Жаманды жақтырмайтын, жақсыны жатсынбайтын

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Ońtústik Qazaqstan».

Облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетіне қатардағы тілші болып орналасқаныма бір ай толмай жатып, редакторымыз Абай аға Балажан Қазығұрт ауданына іссапарға баратынымды ескертті. Абдырап қалдым. Өйткені, іссапар түгілі, ұжым мүшелерімен де етене танысып үлгермеген едім. Абдырап қалғанымды сезді білем:
– Жаныңда Жеңіс Баһадүр ағаң бар, өзі сол ауданның тумасы. Тапсырып қойдым. Газеттің таралым жұмысына араласып, ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігі жайында оқылымды дүние әзірлеп кел, – деп редакторым қысқа қайырды.Газетке әлі жөні түзу мақалам шыға қоймаған маған бұл бір үлкен сынақтай көрінді. Сөйтіп, Жеңіс аға екеуміз ертеңіне Қазығұртқа жолға шықтық. Бұл 2015 жылдың маусым айы болатын. Аласа бойлы, ақсары өңді жігіт ағасымен әңгімеміз бірден жараса кетті. Жәкеңмен алғаш танысқаным, іссапарға да алғаш қадам басқаным осы жолы болатын. Кешке дейін аудан орталығын емін-еркін араладық. Қай жерге бармайық, «о, Жеңкең келіп қалыпты ғой!» деп ауыл азаматтары құрақ ұшып, қарсы алып жатты.
Жұмысқа келісімен мақаланың нобайын қағазға түсірдім. Астына екеуміздің аты-жөнімізді тіркеп қойғанымды көргенде:
– Болмайды, өзіңнің атыңмен шығар, бұл сенің іссапардан жазылған алғашқы мақалаң емес пе? – деп, өзінің аты-жөнін өшіртіп тастады. Іссапар нәтижесіндегі алғашқы мақалам осылай Жеңіс ағамның қамқорлығымен, көмегімен жазылған еді. Біздің осы таныстығымыз келе-келе сыйластығы мол ағалы-інілі әріптестікке ұласты. Ол кісі зейнеткерлікке шыққанша, бір терінің пұшпағын бірге илестік.
Келесі жылы Солтүстік Қазақстан облысына жолым түсті. Облыстық ішкі саясат басқармасы оңтүстіктен барған ағайындардың тыныс-тіршілігі жайында көлемді мақала жазып келуімді тапсырды. Жаңа жерде еңбек көрігін қыздырып, қора-жай салып, егін егіп жатқан жерлестерімнің тірлігін көргенде, көңілім көкке бір елі жетпей қалды. Қайтар күні ретін тауып, облыстық «Солтүстік Қазақстан» газетінің редакциясына соқтым. Газет басшысы Жарасбай Сүлейменов ағамыз жылы шыраймен қарсы алып, газеттің өткені мен бүгінгісінен мол мағлұмат берді. Әсіресе, бір кездері сол газетте қатар еңбек еткен Жеңіс ағамды қайта-қайта сұрап, сол бір сағынышқа толы жылдарға сапарлап та қайтты. Кетерімде қолыма газеттің 90 жылдығына орай шығарылған төрт кітапты ұстатып, Жеңіс ағама табыстауымды өтінді. Елге келген соң аманатты ағамның қолына ұстаттым. Ой, Жеңіс ағамның сондағы қуанғанын көрсеңіз! Солтүстікте өткен сол бір шуақты жылдарын қайта-қайта есіне алып, біразға дейін соның әсерінен шыға алмай жүрді.
