Өткенді мансұқтамайды, жаңаны жатсынбайды

Сексеннің сеңгіріне қол артқан Мүталхан ағаның жүзі аздап тотығыңқырағаны болмаса, әлі тың көрінді. Кең иықты, нар тұлғалы азамат бойын тік ұстайды екен. Жүріс-тұрысы ширақ, сөз саптауы еркін. Туған жер, өскен өлкесін ерекше мақтан тұтатыны байқалды. Әр сөзінен ата қоныс, асыл мекенге деген дархан көңілі мен перзенттік құрметі аңғарылып тұрды.


Балалық шақтың кермек дәмі
Ақсақал балалық шағын еске алғанда, көз алдына ең алдымен таң азанмен жұмысқа кетіп бара жатқан әкесі мен шешесінің елестейтіні бар. Марқұм шешесі Медетқызы Тұрсын колхоздың жұмысы десе емізулі сәбиіне де қарай алмайтын еді ғой. Әкесі Әбілахан соғысқа аттанғанда бұл сегіз айлық сәби екен. Жаумен қиян-кескі шайқастардың бірінде әкесі ауыр жараланып, госпитальда ұзақ емделеді. Ақыры әскерге жарамсыз болып, елге қайтарылады. Соғыс аяқталған жылы қарындасы Базаркүл дүниеге келді. Бұлардан басқа екінші шешесі Төлбасықызы Ұлбөпеден Сейдехан бауыры бар. Бүгінде ол да өз алдына түтін түтетіп, отбасылы болып, өсіп-өніп отыр. Ұлбөпе аналары 100-ге келіп дүние салды.
Мүталхан ағаның көз алдына кермек дәмді балалық шақтың үзік-үзік суреттері жиі келеді. Жадыдан өше бастаса да көкіректе бәрі сайрап тұр. Сондайда ойға оралатыны – колхоздың егістік алқабы. Аяғын ілбіп басқан жуас ат... үстінде жарбиып отырған жасөспірім бала... «окошка» айдау... Содан кейінгі есте қалғаны – Алтынбеков каналы. Кілең жалаңаяқ қарадомалақтар шұбырып, сол оман арыққа суға түседі... Кешке таман жарысып, үйге қайтып келе жатады...
Содан кейінгі ұмытылмастай көңілде қалға-
ны – 1953 жылдың наурыз айы. Қоржын тамда сабақ оқиды, ақ сұрыптан тігіп алған сөмкесі бар. Кітабы да, сия сауыты да бірге салынады. Бұдан соң белгілі ғой, аппақ сұрып бір күн өтпей, ағал-жағал, қара ала, торы ала болып шыға келеді... Сол күндердің бірінде мұғалім сабаққа кірді де даусы дірілдеп, «балалар, ұлы көсем Сталин дүниеден өтті, бүгін сабақ болмайды, үйлеріңе қайта беріңдер» деген. Сыртқа шықса, бірін-бірі құшақтап көріскен жұрт. «Енді не болады, қалай өмір сүреміз, не істейміз?» деп жылағанда, бұлар кішкентай болса да егіліп қоя берген... Кейін ойлап қараса, мұның бәрі адам миын мәжбүрлеп, ұдайы улап отыратын насихаттың ықпалы екен-ау!

