Қымбатшылықтың себебі — сырттан келетін бөлшектер

Елімізде құрастырылған жеңіл көлік бағасының қымбаттауына шетелден келетін қосалқы бөлшектер себеп болып отыр екен. Мұны Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтты. Оның айтуынша, биылдан бастап әрбір көлік құрастыратын компанияға арнайы бағдарлама бекітілген. Бағдарламалар аясында қосалқы бөлшектердің қай уақытта өз елімізде өндірілетіні анықталыпты.
– Өкінішке қарай, оны тез арада алмастыру мүмкін емес. Өзіміз шығаратын әрбір қосалқы бөлшекке шетелдік зауыттан сертификат алуымыз керек. Мысалы, Hyundai көлігіне салынатын бөлшекті шығаратын болсақ, онда «сіздердің көліктеріңізге өз бөлшектерімізді салуға бола ма?» деп рұқсат алуымыз керек. Ал, оған ұзақ уақыт кетеді. Яғни мәселе қолымыздан келмегеннен емес, тіркеу рәсімдері ұзаққа созылып жатқандығында, – деді министр.
Сонымен қатар, министр бағасы 10 миллион теңгеге дейінгі отандық көліктерді сатып алуға 4 пайыздық үстемеақымен несие берілетіндігі жөнінде де айтты. Және ресейліктердің қазақстандық көліктерді жаппай сатып алып жатқанына байланысты «оларға да несие жеңілдікпен берілуі мүмкін бе?» деген сұраққа да жауап берді.
Ең алдымен біз тек қазақстандықтарға ғана кредит береміз. Шетелдіктерге кредит берейік деп отырғанымыз жоқ, – деді ол.





Пікір қалдырыңыз