Жеңіс Баһадүр ағамыз 1952 жылы Қазығұрт ауданының Қаржан ауылында дүниеге келген. 1977 жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетін тәмамдап, 1983 жылға дейін Солтүстік Қазақстан облыстық «Ленин туы» (қазіргі «Солтүстік Қазақстан» газетінде қатардағы тілші, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды. Баспасөзде қырық жылдан аса еңбек етсе, сол жылдардың денін «Оңтүстік Қазақстан» газетінде өткізді. Газетте Жеңіс ағамен бірге қызмет еткен әріптестерінің қай-қайсысы болмасын ең алдымен ол кісінің адалдығын, қарапайымдылығын тілге тиек етеді. Оны алғашқы келген жылдары өзіміз де байқадық. Ағамыз үлкен қара сөмкесін қолтықтап, дәлізді бойлап, ойға шомып кабинетіне кіріп бара жатады. Кірісімен үстел үстіндегі қағаздарын реттеп, жазуға кіріседі. Ойы ұшқыр, қаламы жүйрік ағамыз мақаласын да шапшаң жазатын. Ал, ертеңіне газетке басылған мақаласын әріптестері таласа-тармаса оқып, лайықты бағасын беріп жатады. Оған ағамыз кеуде көтермейтін. Қара сөмкесін қолтықтап алып, келесі мақаланың нобайын түзіп, асықпай кетіп бара жатады.
Жеңіс ағамыз қарымды журналист қана емес, қазақ прозасында өзіндік қолтаңбасы бар, оқырманын қалыптастырған жазушы да болатын. Бірақ, неге екенін қайдам, өзі еңбек етіп жатқан газетке көркем шығармаларын тықпалаған емес. Өз басым газет бетінен бірлі-жарым ғана әңгімелерін оқыдым. Ағамыздан осы жайында сұрай қалғанымда: «Оңтүстікте» менсіз де жазушылар жеткілікті емес пе!» деп сөзінің аяғын әзілге саятын. Есесіне ол кісінің әңгімелері «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», «Жұлдыз», «Жалын» сияқты республикалық газет-журналдарда бұрқырап шығып жататын. Жазушының «Қос қайың», «Қайта оралған аққулар», «Мөлдір тамшылар» атты прозалық жинақтары оқырмандардан лайықты бағасын алды.
Осы мақаланы жазарда жазушының шоқтығы биік бір-екі туындысын тағы бір шолып шықтым. Қай шығармасын оқысаңыз да, туған жерге, анаға, перзентке деген жазушының іңкәр сезімі жан дүниеңді бірден баурап алады. «Кіреуке» деп аталатын әңгімесі «Қақ-соқпен шаруасы жоқ, ылдым-жылдымнан ада, мінезі томаға-тұйық, бірқалыпты сартап мінезді жігіттің бұрын-соңды өзі түгіл атасы істемеген аспазшылық кәсіпке күтпеген жерден ден қойғанымен» елең еткізсе, «Үңгірден шыққан адамында» бүгінгі жылпостардың шынайы бейнесі көз алдыңа келеді. Жазушы әрбір кейіпкерінің қимыл-қозғалысын бақылап, оның мінез-құлқындағы құбылыстарды қалт жібермеуге тырысады.
Бес күндік мына жалған өмірге кім келіп, кім кетпеген?! Әйтпесе, күні кешеге дейін ортамызда жүрген Сәділ Кәдеев, Қасымбек Нұрбеков, Қалампыр Дүзбасова, Өтепберген Есенбаев, Әлмахан Исақов, Үмітхан Алтаева, Ертай Бекқұл, Алмас Ақылбек сынды әріптестеріміз қайда кетті? Солардың соңынан ілесе аттанып, бәріміз «Жеңіс ағай!» деп еркелеп жүретін Жеңіс Баһадүрұлының да дүниеден озғанына міне, жыл аунап түсіпті.
Ағамыз Бикамал жеңгей екеуі ұл-қыз тәрбиелеп, олардан алтын асықтай төрт немере сүйді. Мына фәни жалғанда 68 жыл ғұмыр кешіп, ел-жұртына мол рухани азық қалдырып, артын қара орманға айналдырып кеткен әз ағамыздың топырағы торқа болсын дейміз.

***
Жазушы, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жеңіс Баһадүрдің жылдық асы 12 мамыр күні, сағат 12.00-де (11 мамыр – қонақасы өз үйінде) «Шымкент холл» мейрамханасында берілетінін еске саламыз. Қаламгердің көзін көрген замандастарын, сыйлас әріптестерін Құран ішінде болуға шақырамыз.


Пікір қалдырыңыз