ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНЕ АЙРЫҚША ӘР БЕРМЕК

Елімізде жазушылардың қаламын ұштап, шабытын шарықтатуға себепші болатын тың бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Сондай ерекше жобалардың бірі жуырда бастау алмақ. Анығын айтсақ, әдебиет саласында бірегей сыйлықақы бекітіліп, ол байқаудың жеңімпазы өмір бойы ай сайын 500 доллар көлемінде рента алып отыратын болып бекітілді. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар, шашасына шаң жұқтырмас үздікті анықтау үшін MECENAT.KZ атты портал еліміздегі жазушылардың Қазақстан туралы ең үздік көркем шығарма-роман жұмыстарын жинақтап жатыр.



Азаматтық сипатқа негізделген бұл байқаудың нысанасы - отандастарымызды қасиетті Отан ұғымының аясына біріктіру екен. Сосын, жеңімпаз атанған шығарманың ағылшын тіліне аударылып баслатыны тағы бар. Бұл – қаламгер мен оқырманның талғамын өсіретіні айқын емес пе?!



Үздікті анықтайтын әділ қазылар алқасында отырғандардың туыс-тумалары бұл жүлдеге таласа алмайтыны да бір ерекшелік. Бұл "бармақ басты, көз қысты" әрекетке жол берілмейтіндігінің дәлелі. Ал, сыбайластық жоқ жерде таза бәсекелестік орын алатыны белгілі емес пе? Өз басым соқпағы бөлек бұл байқауға көңілім толып отыр. Өйткені, қазақ жазушылары осындай қолдауға лайық! Бұл жоба қазақ әдебиетіне айрықша әр береріне сенемін!



Құлбек ЕГРӨБЕК,

Жазушы, әдебиет зерттеушісі, филология ғылымының докторы, профессор.

Пікір қалдырыңыз