Жас дәурен
Әкесі Әбілаханның туған інісі Уәлихан Темірбеков ҚазМУ-дің журналистика бөлімін бітіріп, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде абыройлы қызмет атқарып жүрген кезі. Сол кісімен оқу жайын ақылдасып көріп еді, ол: «Сен, бала, сөзді қой, пединститутқа бар. Қазіргі кезде мұғалімнен қадірлі мамандық жоқ, түсіп кетесің, өзім көмектесемін»  деген. Мүталхан аға институтқа құжаттарын тапсырды да, ешқандай көмексіз-ақ оқуға түсіп кеткен. Институт бітірген соң Отырар ауданындағы «Темір» кеңшарына, қазіргі Шәмші ауылындағы Абай атындағы орта мектебіне мұғалім болып барды. Ал, бір жылдан кейін өз ауылы «Отырарға» ауысып, орта мектептің дене шынықтыру пәнінен сабақ беруге кірісті.
Енді салт бас, сабау қамшы болып жүре бермей, өз алдына отау құрып, шаңырақ көтеретін кез келді. Әке-шешесі бұрыннан құда-жекжат болып араласып қалған, аты ауданға таныс Тәтібай Самыратұлының ажарына ақылы сай Қаршыға атты қызын құп көріп отыр екен. Үлкендердің бұл шешіміне жас жігіт Мүталхан да, қыз да қарсы бола қойған жоқ.
Бір күні Әбілахан ақсақал баласы Мүталханды шақырып алып, «осы сен, мектеп мұғалімі болып қашанғы жүресің? Онан да мына шаруашылыққа қарап, елге пайдасын тигізер дұрыстау мамандықты неге оқып алмайсың?» деп түйіле қараған. Әкесі кезінде колхоз бастығының орынбасары, партком хатшысы болған, ауылдың бар ыстық-суығына көнген нағыз шаруаның адамы еді. Қалай қарсы тұрсын?! Әрі Мүтекеңнің де бір ойы осы болатын. Алматыда тұратын ағасы Жақсылық Темірбековпен сөйлесіп көріп еді, ол зооветинститутқа баруға кеңес берді.
...Институт бітірген соң Мүталхан ағаны жолдамамен Қарағанды қаласы маңындағы «Волын-
ский» мал бордақылау кеңшарына зоотехник етіп жіберді. Қарағандыдан 18 шақырым жерде кеңшардың фермасы бар екен. Жұмысшыларының бәрі орыстар, немістер де аз емес. Сонда бір жылға жуық істеді. Қызметін аға зоотехник етіп көтерді.
Елге келгеннен соң «Арыс» кеңшарының Қарғалы бөлімшесіне зоотехник болып төрт жыл істеген. Қой қырқымы, қой төлдету, мал басын өсіру және басқа да көрсеткіштердің бәрін ойдағыдай орындап жүрді. Соның нәтижесінде бөлімше меңгерушісі, «Ақтөбе» кеңшарының бас зоотехнигі, партком хатшысы  қызметіне жоғарылатты. Аудан басшылары Мүтекеңнің қай іске де жастық жігер, қажыр-қайратпен кірісетін адал еңбегін, өз міндетіне жоғары жауапкершілікпен қарайтынын танып, оны ірі шаруашылық – «Темір» асыл тұқымды қаракөл қой зауытына зоотехник-селекционер етіп тағайындады. Кейін бас зоотехник, 1982 жылдан партком хатшысы болды.

Асқаровпен кездесу
Мүталхан аға облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаровтың кезінде қызмет еткен. Осы бір дара тұлғаны алғашқы көрген кезі әлі есінен кетпейді. Мүтекең ол кезде «Темір» кеңшарының партком хатшысы. Жаз айлары болатын. Шаруашылыққа «Асқаров келеді» деген хабарды естісімен, дереу дайындыққа кірісті. Қасына «рабочкомды» шақырып алып, бір киіз үй әкеліп тіктірген. Қай жерден күтіп алады, қашан шай береді, нені көрсетеді, бәрі ойластырылып қойылған. «Темір» кеңшарының Ақтөбе бөлімшесі аудандағы егін шаруашылығынан жарыстың алдын бермейтін озат ұжым болатын. Шіліктен өтіп, кеңшарға қарай бет алғанда, алдымен, сол бөлімшенің егін суаратын арық-атыздарын көретіні анық. Ауылдың бетке ұстар үлкен кісілерін таңертеңмен сол жерге жинап, қолдарына кетпен, күрек беріп, канал тазалауға жұмылдырған. Қонақтар келетін жолға су сеуіп, сыпыртып, биік бағаналарға партияның ұрандарын ілдіріп, қарсы алу шараларын жасаған. Асанбай Асқаровтың іскерлігі, еңбек адамдарына деген ықылас-пейілі ерекше еді-ау! Оны кейін жиналыстарда сөйлеген кездерінде де талай байқаған. Ол кісі мұндай жиындарда шаруа жайын көп айтпайтын, оның орнына адами сыйластық, елдің тірлігі, халықтың қамы, тұрмыстық ахуал, оны қалай жақсартуға болатыны жайлы сөз қозғайтын.
...Содан көптен күткен обкомның көліктері де көрінген. Жазғы кез, күн ыси бастаған. Топтың алдыңғы сапынан Асқаровты байқады. Басында шляпа. Қасында «Облсельхозтехника» басшысы Құралов деген жігіт және ауданның бірінші хатшысы Ұ.Арғынбеков бар, басқаларын түстеп танымады. Олар бірден атыз басындағы ақсақалдарға беттеді. Жеке-жеке қолын алып, амандасқан соң:  «Оу, мына кісілер жасы келсе де елдің қамы үшін қолдарынан кетпені түспей жүрген азаматтар екен-ау!»  деді. Олар да: «Біз, әйтеуір, мына жүгері жақсы шықсын деп тырбанып жатқанымыз ғой деді.
– «Мына арық дұрыс тазаланбаса, су да жөнді ақпайды, шамамыз келгенше, көмектесіп жүрміз». Асқаров та: «Ой, бұларың жақсы бастама екен!» деп қолдап жатыр. Кейін біртегіс әдемі болып бой көтеріп келе жатқан жүгерінің жанына бастап барып: «Ой, мына жүгерілеріңнің шығымы тамаша ғой!» деп мақтау айтып кеткен. Сол жерде суретке түсіп, егістікті аралады. Киіз үйге бас сұғып, дастарқаннан дәм татты. «Жігіттер, рахмет сіздерге, үлкен дәмге қарамады деп ренжімеңдер, біздің бұдан басқа да баратын жерлеріміз бар» деп орнынан тұрды... Мүтекең шығарып салып, Асекеңнің қасында жүрген. «Жігіттер, жұмыстарың жақсы, ризамын сіздерге. Қашанда жарыс жалауын жоғары ұстай беріңдер!» деп көліктеріне отырған... «Әне, сондай азаматтарды да көзіміз көрді», – дейді Мүтекең.  

