бірден алдыңғы шепке, майданға  кіріп кеттік қой. Бізді Мәскеуге жинап, бір ай бойы шеруге  дайындады. Бәріміз үшін жаңа әскери форма тіктірілді.   Күн демей, түн демей, әбден терлеп шаршағанға дейін әскери жаттығулар  жүргіздік»  деп еді Талқа Әуелұлы бір әңгімесінде Жеңіс шеруіне қалай  қатысқанын еске алып.
Талқа Әуелұлы Әйменов, 1922 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Шәуілдір ауданының (қазіргі Отырар ауданы) Шәуілдір ауылында дүниеге келді. Ағамыздың балалық шағы жылылық пен мейірімге толы қарапайым қазақ ауылында өтті. Қарапайым отбасында тәрбиеленіп, еңбексүйгіштік қасиеті бала жастан қалыптасты. Ол соғыс басталатын 1941 жылы Шымкент ауыл шаруашылығы техникумын бітіріп, туған ауданында гидротехник болып еңбек жолын бастады. Сол жылы тамызда Қызыл Армия қатарына шақырылып, Мәскеу маңында саперлер даярлайтын батальонда әскери жаттығуда жүріп, Мәскеуді қорғауға қатысты. 1942 жылы Харьков бағытындағы ұрысқа түсіп, Сталинградты қорғауға, Курск иініндегі сұрапыл шайқасқа, Польшаны, Варшаваны азат етуге, Берлинді алуға қатысты. 1945 жылы Потсдам конференциясы қарсаңында қаланы минадан тазарту  жұмыстарының ортасында жүрді.  Қан майдандағы ерліктері үшін екі рет «Қызыл Жұлдыз», екі рет «Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Маршал Жуков» және басқа медальдармен марапатталды.
Талқа Әуелұлы соғыстан 1946 жылы оралып, Шәуілдір аудандық су шаруашылығы мекемесіне жұмысқа тұрып еңбекке қайта араласты. Ол  аудандық су шаруашылығы бөлімінің бастығы, ұжымшар төрағасы, жылжымалы механикалық колонна бастығы, аудан басшысы,  «Южводстрой» тресінің бастығы қызметтерін атқара жүріп, суармалы егістік көлемін ұлғайтуға барынша күш салды.  Шәуілдір каналын,   Бөген су қоймасын салуға, Шілік алқабын суландыруға қатысты. Арыс, Шәуілдір, Көкмардан каналдарының бойын нуландыруға, қасиетті Арыстанбаб кесенесін жерасты суынан сақтап қалуға басшылық етті. Талқа Әуелұлы 1970-1984 жылдары КСРО Су шаруашылығы министрлігінің «Главриссовхозстрой» одақтық бас басқармасының жетекшісі, ондаған кеңшар мен 5 үлкен құрылыс тресін біріктірген Оңтүстік Қазақстан облыстық өндірістік-құрылыс бірлестігінің төрағасы болып қызмет істеп, дербес зейнеткерлікке шықты. Ол еліміздегі су шаруашылығы мен ауыл шаруашылығының ірі ұйымдастырушыларының бірі болды. Талқа ағамыз басқарған одақтық басқарма республикамыздың оншақты облысында су қоймалары мен каналдар салып, жаңа суармалы  жерлер игеріп, мақта, күріш, көкөніс өсіретін жаңа кеңшарлар ашып,  ауыл шаруашылығының «алтын қоры» болып есептелетін суармалы егіншілікті дамытуға орасан зор үлес қосты. Талқа Әуелұлының  тікелей басшылығымен  Оңтүстік Қазақстан облысында  Арыс–Түркістан, Қызылқұм, Газалкент каналдары, Қарағанды, Павлодар облыстарында Ертіс–Қарағанды каналы, Алматы облысында Дінмұхамед Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналдары салынды. Ал, Алматы облысында күріш өсіретін Ақдала алқабын, Оңтүстік Қазақстан облысында Келес алқабын, Қызылқұм өңірлерін игеруде Талқа Әйменов гидромелиорация саласын жетік білетін терең білімді, іскер, үлкен өндіріс ұйымдастырушы екенін көрсетті. Ол басқарған одақтық «Главриссовхозстрой» бас басқармасы Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Талдықорған, Қарағанды, Павлодар, Қостанай облыстарында отыздан астам гидромелиорация жүйелерін, ондаған кеңшар құрылысын  жүргізді. Соның арқасында  республикада гидромелиорация қарқынды дамып, 200 мыңнан астам гектар суармалы жер игерілді. Күні кеше құлазып жатқан сағымды сары дала тегістеліп, жол, каналдар салынды, электр энергиясы жеткізілді. Кеңшар орталықтары, үйлер, мектептер, ауруханалар, медпункттер бірінен кейін бірі пайдалануға беріліп жатты. Пошта үйі, Мәдениет сарайы, клуб, асхана, әйтеуір халыққа керек нәрсенің барлығы мемлекеттің есебінен жүзеге асырылды. Әрбір үйге ауыз су апарылды, асфальт жолдар салынды. Бір сөзбен айтқанда, әр кеңшар орталығы кішігірім қалашыққа айналды. Қазір бұл өңірлерде мыңдаған тонна күріш, мақта, көкөніс, жеміс-жидек, бақша дақылдары, ет, сүт өнімдері өндіріліп, халқымызды азық-түлікпен қамтамасыз етуде, еліміздің әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің дамуына үлкен септігін тигізуде.
