Әйелдерге арналған белдік

Қазақ халқының қолөнері ғасырлар бойы қалыптасып, дамыған. Ерекше шеберлік пен ептілікті қажет ететін қолөнер атадан балаға мирас болып, бүгінгі күнге дейін жетті десек қателеспейміз. Қолдан жасалған дүниелердің ішінде белдіктердің түрлері мен пішіндері ерекше көңіл аудартады. Әсіресе, әйел адамдарға арналған белдіктерге тағылған әшекей бұйымдардың орналасуы мен арақашықтығының қатаң сақталынуы таң қалдырады.   
Сіздер көріп отырған суретте әйелдерге арналған белдік бейнеленген. Ол – облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында сақтаулы тұрған жәдігерлердің бірі. Мұражай қызметкерлерінің айтуынша, мұны ХІХ ғасырда өмір сүрген әйелдер қолданған. Белдіктің ұзындығы – 95,5, ал, ені 7,5 сантиметрді құрайды. 
Оған қара түсті масаты мата пайдаланылған. Матаға екі жебенің ұшы мен үстіне түрлі әсем гүлдер оймышталған сегіз шытыра тағылған. Екі шеті ілгекпен бекітіледі екен. Сапалы күмістен жасалғаны көрініп-ақ тұр. Салмағы 603,62 грамды құрайды.
Қазақ халқының әрбір ұлттық киімінің өз атауы, ерекше қызметі бар екені белгілі. Күнделікті тұрмыста қолданылған мұндай белдіктерді тағу қазір сәнге айналған.

Д.ТОЙЛЫБАЙҚЫЗЫ.
Пікір қалдырыңыз