Өмір өткелдері
Мүталхан ағаның ел алдындағы абыройы мен беделі осы «Темір» кеңшарында жүргенде ерекше артты. Ол шаруашылықтың қыр-сырын жақсы білетін таптырмас маман ғана емес, көпшілікті келелі іске жұмылдыра білетін ұйымдастырушы ретінде де көзге түсті. Осы мерзімде ол халық депутаттары аудандық атқару комитетінің мүшесі және аудандық партия комитетінің пленум мүшесі болып бірнеше рет сайланды. 1982 жылы облыстық партия комитеті пленумының мүшесі болды. Сол жылы болса керек, Мүтекеңді аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ұланбек Арғынбеков шақырды. Ол кісіні бұрыннан «Темір» асыл тұқымды қаркөл қой зауытында партком хатшысы болып жүрген кезінен жақсы білетін. Мінезі қатал, талапшыл, бір сөзді кісі болатын.
– «Шілік» кеңшарына директор болып барасың ба? – деді ол кабинетіне кірген бойдан.
Күтпеген сұрақ. «Шілік» кішкентай шаруашылық болса да, басшы шақ келмейтін ұжым болатын. Нұри Мұфтах деген журналист келіп, республикалық газетке қирата жазып кеткен. Ол кезде газетке шығу дегенің бар абыройдан айрылғанмен бірдей еді ғой. Қайта-қайта тексерулер келіп, шаруашылық адамдарының әуре-сарсаңға түсіп жатқанын да жақсы білетін.
– Ой, ол жаққа мен бармаймын!.. – деген сөздің аузынан қалай шығып кеткенін Мүтекең байқамай да қалды.
– Не дейт?!
Қараса... Бірінші хатшының қабағы түйіліп, көзі шатынап барады екен.
– Сен өзі партияның солдаты екеніңді білесің бе? Бармасаң, партком хатшысы болып несіне істеп жүрсің? Көп сөзді қой, бұл партияның тапсырмасы, барасың! – деді.
Көп ұзамай Алматыға аттанып, Ауыл шаруашылығы министрлігінен бұйрық алып келген.
Шаруашылық егін егіп, оның өнімін жинап алудан ауданда бірінші орын алды. Дегенмен, мақсат  мал бордақылау ғой. Бұл үшін арнайы кешен салынған, жемшөп цехы жұмыс істейді. Шаруашылықтардағы күйі қашқан ірі қараны емдеп, кәрі қойлар мен арық-тұрық малды жинап, арнайы күтім жасап, семіртіп, етке өткізумен айналысады. Аудан бойынша ет тапсыру жоспары осы кеңшардың мойнында. Ал, олар әрдайым жоспарды артығымен орындап отырды.
Сонымен, 1992 жыл да келді. Қоғамда небір өзгерістер болып жатты. Құдіреті күшті коммунистік партияның бағы тайып, біртұтас Кеңестер Одағы атты алып мемлекет орнына жеке мемлекеттер пайда болды. Аупарткомның орнын «аудан әкімі» деген қызмет басқан.  Мүталхан ағаның «Шілік» кеңшарын басқарғанына жеті жылдай болған. Ердің жасы елуге енді толып, нағыз күш-қайраты мығым кезінде ауданға жаңадан келген басшы «Мүтеке, шаруашылық басқарып шаршаған шығарсыз, енді басқа жұмысқа ауысасыз» деген. Қарсылық танытқан жоқ, көп ұзамай «Арыс» кеңшарына қайта барып, директордың мал азығын дайындау жөніндегі орынбасары, кейін кеңшар жұмысшылары комитетінің төрағасы болып қызмет етті. Одан бөлімше басқарушысы болып, колхоз, совхоздар тарағанша қызмет істеген. Бұдан соң мектепке қайта оралып, сабақ берген. Зейнеткерлікке сол жерден шықты.