Шымкент облыстық құрылыс өндірістік бірлестігінің бастығы бола жүріп Талқа Әуелұлы Шымкент қаласындағы мәдени құрылыстар – дендросаябақ, ипподром, зообақ, балалар теміржолы, тағы да басқа құрылыстардың бой көтеруіне зор үлес қосты. Талқа Әйменов мелиорация мен су шаруашылығы тұтастай бір буынын тәрбиелеп өсірді. Тәкеңнің тәрбиесін алып, еңбекте шыңдалған кадрлар еліміздің түкпір-түкпірінде гидромелиорация саласын дамытуға өз үлестерін қосып, алды  үлкен абыроймен зейнеткерлікке шықты.
Тәкең ағамыз құшағы кең, кісілігі мен кішілігі тең, жүрегі дархан, көңілінен шуақ шашып тұратын текті азамат болатын. Сөйлесе тереңнен қозғап, ағынан жарылып, ақыл айтса шын пейілімен, жетеңе жеткізіп айтатын, үлкенге кішіпейіл, ініге мейірімді жан еді. Ол ақкөңіл, адамға сенгіш, өсек- аяңмен ісі жоқ, ешкімнің көңілін қалдырмайтын, біреудің алдын кесіп өтпейтін, асып-тасымайтын жан еді. Ол кісіде намысқа тиіп, ашу шақыру, адамдарды алалау деген мүлдем болмайтын. Дәлелді сөзге тоқтап, дәлелсіз сөзге мойнын да бұрмайтын. Талқа ағамыз табиғатынан сезімтал, жаңалыққа жаны құмар, ізденгіш, дарынды, адамгершілік қасиеті жоғары, кез келген нәрсеге балаша қуанатын кісі еді. Қалың ойдың құшағында жүретін ағамыз тереңнен сөз қозғайтын, байыппен, байсалдылықпен елдің, жердің жағдайы, арғы-бергі тарихы туралы қызықты әңгімелердің майын тамызып  айтатын әңгімешіл қасиеті де ерек еді.
Ұлы Отан соғысының ардагері, Жеңіс парадына қатысушы Талқа Әйменовтің Үкімет пен халықтың алдындағы сіңірген еңбегі жоғары бағаланып, екі рет «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен, ауыл шаруашылығын дамытудағы жетістіктері үшін Бүкілодақтық Халық Шаруашылығы Жетістіктері Көрмесінің алтын және күміс медальдарымен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің және Оңтүстік Қазақстан облысының Құрмет грамоталарымен марапатталды. Оған «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген гидротехнигі» атағы берілді. Талқа Әуелұлы ұзақ жылдар бойы облыстық Кеңес депутаты болды. Айта кететін  бір жайт, Талқа ағамызға 1945 жылғы Жеңіс парадынан кейiн де, 1995 және 2005 жылдары  9 мамырда Мәскеудегі Ұлы Отан соғысындағы Жеңiстiң 50 және 55 жылдығына арналған Жеңіс шеруіне екi рет шақыру қағазы келген. Бiрақ, ол екеуiне де денсаулығы болмай бара алмай  қалды.
Талқа Әуелұлы үлкен отбасының басшысы, тәрбиешісі болды. Ол алты ұл-қыз өсіріп, 14 немере, жиырмадан астам  шөбере сүйді. Ұлдарының барлығы да жоғары білімді, ғылым жолын қуған, елге белгілі азаматтар болып өсті. Үлкен ұлы Әнуарбек инженер-гидротехник,  ғылым докторы, академик, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің профессоры, екінші ұлы Жамбыл – инженер-құрылысшы, ғылым докторы, академик, профессор, М.Әуезов атындағы ОҚМУ ғылыми институтының директоры, Темірхан ғылым кандидаты, доцент, Жамбыл облыстық кәсіпкерлер палатасы заң офисінің бастығы, Уәлихан инженер-құрылысшы, Әмірхан – инженер-құрылысшы, техника ғылымының кандидаты, профессор, Ұлттық геодезия карто-графиялық қорының бас директоры.
Еліміздің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан асыл азамат, белгілі мемлекет қайраткері Талқа Әйменовтің атқарған жұмыстары еліміздің қай облысына барсаңыз да алдыңыздан шығады. Ол кісінің басшылығымен салынған су қоймалары мен тораптары, ауыл шаруашылығының «алтын қоры»  болып есептелетін  мыңдаған гектар суармалы жер әлі көптеген жылдар бойы  халық игілігі үшін жұмыс істей береді.

      Қуаныш   АЙТАХАНОВ,
қоғам қайраткері.
Пікір қалдырыңыз