Өмір іздері
Мүтекең зейнеткерлікке шыққаннан  кейін шаруа қожалығын ашқан. Ол кезде марқұм әкесі Әбілахан тірі. Сол кісінің идеясы ғой о баста кәсіпкерлікке бет бұрғаны. Әкесі марқұм заман ағымын, уақыт талабын айрықша түсінетін жан еді. Колхоз, совхоздар тарап, жұрттың бәрі жекешелендіруге бой ұрып жатқанда, бұлар да 20 гектар суармалы жер, 100 гектар шабындық жер алған. Жерді игеру үшін бүкіл отбасы болып жабылып, жүгері, мақта және басқа да дақылдар екті. Ал, жаз айларында  жұмыс қолы жетіспей жатады. Сондай кезде маусымдық науқандарға ауыл адамдарын тартатын.
Құдайға шүкір, еңбегі жемісті болды. Толымды табыстары үшін қайсыбір жылдары Отырар ауданының «Озат жүгерішісі», «Озат мақташысы» атанды. Ауданның қоғамдық жұмыстарына да белсене араласып, жастар тәрбиесіне үлес қосты. Сол үшін де Отырар ауданындағы «Үздік ауыл биі» атағына ие болды. Мүталхан Әбілахановтың ағайын-туыстар арасында да беделі артып, «қазыналы қарияға» айналып отыр. Ол Маяқұм ауылында «Қасай ата» кесенесін тұрғызуға бастамашы болды. Осылайша ата-баба әруағын сыйлау, халықтық салт-сана мен әдет-ғұрпын сақтау, туған жердің қадірін ұғынудың үлгісін танытып келеді.
2015 жылы шаруа қожалығын кенже ұлына өткізіп, Шәуілдірден Шымкент қаласына көшіп келген. Қаланың Тассай ауылдық округінен жер алып, үй салған. Бұл жер қаланың Қаратау ауданына қарайды. Қалаға көшіп келгеннен кейін де Мүтекең қоғамдық жұмыстан қол үзген емес. Аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі. Қалалық ардагерлер кеңесі ұйымдастырған «Үлгілі отбасы» конкурсына, «Алтын шаңырақ» облыстық байқауына қатысып, жүлделі орындарды жеңіп алды. Осындай белсенділігі үшін ол облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасымен марапатталды, Шымкент қаласының әкімі М.Әйтеновтің Алғыс хатын алды. Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы, 30 жылдығы құрметіне шығарылған мерекелік медальдерін, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалін кеудесіне тақты. Отырар ауданының құрметті азаматы. Бүгінде жұбайы Қаршыға апай екеуі сегіз ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан 32 немере, 13 шөбере сүйіп, бақытты ата-әже болып отыр. Үлкен қызы Баян – Отырар ауданы мәдениет бөлімінде бас есепші, үлкен ұлы Нұржан – Отырар аудандық салық комитетін басқарады, Айгүлі Қазығұрт ауданында ұстаз, Айнұр – Шымкент пединститутында оқытушы, Гүлнәр – балабақша меңгерушісі, ұлдары  Серік пен Мұхтар – кәсіпкер, кенже қызы Сымбат колледжде қызмет атқарады.
Мүталхан аға ауылға жиі барып тұрады. Сондайда туған жердің киелі топырағына табаны тигенде жүрек шіркін шымырлап қоя береді... Ауыл да, ел де танымастай өзгерген. Сонда да ыстық, сонда да жақын... Өйткені, оның әр төбесінде өмір іздері сайрап жатыр ғой...

Суханберді ОРАЗАЛЫҰЛЫ.

Пікір қалдырыңыз